Accessibility links

Жаңа Қазақстанды қалайтын мердігерлер, бірақ олар мұнда екінші отанын таппас


Кабель салу үшін жер қазып жатқан өзбек еңбек мигранты.
Кабель салу үшін жер қазып жатқан өзбек еңбек мигранты.

Бақылаушылар елге жақын және алыс шет мемлекеттерден келетін еңбек мигранттарының толассыз ағынын реттеуге әзірге Қазақстан үкіметінің қауқары жетпей отырғанын айтады.




Қылмыспен күресті желеу еткен билік мигранттарды елден шығаруда

Алматы қаласының полициясы жақында таратқан хабарламада, қаладағы қылмыстардың жартысынан астамын республиканың оңтүстік аймақтары мен жақын шет елдерден келген заңсыз еңбек мигранттары жасайтындығы айтылған. Қазақстанда жұмыс тапқысы келетін заңсыз мигранттардың үлкен бөлігі елдегі ең ірі осы мегаполиске шоғарыланған.

Алматыдағы қылмыстың 55 пайызын осында басқа жақтан келгендер жасайды деген дерек келтірген қала әкімі Ахметжан Есімов оның себебін құрылыс саласындағы дағдарыспен байланыстырады.

- Өткен жылдары қыруар мол пайдаға кенелген құрылыс ұйымдарының арсыз жетекшілері әлі күнге дейін олардың еңбекақысын бермей отыр. Сол себепті, өздеріне тиесілі ақшаның берілуін тосып, отандарына қайта алмай жүрген олар көшеде кісі тонайтын секілді, - деді Ахметжан Есімов.

Қала билігі қылмысқа қарсы ымырасыз күрес жүргізу туралы шешімін жария етісімен, полиция заңсыз мигранттарды ел аумағынан шығаруға кірісті. Сонымен бірге, мигранттардың легін реттеуге бағытталған өзге іс-шаралалар қолға алына бастады: квота белгілеу, паспорттық бақылау, полицияның рейдтерін өткізу, т.с.с.

Алайда бақылаушылар мұндай әдіс, шаралардың тиімсіз екенін айтып отыр. Мысалы, адам құқығы жөніндегі халықаралық Хельсинки комитеті Алматы бюросының жетекшісі Нинель Фокинаның пікірінше, мемлекеттік органдар қылмыс туралы статистиканы өз мүддесіне бұрмалап отыр. Сондықтан, әкім Есімов алға тартқан статистикалық деректерге Фокина күмәнмен қарайды:

- Мен әкімнің айтқан деректеріне сенбеймін. Оны ең қарабайыр әдіспен дәлелдеуге болады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Алматыда 100 мыңға жуық еңбек мигранттары жұмыс істейді. Егер бұл санды қаланың барлық тұрғындарына шағып бөлер болсақ, бар болғаны 10 пайыз шығады. Демек, Алматы халқының оннан бір бөлігі қаладағы қылмыстардың жартысынан астамын жасайды дегенге сену қиын, - дейді Нинель Фокина.

Қылмысты кім жасайды?

Қазақстандағы еңбек мигранттарының көпшілігін осында жұмыс іздеп келген іргелес елдердің азаматтары құрайды. Ресми деректер бойынша, осы кезге дейін Қазақстанда құрылыс саласындағы жұмысқа тартылғандардың дені - көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның азаматтары. Олардан өзге, Түркия, Ауғанстан, Израиль, Моңғолия, Франция және Қытай азаматтары да жұмыс істейді.

Алматы қалалық ішкі істер департаментінің хабарлауынша, 2008 жылдың басынан бастап жақын шет елдерден келген азаматтар 102 қылмыс жасаған, бұл өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 14 қылмысқа артық. Соның ішінде 6 қылмысты алыс шет елдердің азаматтары: екеуін Түркиялықтар және 4 қылмысты Ауғанстан, Израиль, Моңғолия және Франция азаматтары жасапты.

Ал қалған 96 қылмысты жақын шет елдерден келгендер, солардың ішінде: 60 - Өзбекстанның, 15 – Ресейдің, 9 – Грузияның, 7 – Қырғызстанның, 2 – Тәжікстанның, бір-бірден – Армения, Украина мен Түркменстанның азаматтары жасаған.

Кеткеннен келген көп

Билік тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралардың тиімсіз екендігінің тағы бір дәлелі: еңбек мигранттарына қатысты әртүрлі халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдардағы статистикалық деректер әрқилы. Ресми деректерге жүгінсек, 2007 жылы Қазақстанға 8 млн 800 мың шет елдік азаматтар келіп, ел аумағынан тек 4 млн 900 мың шетелдік шыққан. 1,9 млн адам түрлі себептермен Қазақстанда қалып қойған.

2007 жылы Өзбекстанның 2 млн 195 мың азаматы Қазақстанға келсе, ол елге шекара арқылы шыққандардың саны 1,22 млн адам ғана болыпты.

2007 жылы қазақ-қырғыз шекарасынан Қырғызстандық 1 млн 492 мың азамат Қазақстанға өткенімен, ол елге қайтқандардың саны 601 мың адамға аз болған.

Ал былтыр Қазақстанға келген 89 мыңға жуық тәжік азаматтарының әрбір тоғызыншысы ғана Қазақстанда қалыпты.

Осылайша, Қазақстанда қалып қойдыға саналатын шетелдік еңбек мигранттарының қайда жүргені беймәлім.


Күнкөріс іздеп келген шетелдіктер жергілікті тұрғындардың жұмысына ортақтасады

Адамға өз Отанынан жыраққа кету қаншалықты ауыр болса да, Орталық Азия елдеріндегі экономикалық жағдайдың қиындығы адамдарды күнкөріс іздеп өзге елдерге шығуға мәжбүр етеді.

Қазақстанға жұмыс істеуге келген кейбір еңбек мигранттарын Азаттық тілшісі сөзге тартқан еді.

Қырғызстаннан келген Асқар есімді 28 жастағы еңбек мигранты мұнда келуінің себебін былайша түсіндірді:

- Мен құрылыста өңдеу-әрлеу жұмыстарын істеймін. Егер жұмыс жүріп жатса айына 600 долларға жуық табыс табамын. Отбасындағы жалғыз ұл мен болғандықтан, істеген жұмысыма алған ақшаны дереу үйдегілерге жіберем. Үйімде кәрі әке-шешем, екі жас балам мен әйелім бар. Кейде «елдеріңе қайтыңдар, сендерсіз де бізге жұмыс жетпейді» деген сөзді естиміз, бірақ, бізге де отбасындағы жандарды асырау керек қой.

Қырғызстанда қазан айының соңында орташа күндік табыс 5190 сомды құрады, бұл 130 АҚШ долларынан сәл ғана асады.

Бөтен елдегі тұрмыс пен жұмыстың ауырлығына қарамастан, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдіктердің барлығы бірдей бұл елден кетуге құлықты емес. Алматы қаласындағы жеке меншік құрылыстардың бірінде Азаттық тілшісіне жолыққан Өзбекстандық еңбек мигранты – 25 жастағы Рустам өз басындағы жайтпен бөлісті:

- Мен өзім Тәшкеннен келдім, мұндағы құрылыста жұмыс істеп жатқаныма 3 ай болды. Үйде шешем мен қарындасым қалды. Қарындасымды тұрмысқа ұзату үшін ақша табуға келген едім. Жұмыс онша ауыр емес, бірақ жұмыс беруші бізді кемсітеді. Кейде ол бізге өзінің киім-кешегін, ыдыс-аяғын жуғызады, намысқа тиеді. Алайда, оған көнеміз, өйткені істеген жұмысыңа ақша алуып, үйдегілерге жіберу керек.


Жергілікті жұрт істемейтін жұмысты шетелдіктер атқарады

Қазақстанға еңбек мигранттарының келуін қолдамайтындар шетелдіктердің кесірінен жергілікті тұрғындар жұмыссыз қалуда деген пікірде. Ал шынтуайтында, еңбек нарығында шетелдіктер негізінен жергілікті адамдар істегісі келмейтін жұмыстарды атқарады.

Соңғы жылдары Қазақстанға шетелдік еңбек мигранттарының көптеп келуіне қарамастан, жергілікті халық арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші азая түскен. Мемлекеттік статистика агенттігінің деректері бойынша, 2005 жылдың соңында еңбек жасындағы қазақстандықтардың 8,1 пайызы жұмыссыз болса, 2007 жылдың соңғы тоқсанында бұл көрсеткіш 7 пайызды құрады.

Алайда, кейбір бақылаушылардың айтуынша, табысы аздау жұмыстарды істеуге келісетін шетелдік мигранттар жергілікті тұрғындардың еңбегіне төленетін бағаға да әсер етеді.

Дегенмен миграция мәселелері бойынша сарапшылар еңбек мигранттарының жергілікті тұрғындар мен компанияларға пайда әкеліп отырғанын да айтады: құрылыс және жөндеу жұмыстарына жалданған шетелдіктерге әлеуметтік төлемдер төленбейді, олар қазақстандық жұмысшымен салыстырғанда аз табыс табады.


Еңбек мигранттарын жаппай қысқарту аймақтағы әлеуметтік наразылықты күшейтіп жіберуі ықтимал

Әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстан экономикасының дамуын тежеген соң жұмыс күшіне деген сұраныс та азайды дейді бақылаушылар. Қазір билік елге шетелдік мигранттардың келуіне қарсы топтағылардың пікіріне де құлақ асуға мәжбүр.

Соның салдарынан енді еңбек мигранттары жаппай жұмыстан айырылады дейді бақылаушылар. Олардың бір бөлігі Отандарына қайтып, ондағы билікке назалы, әлеуметтік жағдайы нашар жұрттың санын көбейтсе, енді бір бөлігі Қазақстанда қалып, қылмыстық топтардың қатарын толықтырады.

Бұл әдетте жұмыссыздық пен кедейшілік жайлаған елдегі халықтың арасынан жастарды өз қатарына тартып, көздеген мақсат-мұратына пайдаланудың сәтін құр жібермейтін экстремистік күштер үшін таптырмас олжа. Екінші жағынан, бұл қоғамдағы оппозициялық іс-әрекеттердің жандануына түрткі болмақ. Себебі, екі қолға бір жұмыс таба алмай, ішер ас, киер киімге жарымаған адам мейлі өз тұрғылықты жерінде немесе Қазақстанда болсын, билікте отырғандарға ашық қарсы шығудан тайынбайды. Бұндай жағдайда көрші елдердегі ахуалдың тұрақсыздығы Қазақстан үкіметіне де жақсылық әкелмейді дейді қазақстандық сарапшылар.

Ресей мен Қазақстан өздерінің миграциялық заңнамаларын қатаңдатқан жағдайда, жұмыс күшін экспорттаушы мемлекеттердің үкіметтері мигранттар легін жаңа бағыттарға, мәселен, Таяу Шығыс елдеріне қарай бағыттағаны жөн деген ұсыныс айтады бақылаушылар.

XS
SM
MD
LG