Accessibility links

Қытай Компартиясы ақсақалдарының хаты «кіші халықтардың» үмітін оятты


Базар аумағын күзетіп тұрған қытай сарбаздарымен сөйлесіп тұрған ұйғыр әйелі. Үрімжі, 9 шілде 2009 жыл.
Базар аумағын күзетіп тұрған қытай сарбаздарымен сөйлесіп тұрған ұйғыр әйелі. Үрімжі, 9 шілде 2009 жыл.

Қытай Коммунистік партиясының ардагерлері билікті саяси реформалар жасауға шақырды. Үкіметке мұндай талап қойғандардың бірі – тұтқындағы диссидент, Нобель сыйлығының лауреаты Лю Сяобо. Бейжің бұл әрекетке Батыс түрткі болды деп қабылдады.


Қытай Коммунистік партиясының жиырмадан астам ардагері үкіметтің сөз бостандығына қысым жасап отырғанын айыптайтын хат жазды. Қытайдағы цензура осы елдегі «кіші халықтардың», соның ішінде қазақтар мен ұйғырлардың проблемаларын да айтқызбай отыр.

АРДАГЕР КОММУНИСТЕРДІҢ ХАТЫ

Хат жазғандардың ішінде кезінде Қытайда жоғары лауазымды қызмет атқарған танымал адамдар бар. Бұлар - негізінен зейнеткерлер, Қытайдың ірі газеттері мен Синьхуа ақпараттық агенттігінің бұрынғы бас редакторлары және белгілі журналистер мен ғалымдар.

Хатқа қол қойғандардың арасында Мао Цзедунның бұрынғы хатшысы мен Қытай Коммунистік партиясының ресми басылымы «Жэньминь Жибао» газетінің бұрынғы шығарушысы да бар. Хат ауторлары бұл үндеуді жазуға Қытай премьер-министрі Вень Цзябаоның саяси реформалар жасау жөнінде таяуда сөйлеген сөзі қанаттандырғанын айтады. Олар бұқаралық ақпарат құралдарына еркіндік беруге, соның ішінде интернетке қойылған цензураны алып тастау арқылы қоғамды бақылауды азайтуға шақырып отырған реформаны жақтаушыларға қолдау көрсеткілері келетіндігін мәлімдеді.

Бұл хат Қытай Коммунистік партиясы орталық комитетінің қазан айының ортасында өтетін пленумы қарсаңында интернетте жарияланды.

МАҢЫЗДЫ ҮНДЕУ

Қазіргі уақытта Қытай Коммунистік партиясы сөз бостандығы мен көппартиялық сайлауға шақыратын манифест жазғаны үшін 11 жылға сотталған қытай диссиденті Лю Сяобоға Нобель сыйлығы берілуіне орай қоғамда пайда болған сілкіністі басып тастауға тырысып жатыр.

Әдебиетші және публицист, профессор Лю Сяобоға Нобель сыйлығының берілуін ашу-ызамен қабылдаған Қытай үкіметі Лю Сяобо
Наразылық акциясына қатысқандар Нобель бейбітшілік сыйлығы берілген қытай диссиденті Лю Сяобоны бостандыққа шығаруды талап етіп тұр. Гонконг, 8 қазан 2010 жыл.
Қытайды шайқалту үшін Батыспен ауыз жаласып отыр деген мәлімдеме жасады.

Хаттың жалпы мазмұнына қарап, партия ардагерлері жемқорлықпен күрес пен әлеуметтік проблемаларды шешу үшін бәсекелі сайлау өткізу мен БАҚ тізгінін біршама босатуды көздейтін 68 жастағы реформашыл премьер Вен Цзябаоға үміт артып отыр деген болжам жасауға болады. Консерваторлар болса, керісінше, бұл бағытта жасалған кез-келген қадам әлеуметтік толқуларға, ақыр аяғы Коммунистік партияның жеңілісіне барып соғуы мүмкін деп ескертеді.

Бұл хат саяси бостандыққа қол жеткізу үшін Қытайдағы интернет мүмкіндіктерін пайдаланып келе жатқан қытайлық Sina.com сайты микроблогтарының бірінде жарияланды. Күйеуіне Нобель сыйлығы берілісімен өзін үйқамаққа алған билікке қарсылығын білдіру үшін диссидент Лю Сяобоның әйелі Лю Ся да «Твиттер» сайтын дәл осындай әдіспен пайдаланған еді.

«Елдің алдына шықпақ түгілі, өз пәтерімнің есігінен де шыға алмаймын», – деді қытай диссидентінің әйелі Times of London басылымына берген сұқбатында. Билік батыс дипломаттарына Лю Ся отырған пәтерге баруға да мүмкіндік бермеді.

Арасында Лю отбасының кейбір достары да бар оншақты қытай белсенділері үйқамаққа алынды. Қытай билігінің 54 жастағы диссидентті босатуға құлқы жоқтығына қарамастан, әйелінің хабарлауына қарағанда, түрмеде оның күйеуіне берілетін тағам едәуір жақсарып, оған жеке дайындалған ыстық тамақ бере бастапты.

Интернет пен басқа да технологиялық жаңалықтар арқасында ой-пікір білдіру мүмкіндігі артқанымен Қытайдағы бұқаралық ақпарат құралдары цензураның елеулі құрсауында отыр.

Коммунистік партия ардагерлерінің хатында "көзге көрінбейтін цензураның қолын кесу" және 1982 жылғы Қытай Конституциясында бекітілген сөз бостандығын құрметтеу туралы талап айтылған.

ДИССИДЕНТ ТАЛАБЫМЕН ҮНДЕС

Үндеу хатқа қол қойған Қытай ұлттық өнер академиясы жанындағы архитектура орталығының бұрынғы басшысы Сяо Мо және өзге де адамдар бұл хаттың Лю Сяобоға Нобель сыйлығы берілуіне еш қатысы жоқтығын айтады. Алайда Лю Сяобоға сыйлық берілісімен ғаламторда жарық көрген хат мазмұны Нобельдік комитет пен қытай диссиденті көтерген мәселелердің көпшілігін қайталайды.

«1949 жылы республикамыз құрылғанда халқымыз «біз енді азатпыз, өзімізге өзіміз қожайынбыз» деп қуанған еді, – делінеді Коммунистік партиясы ақсақалдарының хатында. – Алайда содан бері 61 жыл, реформалардан кейін 30 жыл өтсе де отаршылдық қамытында болған Гонконгтағыдай баспасөз бостандығы мен сөз еркіндігіне қол жеткізе алмай келеміз».

Коммунистік партияның 23 ардагері қол қойған хаттан үзінді келтірелік:

«Біздің басты талабымыз – заң жүзіндегі жауапкершілік жүйесін арттыра отырып, цензураны алып тастау».

«Партия тарихында тыйым салынған кезеңдер болмауы тиіс. Қытай азаматтарының билеуші партияның ішіндегі былық-шылықтар туралы білуге хақы бар».

«Интернет ақпараттар мен ой-пікір алмасуға маңызды алаң болып отыр. Интернетті реттегіштер мемлекеттік құпия мен жеке адам өміріне қол сұқпайтын онлайн-посттар мен пікірлерді (комментарийлерді) оңды-солды жоюды доғаруы тиіс».

Хатқа қол қойғандардың дені бұған дейін де осындай үндеулер жасап жүрген белгілі реформашылдар, бірақ жастары ұлғаюына байланысты олардың саяси ықпалы қазіргі уақытта айтарлықтай шектеулі. Қуғын-сүргінге ұшырамай жүргендері де сол себептен болса керек. Алайда қазіргі кезде олардың көпшілігін мемлекеттік қауіпсіздік органдары тексере бастады.

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ ДИССИДЕНТІ МЕН ҰЙҒЫР МӘСЕЛЕСІ

2009 жылы шілденің 5-і күні Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында қанды қақтығыс болғаны мәлім. Ресми деректер бойынша, ұйғырлар мен хансулар арасындағы қақтығыс салдарынан 200-ге жуық адам өліп, 1600 адам жараланған.

Кейбір бақылаушылардың айтуынша, ұйғырлар мен Қытайдың осы автономиялық ауданында тұратын кейбір жергілікті халықтардың қарсылық әрекеттеріне ресми биліктің отаршылдық саясаты себеп болған.

Бұлардың қатарына оқу мен жұмысқа алу кезінде тілге байланысты кемсіту, діни салт-ғұрыптарды атқарғаны үшін мұсылмандарды
Шыңжаңда тұратын қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романы.
қуғындау, бала тууға қатаң шектеу қою, адам құқығын күнделікті аяққа таптау, қытайларды, ұйғырларды, қазақтар мен басқа да түрік-мұсылман халықтарын саяси себептермен қуғындау әрекеттері жатады. Бақылаушылар мұндай қуғын-сүргіндердің әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанына және оның ашық айтылмайтынына алаңдайды.

Қытайда БАҚ және интернетті бақылаудың қатаң ережесі бар. Тыйым салынған интернет-сайтты пайдаланғандар интернет-полиция тарапынан қуғындалады. Бақылаушылар Қытайдағы қазіргі режим ақпарат пен ой-пікірге бақылау орнату арқылы адамдар мен қоғамдағы алуан түрлі топтарды бір-бірінен оқшаулап отыр деп санайды.

Шыңжаңдағы қазақ жазушы-диссиденті, «Қылмыс» романы жарыққа шыққанға дейін де есімі әйгілі болған Қажығұмар Шабданұлы Қытай түрмесінде, аракідік үзіліс салып, бас-аяғы 40 жыл отырды. Алғашқыда ол «солшыл» және «әсіре оңшыл» деген екі бірдей саяси айып бойынша сотталды. Келер жолы Қытай билігі Қажығұмар Шабданұлына «ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізу мақсатында «Үміт» партиясын құрды және Қазақстан барлау қызметімен байланыс орнатты» деген айып тақты.

Әдебиетшілердің пікіріне қарағанда, Қажығұмар Шабданұлының кітабында Қытай езгісіне түсіп, озбырлығына ұшыраған қазақтың ұлттық трагедиясы шынайы бейнеленген. Көптен бері өз Отаны – Қазақстанға қайтқысы келіп жүрген 85 жастағы Қажығұмар Шабданұлын Қытай билігі елден шығармай, әлі күнге дейін үйқамақта ұстап отыр.

Оның Қазақстанда жарық көрген «Қылмыс» романын бір топ қазақ жазушысы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғанымен, іріктеу сатыларында тізімнен алынып тасталды. Қартайған Қажығұмар Шабданұлының Қазақстанға оралуына рұқсат ету үшін Қытай билігіне ықпал ету жөнінде Нұрсұлтан Назарбаевқа жасалған үндеу де жауапсыз қалды.
XS
SM
MD
LG