Accessibility links

Тұрғындар жергілікті билікті айыптап отыр


Алматының Шаңырақ елдімекеніндегі заңсыз деп танылған баспаналар. Тамыз, 2008 ж.
Алматының Шаңырақ елдімекеніндегі заңсыз деп танылған баспаналар. Тамыз, 2008 ж.

Алматының іргесіндегі Қапшағай қаласының тұрғындары жергілікті әкімшілік өкілдерін заңсыз жер сатумен шұғылданып жүр деп айыптап отыр. Олардың айтуына қарағанда әкімшілік жергілікті тұрғындардың меншік құжаттарын түрлі сылтаулармен рәсімдемей тартып алғысы келеді.

Қапшағай қаласында орналасқан «Флора» ЖШС-гінің директоры Владимир Трисеев 2003 жылы өзі басқаратын компанияның иелігінде 50 га жері болғанын айтады. Жер кодексі қабылданған сол жылы әкмшілікке меншік құжаттарын рәсімдеуге өткізеді. «Алайда әкімшілік біздің компанияға жер телімін бөліп беруден бас тартып, қала әкімі компания меншігіндегі жердің жартысын бөліп бер деп шарт қоя бастады», - дейді ол.
- Біз облыстық экологиялық сотқа шағымданғанда бізге «сіздердікі дұрыс» деп жауап берді. Әкімшіліктің құжаттарымызды рәсімдеуде қойған талаптарын негізсіз деп тапты. Әкім бұған құлақ асқан жоқ. Сонан кейін қалалық прокуратураға шағымдандық. Олар әкімшілік кодекстің 47-і бабының 3-ші тармағы негізінде құжаттарымызды рәсімдеуі керек екенін айтты. Президентке хат жаздық, бізден барлық құжаттарымызды сұрады. Біз жолдадық. Ешқандай нәтиже болмады. Ал 2007 жылы Бас прокуратураға шағымдандық. Олар да әкімшіліктің әрекетін заңсыз деп тапты. Бірақ бұған әкімшілік құлақ аспады.
Құжаттарын рәсімдей алмаған компания 2003 жылдан бастап, өз меншігін пайдалана алмай келеді екен. «Осы уақыт аралығында әкімшілік Балқаш бассейні басқармасымен өзара келісім жасасып, компания қарамағындағы жердің Қапшағай су қоймасының түбінде жатқаны туралы заңсыз анықтама қағаз жасатып алады», - дейді сұхбаттасымыз.
- Мұндай қағазды алған сот істі тергеуге береді. Қазіргі уақытта біз облыстық сотқа бақылау шағымын өткізіп қойдық. Бұл тек қана біздің ғана емес, қаладағы барлық кәсіпкерлердің басындағы жағдай. Әкімшілік жерлерімізді тартып алу үшін барлық амал-тәсілдерін қолдануда. Олар жерді алғаннан кейін қалталы адамдарға береді. Бұл нағыз рейдерлік әрекет. Олар құжаттарды қолдан жасап, заңсыз әрекеттермен шұғылданады.
Қазан айында қала тұрғындары мен кәсіпкерлер ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық хат жолдады. Хатта әкімшіліктің құқайын тек кәсіпкерлер ғана емес, сонымен бірге қала маңына орналасқан саяжай иелерінің де көріп отырғаны жөнінде жазылған. «Біз мемлекеттен көмек сұрап отырған жоқпыз. Бізге жер телімі де муниципалды баспана да қажет жоқ. Бірақ бізге өз қолымызбен салған және заңды меншігіміз болып табылатын жерде тыныштық бермей жатыр» делінген хатта.
Біз Қапшағай қаласының әкімшілігіне хабарласқанымызбен ешқандай жауап ала алмадық. Алайда біз өз меншіктерінің құжаттарын жөндете алмай жүрген кәсіпкерлердің көп екенін байқадық. Жергілікті биліктің бюрократиялық әрекетінен әбден күйінгенін айтқан кәсіпкер Любовь Рудяк билік өкілдерін жемқорлыққа қатысы бар деп айытпайды.
- Қаншама сот талқылауларынан кейін мен мынадай қорытындыға келдім. Әкімшіліктің барлық құрылымдары бірігіп сыбайлас жемқорлық әрекетке барып отыр. Олар алдында заңның өзі дәрменсіз.
Мамандардың түйіндеуінше, елде соңғы уақытта заңсыз жерді тартып алу сияқты әрекеттер тым көбейіп кеткен. Тәуелсіз кәсіпкерлер ассоциациясының вице-президенті Тимур Назханов қазіргі уақытта Қазақстандағы рейдерлік әрекетті шағын және орта бизнестің дамуына тежегіш болып отырған негізгі фактор деп есептейді.
- Рейдерлік әрекеттің ерекшелігі ол билік өкілдерінің қатысуынсыз жасалмайды. Қолдарында билігі де, байлығы да бар адамдар өзінен жағдайы төмен адамдардың бизнесін жұтпақ ниетте салық комитеті болмаса қаржы полициясымен сол сияқты т.б мемлекеттік орындармен бірігеді. «Берсе қолынан, бермесе жолынан» деп олар «жоғарыда» қолдаушысы жоқ шағын бизнес иелеріне ауыз сала бастайды. Өздеріне қарсы келгендеріне арнайы билік орындары арқылы өктемдік танытып, қылбұрау салады. Ең жаманы сол бұл ең алдымен елдегі бәсекелестік ортаны жоғалтады. Ол - бүкіл бизнесті бәсекеге қабілетсіз қылатын зиянды құбылыс.
Мамандар Қазақстанда белең алып келе жатқан рейдерлік әрекеттерді жоюдың әзірге тиімді механизмдерін нақты айта алмай отыр. Олардың бірі оған батыстағыдай құқықтық сипат беру арқылы шешуге болады десе, екіншілері, ең алдымен оның алғышарты болып табылатын жемқорлықты құрықтау қажет деп санайды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG