Accessibility links

Қазақстанның тағы бір банкі алтынмен апталған, гаухармен қапталған кредит карта шығарды


"Евразия банкінің" ресми веб-сайтынан көрініс. Алматы, 27 желтоқсан 2008 ж.
"Евразия банкінің" ресми веб-сайтынан көрініс. Алматы, 27 желтоқсан 2008 ж.

Қазақстанда осымен екінші банк алтынмен апталып, гаухармен қапталған кредитті карта шығарды. Бұл 2008 жылғы дағдарыспен күресу шаралары аясындағы ең бір айта қаларлық акция болды. Сонымен бірге Қазақстан банктерінің табысы 84 пайызға азайды.

Reuters агенттігі бұл оқиғаны 2008 жылы дағдарыспен күресу шаралары ішіндегі танымал болған ең бір «ғажайыбы» деп атады. Планетаның түкпір-түкпіріндегі қалжыңды ұнататындар мысалы «уақыттың ащы кезеңіне ащы тұздық» ретінде насихатталынып отырған Канаданың сауда сөрелерінде пайда болған «Экономиканы құтқару» деп аталатын сыраны айта бастады. Ал, Американың Сан-Диего қаласындағы бір мекеме 10 долларға 15 минут бойына қабырғаға ас үй ыдыстарын лақтыруды ұйымдастыруымен аты шығып жатыр.

Сондай-ақ, оқырмандар назарына «жұт жылындағы сауық-сайрандардың» ең ерекше түрлері де ілігуде. Сонымен, Нью-Йорктегі бір мейрамхана өздеріне келушілерге ең қымбат бургер ұсынуда. Онда ішіне қара трюфель мен қуырылған жас сиыр еті салынып, сыртына майда алтындар ұнтағы себілген бұл бургер 175 доллар тұрады. Ал, қытайлық бай-манаптар жүйкелерін қалыпқа келтіру үшін жаңалықтарды көріп болған соң жапон шеберлерінен жарты миллион долларға сатып алуға болатын алтын жалатылған ас үй сервизімен түстенуде.

Дағдарыстың екінші жағы да бар. Мысалы, Үндінің ең кедей саналатын Бихар штатында жергілікті билік тұрғындарға азық–түлік бағасының күн сайын өсуіне орай және астықты сақтай тұру мақсатында тамаққа тышқандарды пайдалануды ұсынып отыр. Ресей ұлттық алькоголь Ассоциациясының арақ қорын алты есеге көбейткені туралы мәлімдегеніне қарамастан, Ресейде қаржы дағдарысы арақ ішудің азаюына себеп болуда деген ақпарат та таңқаларлық емес пе.

Осындай таңқаларлық тізімнің қатарына табысы 300 мың доллардан асатын байларға арналған қазақстандық банктің бірінде жасалған кредиттік гауһар картасы туралы ақпарат та кіріп отыр.
Бұл туралы Reuter жүргізген репортажда толығымен баяндап берген.

«Сіз әлемдік кредит дағдарысынан шаршадыңыз ба? Онда өзіңізді жұбату үшін гауһармен қапталған кредитті карта алыңыз». «Евразия банкінің» салмағы 0,02 карат гауһармен қапталған, аса нәзік алтын талшықтарымен өрнектелген жаңа кредитті карта шығару туралы жоспарлары жайлы материал осындай үндеулермен басталады.

Осы картаны айналымға салған, қазақстандық деңгей бойынша орта деп саналатын «Евразия банкінің» атқарушы директоры Дмитрий Николиннің айтуынша, бұл карта «жоғары мәртебелі тақсырлардың шағын шоғырына ғана арналған. Осы карта арқылы жылдық табысы 300 мың доллардан асатын қоғамның байларын тарта аламыз». Дмитрий Николин сонымен бірге бұл картаны шет елдердегі бай адамдарға да ұсына алатынын жеткізді.

Бір ай бұрын осындай картаны «Казкоммерцбанк» те жасауға кіріскенін айта кету керек, бұл ақпарат Батыс баспасөзін біраз таңдандырып тастады (осы оқиға туралы Азаттық радиосының 04.11.2008 жылғы шолуында берілген болатын).

Соған қарамастан қаржы дағдарысына қатысты көптеген ақпараттар бұрынғыдай оптимистік бағытта болмай отыр. Батыс баспасөзі мен ықпалды қаржы институтының сарапшылары Қазақстанның банк және экономика жүйесінде толқулар болу мүмкіндігін айтуда.

Дағдарыс салдары бірқатар әлеуметтік мәселелер тудыруы мүмкін.

«Бұрынғы кеңестік мемлекеттер тәрізді, Қазақстан да шикізатқа бағаның шарықтап өсуіне байланысты дамуға қол жеткізді, бірақ, биылғы жылы мұнай бағасының құлдырауы мен кредиттің тоқтауы экономикалық өсу көрсеткішіне әсер етті, – деп жазады Reuters агенттігі, - Қазақстанға енді әлеуметтік толқулар тән, себебі, тереңдеп жегідей жеп бара жатқан дағдарыс халықтың жинаған қорларын тауысады, ол халықтың бай мен кедей болып екіге бөлінуіне әкеп соғады. Сондай-ақ, БҰҰ-ның мәліметі бойынша, 16 миллион халықтың төрттен бір бөлігі кедейшілікте өмір сүруде».

Бірнеше күн бұрын Bloomberg агенттігі елдің банк жүйесіндегі пайда мөлшерінде біршама төмендеу байқалғанын хабарлады. Агенттік «Қазақстанның 17 банкінің пайдасы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, үстіміздегі жылдың 11 айында 84 пайызға төмендеп, 33,8 миллиард теңгеге (279,7 миллион долларға) күрт төмендейтінін жазады. Агенттік мұндай төмендеу себебін банктердің экономикалық өсудің баялауы салдарынан үмітсіз несиелердің қайтарылымын қамтамасыз ету мақсатында өз ақша резервтерін арттыру саясатынан» деп көрсетуде.

Желтоқсанның ортасында ұлттық банк «Қазақстан банктерінің ең осал тұстары несие тәуекелінің өсуіне» қатысты екенін мойындаған болатын. Осы тәуекелдің орнын толтыру үшін, ұлттық банктің айтуынша, екінші деңгейдегі банктерге қорларын арттыруға тура келеді.
XS
SM
MD
LG