Accessibility links

Тәжікстан Қазақстанның электр энергиясын келісімсіз алғаны үшін Астана Қырғызстанды «жазалады»


Орталық Азияда энергетикалық дағдарыс белең алып келеді. Қазақстан аймақтың бірлескен энергожүйесінен шықты, ал Қырғызстан мен Тәжікстанның тұрғындары жарықсыз тұруға үйренуде.

Өткен бейсенбіде, Қазақстан Орталық Азия энергетика жүйесінен шығатынын мәлімдеп, көрші мемлекеттерге электр энергиясын беруді тоқтатты. Бұл қадамның салдарын Қырғызстан тұрғындары сезіне бастады. Олар үшін электр энергиясын сағаттап сөндіріп тастау үйреншікті жайға айналған. Электр энергиясының тапшылығы аймақтағы барлық елдерде байқалып отыр. Америкалық Business Week апталығында жарияланған Associated Press агенттігінің репортажында кейбір мәселелер жан-жақты айтылған.

Қазақстан Бірлескен энергетика жүйесінен шығуға мәжбүр болған бұл қадамын, Тәжікстанның пайдалану нормативінен асып кетуімен түсіндірді. Бұл Қазақстанның өзінде электр энергиясын пайдалануға қатысты проблемаларға алып келуі мүмкін еді.

«26 ақпаннан бастап тәжік мемлекеттік энергетика компаниясы жоспардан тыс 84 миллион киловатт-сағат электр энергиясын алып қойды», - дейді Қазақстанның электр тарату жөніндегі KEGOC мемлекеттік компаниясы.

Өз кезегінде қырғыз энергетика желілерінің өкілі Ульяна Коновалова: «Қырғызстандағы ішкі желілерге шамадан тыс күш түсірмес үшін, ел астанасы Бішкекті қоса алғанда, елдің солтүстік аймақтарына энергия беруді шектеуге тура келеді», - дейді.

«Совет кезеңінде салынған электр желілері соңғы кездері тоза бастағандықтан, ресурстарды таратудағы үйлестірудің жоқтығы Орталық Азиядағы бес ел үшін бас ауруына айналды. Ал, энергияны өндіру мен тарату жөніндегі инфрақұрылымдар жарамсыз болуда», - делінген Associated Press тілшісінің саладағы жағдайға қатысты мақаласында.

Орталық Азия елдеріндегі энергетикалық проблемалар экономикалық дағдарысты шиеленістіріп қана қоймай, әлеуметтік-саяси проблемаларға да алып келуі мүмкін. Кішкентай ғана Қырғызстанның өзінде электр энергиясының жиі сөндірілуі қоғамдық наразылықты туғызуда: «қырғыз оппозиционерлері, әсіресе қыс мезгілінде ауырлық әкеліп отырған энергетика саласының құлдырауына ел үкіметінің жемқорлыққа батуы себеп болды деп есептейді».

Өткен жылғы қақаған қыс үкіметті қосымша электр энергиясын өндіруге мәжбүрледі. Бұның өзі елдегі электр энергиясының 40 пайызын өндіретін су электр стансаларында су деңгейінің қауіпті шекке дейін төмендеуіне әкелді. Қырғызстанның ішкі мұқтаждығын электр энергиясымен қамту көп жағдайда гидроэнергетикаға тәуелді.

Әзірге, жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында, Қырғызстанның энергетикалық проблемаларын шешудің ауылы алыстау сияқты. Манас әуежайындағы америкалық әскери базаны жабуға айырбас ретінде ел президенті Құрманбек Бакиев Ресейден екі миллиардтық несие алды. Дәл осы кезде ел қазынаны толтыратын басқа бір көзден айрылды: «Базаны жапқан жағдайда Бішкек 150 миллион доллардай жалға беру ақысынан және Вашингтоннан келетін басқа да төлемдерден қағылады. Олардың жалпы сомасы қырғыз ішкі жалпы өнімінің 2 пайызы шамасында».

Тәжікстандағы жағдай да алаңдарлық күйде. Мұнда энергияны жаппай сөндіру Қазақстанның Орталық Азия энергожүйесінен шығуынан көп бұрын басталған: «Ел астанасы Душанбеде электр энергиясы тәулігіне 11 сағат қана беріледі. Ал, аймақтарда төрт сағатпен ғана шектелген. «Барки Тоджик» мемлекеттік энергетика компаниясының айтуынша, энергетикалық дағдарысқа байланысты елдің кейбір аудандарына энергия беру мүлдем тоқтатылған».

Тәжікстан, өткен жылдың қазан айында, Түркменстанмен 2012 жылға дейін жылына 1,2 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын алу туралы келісімге келген. Тәжікстан проблеманы шешу үшін осы келісімге үміт артып отырған. Алайда, қаңтар айында Тәжікстан бұл энергияны Өзбекстан арқылы өткізуге келісе алмағандықтан, аталған келісім жүзеге аспай қалды.

Бішкектің «Моя столица» газетінің айтуынша, Қырғызстанға ауыр тиіп отырған бұл қадамға Қазақстан жетіскеннен барып отырған жоқ. Басылымның жазуынша, бүкіл ақпан айы бойы Тәжікстан Қазақстанның энергожүйесінен электр энергиясын оның келісімінсіз алып отырған. Бұған қоса, Тәжікстанның кесірінен Қырғызстанның өзінде электр энергиясы бірнеше мәрте сөндірілген: «Мәселен, өткен дүйсенбіде, тәжік энергожүйесінде қуаттың шамадан тыс көбеюінен, Орталық Азия Бірлескен жүйесін ТМД-ның Біртұтас энергожүйесімен байланыстыратын 530-шы желі істен шыққан – жиілік нормадан төмендегенде оған түсетін күшті жеңілдететін автоматты тетігі іске қосылған».

Әзірге, өздерінің барлық міндеттемелерін орындап отырған қырғыз энергетиктері электр энергиясын беруге сағат 18.00-ден 22.00-ге дейін қосымша шектеу қоюға мәжбүр болып отыр. Соңғы хабарларға қарағанда, Қазақстан энергиясын беру туралы шешім мен аймақтың Бірлескен энергожүйесінің қызметін қалпына келтіру биылғы жылдың 15 сәуіріне дейін жүзеге асады деп күтілуде.
XS
SM
MD
LG