Accessibility links

Өздігінен тыныс ала алмайтын кішкентай Дихан Торғаев жәрдемге мұқтаж


Бүлдіршін Дихан өкпе жүйесіндегі ақауымен дүниеге келді (жеке мұрағаттағы сурет).
Бүлдіршін Дихан өкпе жүйесіндегі ақауымен дүниеге келді (жеке мұрағаттағы сурет).

Екібастұздағы екі жасар Дихан Торғаевтың ата-анасы балаларына операция жасату үшін ақша іздеуде. Баланың тыныс жолдарына операция жасалса, ол өздігінен дем ала алатын болады. Ондай операцияны Израилде жасайды екен және ол 35 мың доллар тұрады.

ТУА БІТКЕН АҚАУ

Дихан Торғаев 24 қазанда екі жасқа толмақ. Бұл күні оның ата-анасы Ғалия мен Махамбет Торғаевтар ұлдарына арналған сыйлықтарды қабыл алғанымен, қонақ шақыра алмайды. Өйткені, бұл Диханның денсаулығы үшін қауіпті.

Кішкентай баланың өкпе жүйесінің туа біткен ақауы - трахеобронхомаляциясы бар, дауыс шымылдығының жаны кеткен. Өмірінің алғашқы үш айында Дихан өкпені жасанды түрде желдететін аппаратқа қосылып қойған болатын. Содан бері ол хирургиялық жолмен кеңірдегіне бекітілген трахеотомикалық түтікшенің көмегімен тыныс алады.

Ата-анасының ендігі бар арман-үміті қаржы тауып, екі жасар Диханға Израильде операция жасату (жеке мұрағаттағы сурет).
Ата-анасының айтуынша, түтікшенің салдарынан ол толыққанды сөйлей алмайды, жұтынса да тамағы ауырады. Жаздыгүні серуенге шыққанда ішіне шаң түсіп кетпес үшін түтікшенің саңылауын дәкемен қалқалап қояды екен. Бұған қоса үнемі шырыш жиналып қалып, күніне бірнеше мәрте түтікшені тазалап отыру да керек. Сондықтан да, Диханның ата-анасы бала байқаусызда түтікшені жұлып алып, тұншығып қала ма деп қатты уайымдайды.

– Ол тамақты кесектеп жей алмайды. Барлығын блендер арқылы өткізіп, оған ботқа күйінде береміз. Оның тамаққа тәбеті де болмайды. Өйткені, суық түсісімен далаға шықпаймыз. Ауа баланың тыныс алу органдарына тікелей барады. Бұл мойындағы ашық жарақат тәрізді. Тек жазда ғана таза ауада жүре аламыз. Қазір біз үйде отырамыз, үйді жиі желдетіп, оны оқшау ұстауға тырысамыз, – дейді Ғалия Торғаева Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Кішкентай Дихан туған күніне тек сыйлықтарды алады, ал туыстарын көре алмайды. Бірақ ол қонақтар келгенде қатты қуанады, көпшіл. Анасының айтуынша, ол аз сөйлейді, барлығын ыммен көрсетеді. Диханды мезгіл-мезгіл зонд арқылы қосымша тамақтандырады. Өйткені, баланың салмағы өзінің жасындағы балалардың салмағынан 30-40 пайызға аздау.

– Ол «мама», «тәте» деп айтқысы келеді. Әлдебір дыбыс шығарады, бірақ түтікшедегі шырышқа байланысты дауысы толық шықпайды. Сондықтан ол барлығын ыммен көрсетуді үйреніп алған. Жылаған кезде әлсіз ғана дауысы шығады, – дейді Диханның анасы Ғалия Торғаева.

ОПЕРАЦИЯНЫ ТЕК ИЗРАИЛДЕ ЖАСАЙДЫ

Дихан Торғаев өздігінен демалып, сөйлеуі үшін оның тыныс жолдарына операция жасалуы керек. Қазақстанда мұндай операцияны жасамайды. Ресейде тек жасөспірім балаларға ғана жасайды екен.

Екі жасар Дихан үш айлық кезінен бастап кеңірдегіндегі жасанды түтікшенің көмегімен тыныс алады (жеке мұрағаттағы сурет).
Алайда, Диханның медициналық сурет-картасын көрген израилдік дәрігерлер үміт отын жаққандай болды. Олар суреттерге қарай отырып тыныс алу жолдарының жұмысын қалпына келтіруге және баланы трахеостомадан толық жазуға болады деп сендіруде.

Дихан Израилде үш айдай болуы керек. Операция барынша күрделі деп саналады. Операциядан соң бала екі аптадай балалардың жан сақтау бөлімінде дәрігерлердің үздіксіз бақылауында болуы керек.

Емге кететін барлық шығын 35 мың АҚШ доллары шамасында. Диханның отбасы бұл соманың оннан бірін де өздіктерінен жинай алмайды. Ал, операцияны биылғы жылдың қараша айына дейін жасау керек.

ҚОЛДАУ ТОБЫ

Бұдан соң Ғалия мен Махамбет Торғаевтар волонтерлер мен «Мейірімділік» ерікті қоғамына қайрылды. Нәтижесінде, Дихан Торғаевты қолдаушылар тобы пайда болды. Бұл топқа ресейлік, қазақстандық және украиналық волонтерлер кіріп, олар Дихан Торғаевқа ақша жинауға кірісті. Әзірге олар 4 мың доллардай жиналды.

Санкт-Петербургтік Альбина Ольховская Дихан Торғаевты қолдау тобына кіреді. Ол Азаттық радиосының тілшісіне былай деді:

– Қараша – соңғы мерзім. Яғни, қазанның соңына дейін ақшаны жинап үлгеру керек. Өйткені, бронхөкпе жүйесінің жұмысына зиянды әсері болғандықтан, мұндай операцияларды қыс-көктем мезгілдерінде жасамайды. Бұндай операциялар күздің соңында немесе жазда жасалады. Егер біз қазір үлгермесек, онда Диханға тағы алты ай күтуге тура келеді. Тиісінше, уақыт өткен сайын ауру асқына береді. Қазір Диханның сөйлейтін кезі. Ал ол сөйлер болса қиналып кетеді. Және сөйлеген, тамақ жұтқан кезде, жалпы тұрмыста қатты қиналады.

Альбина Ольховскаяның айтуынша, Дихан Торғаевтың ата-анасы кез-келген қайырымдылық көмекті ықыласпен қабыл алады. Өйткені, оған көмекке берілген әрбір теңге, рубль, доллар Диханның өздігінен демалатын, яғни өмір сүретін мезгілін жақындатады.

Дихан – отбасындағы жалғыз бала. Ғалия мен Махамбет Торғаевтардың бұған дейін бір баласы болған, бірақ ол шетінеп кеткен екен. Олар өздерінің Дихандарының дені сау болып жүруін арман қылады. Олар балаларын қатты жақсы көреді, оның аман қалуына көмектескісі келеді. Бірақ, өкінішке қарай бұның барлығы біздің қолымыздан келмейді дейді олар.

Дихан Торғаевқа көмек қолын созғысы келетіндер төмендегі реквизиттер бойынша ақша жіберулеріне болады.

Дихан Торғаев үшін веб-мани:

U203174074383
E390476178564
R472536602524
Z179885508190

Дихан Торғаев үшін Яндекс-әмиян:

41001323827976

Теңгемен ақша аудару үшін:

«Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамының Екібастұздағы бөлімі
РНН 451600039542
БИК 193201737
Алушы: ТОРҒАЕВА ҒАЛИЯ ҚАТАЕВНА
РНН 450420016234
ИИК теңгелей шоттың № 032759931
Экономика секторының коды 9

Шетел валютасымен (АҚШ доллары) ақша аудару үшін:

АО Евразийский банк Алматы қаласы
РНН 600900063755
БИК 190501948
ИИК 082870118
шот № 4057091510003745
Алушы: ТОРҒАЕВА ҒАЛИЯ ҚАТАЕВНА
РНН 450420016234

Торғаевтар отбасының пошталық мекен-жайы:


Индексі: 141208
Павлодар облысы
Екібастұз қаласы
Энергетиктер көшесі, 69 үй, 89 пәтер.

Ұялы телефон: +007-701-580-08-82
Пәтер телефоны: (+007-7187) 33-08-51
XS
SM
MD
LG