Accessibility links

Әзірбайжан елінде су тасу — тек әйелдердің мойнындағы міндет


Су құйылған күбілер жанында тұрған әзірбайжандық әйел.
Су құйылған күбілер жанында тұрған әзірбайжандық әйел.

Әзірбайжанның шеткі аймақтарында тұратындардың тыныс-тіршілігі Бакудегі сән-салтанатқа мүлде ұқсамайды. Мұны тіпті өмір деп айтудың өзі қиын. Кісіні қалжыратып, сілесін қатыратын күйкі тірлік қана.


ҒАСЫР ТОҚТАП ҚАЛҒАНДАЙ

Әзірбайжан президенті Илхам Әлиевтің жұбайы мен қыздары энергетикалық қорға аса бай Каспий жағалауындағы осынау мемлекетте құдыреті күшті әйелдердің қандай болатынын паш етіп келеді.

Алайда Бакуден небәрі жүздеген шақырымдағы Орталық Әзірбайжан ауылдарында тұратын әйелдер өмірі мүлде өзгеше. Үй жұмысы мен бала қарау секілді дәстүрлі міндеттерге қоса егіс алқабында жұмыс істеп, алыстағы бұлақтан үйге су тасу секілді ауыр бейнет те әйел
Су көтеріп келе жатқан әйел. Баку, 4 желтоқсан 2008 жыл.
мойнында.

Ауылды жердегі көптеген әзірбайжан әйелдерінің күнделікті күйбең тірлігі таңның атысынан күннің батысына дейін толастамайды. Демалуға мұрша жоқ. Әуелі егіс алқабына бару керек, одан соң үйге келіп, қос шелекті алып, алыстағы суға бару тиіс.

«Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының тілшісі барған Орталық Әзірбайжанның Бардинский ауданындағы көп елді мекендердің бірі Селебилер ауылында су да, газ да жоқ. Суды қолмен таситын әйелдер кірді де қолмен жуады.

Онан қалса бала қарау керек. Әйел қолын ұзартар балабақша мұнда атымен жоқ. Жайлы тұрмыс туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Демалу немесе теледидар қарау – олардың түсіне де кірмейді. Толайым мойнына жүктелген үй жұмыстарынан өзге олар егіс алқабында да ер адамдардан артық болмаса аз жұмыс істемейді.

Шығандағы бұлақтан су әкеле жатқан әйелге шай ішіп, домино ойнап отырған еркектер көздерінің астымен сүзіле қарайды. Тіпті әйелінің
Басына жаулық салған әйелдер. Нардаран қаласы, Әзірбайжан.
белі қайысып кетсе де күйеуі қол ұшын созбайды. Дәстүр солай. Бұл – тек әйелдің ғана шаруасы.

Ер адамдарға су тасу – ұят саналады. Алда-жалда әйеліне жәрдемдескісі келген еркектердің өзі оны да өзгелерден жасырын, күн батып, жұрт ұйықтағанда жасайды.

ӘЗІРБАЙЖАНДАҒЫ ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚ

Мұның бәрі басқа емес, газ бен мұнайға белшеден батқан, соның арқасында жылдам дамып келе жатыр делінетін бұрын Совет одағының құрамына енген елде болып жатыр. Кейбір ақпараттарға қарағанда, Әзірбайжанда 20 миллиард доллардан астам қаржы қоры бар.

Президент Илхам Әлиев осынау байлықты суы да жоқ, газы да жоқ, әлі күнге ағаш отын пайдаланатын Бардинский секілді аудандардың инфрақұрылымын жақсартып, экономикасын жан-жақты дамытуға жұмсаймын деп ант берген еді.

Әзірбайжан әйелдерінің құқығы еркектермен тең. Сөз жүзінде. Алайда кедейшілік жайлап, өзге әлемнен оқшау жерлерде дәстүрге бойұсынған әйелдерге қатысты гендерлік кемсітушілік көзге ұрып тұр.

Тіпті, алыстағы ауылдар ғана емес Бакудің өзінде де әйелдер жайы мәз емес. 2013 жылы күйеуінің екінші мерзімі аяқталғаннан кейін
Президент Илхам Әлиевтің қыздары – Арзу (сол жақта) мен Лейла Мәскеудегі қымбат қонақ үйлердің бірінің мейрамханасында. 20 желтоқсан 2007 жыл.
президент сайлауына қатысамын деп құлшынып отырған Мехрибан Әлиева секілді ықпалды әйелдерді саусақпен санап алуға болады.

Жиырмадан енді ғана асқан президенттің қыздары Арзу мен Лейланың құны 75 миллион доллардан асатын жылжымайтын мүліктері мен корпорациялары бар.

Алайда мұндай сән-салтанаттың Орталық Әзірбайжандағы Селебилер секілді ауылдарға қатысы шамалы. Мұндағы әйелдердің жергілікті саяси өмірге араласып, жағдайларын ептеп болса да түзетіп алуға да мүмкіндігі болмайды. Әйелдер мәселесін шешу үшін жергілікті тәуелсіз ұйымдар Селебилер секілді ауылдарда белгілі бір бағдарламаларды жүзеге асыруға талпынуда. Бірақ жалпы жұртшылықтың ынтасы болмаған соң бұл да жылжыр емес.

Ауыл әйелдері мен қыздары оқу-тоқумен айналысуға да шамасы жоқ. Мектептер болса жыл сайын қысқарып барады. Қыздардың көпшілігі оқуды ерте тастап, күйеуге шығуға, сөйтіп ауыр жұмысқа жегілуге мәжбүр. Олардың ата-аналары да жұмыстан бел жаза алмайды.

«Балам мектептегі оқуын әрі қарай жалғастырсын» деп талап ететін ата-ана сирек. Соның салдарынан бұл өңірде жаппай сауатсыздық белең алып барады.
XS
SM
MD
LG