Accessibility links

Орта Азия елдері үшін арзан табиғи газдың дәуірі өтiп барады


Газ тапшылығынан қара шәйнек ошаққа қайта қонды
Газ тапшылығынан қара шәйнек ошаққа қайта қонды

Ресми Ташкент көрші Тәжікстан мен Қырғызстанға сататын табиғи газының бағасын күрт көтерді. Аталған екі ел әлі де болса өзбек газына тәуелді болса да, Душанбе мен Бішкек газ бағасының тым қымбаттап кетуіне қарсылық танытуда.

Ташкент тағайындаған жаңа бағаның ішкі тұтынушыларына тым қымбат болатынын білсе де, бұрынғыдай арзан газдың заманы өткенін екі ел де амалсыз мойындайды. Мойындамасқа амал жоқ: Өзбекстан өзінің көгілдір отынын Ресей мен Қытай сынды бай елдерге де сатуға жан салып жатыр. Ал олар болса өзбек газын қымбатқа сатып алуға әзір көрінеді.

Өзбекстан көрші Қырғызстан мен Тәжікстанға сататын әрбір мың текше метр газының бағасын бірден 240 долларға дейін көтерді. Ресми Ташкенттің мәлімдеуінше, газдың өткен жылғы 145 доллар бағасы өзінің нарықтық бағасына мүлде лайық болмаған.

Бішкекте тұратын сарапшы Сулосын Тоқтосунованың атап көрсетуінше, табиғи газды жаңа бағасымен сатып алуға қырғыз отбасыларының басым көпшілігінің қалтасы көтермейді:

- Газдың жаңа бағасы бұқара халықтың тұрмыс-тіршілігіне ауыр соққы болып тиеді. Осы тұрғыдан келгенде біз, бәлкім, 2009 жылы қиын жағдайға тап болатын шығармыз. Өткен жылы жұрттың көпшілігі газды бұрынғы арзан бағасымен де сатып алуға шамасы болмады. Олар тұтынған газы үшін қарыз болып қалды. Олар енді жаңа бағамен қалай күн көреді?

Ал Тәжікстан болса ауыр энергетикалық дағдарыстың табалдырығында тұр. Өзбекстан көрші тәжік елінің 2008 жылы алған газы үшін шамамен 12 млн. долларды құрайтын берешегін өтей алмағаны үшін, Жаңа жылдан бастап Тәжікстанға беретін газын қысқартты.

Өзбек үкіметінің газ бағасын күрт көтеруіне қанша наразы болғанымен де, ресми Бішкек пен Душанбенің қолдан келер амалы жоқ. Өйткені, арзан көгілдір отынның заманы өтті-кетті деп есептеп, өзінің табиғи газын мейлінше қымбатқа сатуды көздеген ресми Ташкент, екі көршісінің сыртында, басқа бай тұтынушы елдермен ортақ тіл табысуға талпынып отыр.

Шамамен 1.87 трлн. текше метр газ қоры бар деп есептелетін Өзбекстан – бұрынғы Совет республикалырының ішінен табиғи газға бай елдердің бірі болып табылады.

Ал Ресей мен Қытай өзбек газының импортын ұлғайтуға әзір отырғанға ұқсайды. Оның ішінде әсіресе Ресей өзбек газын сатып алуға ниет білдіріп отыр. Хабарға қарағанда, Ресейдің мемлекет меншігіндегі газ монополисі – "Газпром" өзбек газының әр 1 мың текше метрін 300 доллардан сатып алуға дайын көрінеді.

Ресейдің өзге мұнай-газ компаниясы "Лукойл" 2015 жылға дейін Өзбекстанның жаңа газ жобаларына 5.5 млрд. доллар инвестиция жұмсауға әзір екенін мәлімдеді. Онымен қатар Өзбекстан Қытайға қарай құбыр тартуға келісті.

Міне сол себепті де Қырғызстан мен Тәжікстанның ресми өкілдері мен сарапшылары энергия қуатын өндірудің ішкі көздерін қарастырудың уақыты келді деп санайды. Бұл, олардың көзқарасы бойынша, бағасы барған сайын қымбаттай беретін көрші Өзбекстанның газына деген тәуелділіктен құтылудың жалғыз жолы. Азаттық радиосына берген сұхбатында тәжік парламентінің депутаты Шоди Шабдолов былай деп мәлімдейді.

- “Ендігі жерде біз өзіміздің қуат көздерімізді зерттеп көруге тиіспіз. Тәжікстанның электр қуатын өндіретін зор мүмкіндігі бар. Елдің шамамен 5 млрд. тоннаға жуық жоғары сапалы көмір қоры бар. Еліміздің ішкі сұранысын қанағаттандыру үшін біздің жеткілікті табиғи газ қорымыз бар. Үкімет осы салаларға шетелдік инвестицияларды тартуға ұмтылуы керек”.

Шоди Шабдолов, сонымен қатар, “Өзбекстанның газ бағасын көтеруінде жатқан қисынсыз ештеңе жоқ. Өйткені нарық экономикасының заңдылығы солай. “советтік ағайынаралық ынтымақтастық” заманы келмеске кетті” деген ойын қосты.

Орта Азияның өзге республикаларына қарағанда, Тәжікстан мен Қырғызстанның мол мұнай немесе газ көздері жоқ. Бірақ, сонымен бірге, таулы өздендері көп екі республиканың су-электр қуатын мол өндіріп, көршілеріне экспорттай алатын мүмкіндігі де аз емес.

Бір Тәжікстанның ғана жылына 300 млрд. киловатт/сағат электр қуатын өндіретін шамасы бар. Тәжікстан – су-электр қуатын өндіру әлеуеті жағынан бүкіл Орта Азиядағы ең ірі ел болып табылады.

Алайда, ең қызығы, осындай зор мүмкіндіктеріне қарамастан, 2 республика да электр қуатының жетіспеуінен зардап шегіп келеді, қақаған қыс айларында үй шаруашылықтарына электр қуаты бірнеше сағат қана беріледі.

Тәжікстан өзінің шығыс облыстарындағы көптеген су-электр стансасының, оның ішінде әсіресе Рогун және Сангтуда сынды ірі-ірі су-электр бекеттерінің құрылыстарын аяқтауға асықпай келді. Ал Қырғызстан Нарын өзенінің бойындағы Қамбарата-1, Қамбарата-2 стансаларының құрылысын ертерек аяқтап, энергетика проблемасын шешіп алуға үміт артып отыр.

Қырғызстан президенті Құрманбек Бәкиев осы айда ресми сапармен Мәскеуге баруға тиіс. Оның кеңсесі хабарлағандай, Ресейдің Қырғызстанға бөлуге уәде берген 2 млрд. доллар несиесі - Мәскеудегі екіжақты келіссөздің күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе болып отыр.

Қырғыз үкіметі ресейлік несиенің басым бөлігін су-электр стансалары жобасына жұмсауды көздеп отыр.
XS
SM
MD
LG