Accessibility links

Бақыт Жұмаділовтің қазасы әйгілі «Дос-Мұқасанның» қатарын сиретіп, атағын да алыстатқандай...


Сахнада қазақтың әйгілі "Дос-Мұқасан" ансамблі
Сахнада қазақтың әйгілі "Дос-Мұқасан" ансамблі

Белгілі қазақ музыканты әрі әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблін құрушылардың бірі Бақыт Жұмаділов бейсенбі күні автокөлік апатынан мерт болды. Жанындағы досы Досым Сүлеев ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, қазір оның жағдайы бірқалыпты.


СОҢҒЫ САПАР


Қайғылы оқиға 4-наурыз күні таңертеңгілік болған. Демалыстан қайтып келе жатқан екі дос Қордай асуында апатқа ұшыраған. «Дос-Мұқасан» тобының тағы бір мүшесі Мұрат Құсайыновтың айтуынша, Бақыт Жұмаділов жүргізіп келе жатқан «Тойота Ланд Крузер 100» автокөлігі көктайғақта тасжолдан тайып, бірнеше рет аунап түскен.

– Олар кеше, сәрсенбі күні шығып кеткен, қонып бүгін келуі тиіс еді. Бірақ, неге екенін, түнделетіп жолға шығыпты. Түнде көктайғақ болған ғой. Қордай асуы өте қауіпті жолдардың бірі екені мәлім. Жол жақсы болып көрінгенімен, жер тайғақ болған. Сол көктайғаққа түсіп, көлік бірнеше рет айналып кеткен, оның үстіне қарсы беттен бір көлік келіп соққан. Бақыт көліктен ұшып, басымен соғылып, табан астында мерт болған, – дейді Мұрат Құсайынов.

Көлік ішінде отырған Досым Сүлеев ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Дегенмен қазір оның жағдайы қалыпты дейді Мұрат Құсайынов.
– Қазір ол өз-өзіне келіп, есін жиды. Дәрігерлер керекті көмектің барлығын жасап жатыр, Құдай қаласа, барлығы дұрыс болады, – дейді Мұрат Құсайынов.

Наурыздың 1-і күні Алматыдағы «Республика» сарайында қайырымдылық шарасына қатысқан «Дос-Мұқасан» тобының құрамы енді сегізінші наурызда болатын тағы бір концертке дайындалып жүрген екен...

ҚАЗАҚТЫҢ «БИТЛЗІ»

Бірер жыл бұрын ғана қырық жылдығын атап өткен «Дос-Мұқасан» ансамблі Алматының политехникалық институтының (қазіргі Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетінде) студенттерінен құрылып, өмірге жолдама алған еді.

Дүниеге келісімен сазды әуендерімен халықтың, әсіресе жастардың жүрегін бірден баурап алған «Дос-Мұқасанның» құрамында – Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Қамит Санбаев, Александр Литвинов, Мейірбек Молдабеков, Ұлықпан Сыдықов, Бақыт Жұмаділов, Шәріп Омаров сынды өнерпаздар болды.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасы мен 70-ші жылдардың басы Совет одағының барлық аумағындағы жастар арасында Батыстың әуеніне еліктеушілік құбылысы болды. Тіпті гитара ұстаған кейбіреулер америкалық әнші Дин Ридке ұқсап бақты.

Ал ағылшынның аты әйгілі «Битлз» тобы совет жастарына өте қатты әсер еткен еді. Осылайша батыстық мәдениеттің ықпалынан сол кезеңде Грузияда «Орэра», Ресейде «Голубые гитары», «Веселые ребята», «Поющие гитары» секілді вокальді-аспапты ансамблдер дүниеге келді.

"Дос-Мұқасан" сол кезде Қазақстанның мәдени өміріне, әсіресе, қазақ жастарының жан-жақты жарасымды дамуға бет алған мәдени-тұрмысына ерекше серпіліс туғызған ансамбль болды деген баға береді өнер сыншылары.

«Дос-Мұқасаннан» кейін барып Ресейде «Самоцветы», Белоруссияда «Песняры», Өзбекстанда «Ялла», Украинада «Кобза» және басқа да ансамблдер шықты.

Негізінен, халықтың көне әндеріне, қазақ композиторларының ән мұрасына және өз туындыларына сүйенген ансамбль тыңдармандардың сүйікті тобына айналды.

«Дос-Мұқасанның» орындаған әндері мен әуендері ел аузына бірден ілініп, барлық мәдени шаралардың, той-томалақтардың сәні болып келгені аян.

Совет одағы деңгейінде өткен көптегее одақтық, халықаралық байқаулар мен фестивальдардан «Дос-Мұқасан» құр қол қайтқан емес.

Алдымен Минск қаласында өткен ІІ Бүкілодақтық кәсіпқой әртістер байқауында, Беларустың атақты «Песняры» тобымен ақтық сынға түсіп бірінші орынды жеңіп алды. Көп ұзамай, Германияда өткен Х дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің Үлкен алтын медаліне ие болды.

«Дос-Мұқасанның» поляк, неміс, француз, түрік, монғол, чех пен словак елдері мен АҚШ және Ауғанстан сынды мемлекеттерде олжалаған әр жеңісін қазақ елі өзінің рухани дамуындағы жаңа бір белесі деп бағалайтын.

«ДОС-МҰҚАСАНДАҒЫ» ҮШІНШІ ҚАЗА

Бақыт Жұмаділов – «Дос-Мұқасан» ансамблінің қаза болған үшінші мүшесі. Алғашқы болып, жігіттердің жалғыз гүлі – Құрманай Омарова 1994 жылы қайтыс болған еді.

Ол осыдан бірер жыл бұрын Чехиядағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі болған, ансамблдің негізін қалаушылардың тағы бірі Шәріп Омаровтың жұбайы болған еді. Шәріп Омаров та 2007 жылы 59 жасқа қараған шағында жүрек талмасынан кенеттен дүние салды.

Даңқы дүркіреп тұрған тұста "Дос-Мұқасан" ансамблі жігіттерінің әрқайсысы өмірдегі өз жолдарын таңдады және жетістіктерге де жетті. Олардың бірі парламент депутаты, елші болса, енді бірі ғарыш агенттігін басқарды.

63 жасына қараған тұста жол апатынан қаза тапқан Бақыт Жұмаділовтың артында төрт баласы мен төрт бірдей немересі қалды.

Бақыт Жұмаділовті ақтық сапарға шығарып салу сенбі, наурыздың алтысы күні сағат 11-де Алматының Орталық концерт залында өтеді.
XS
SM
MD
LG