Accessibility links

Арсен Ералы: Атақты адамның баласы болудың мақтаныштан гөрі жауапкершілігі басым


Әнші Мәдина Ералиева ұлы Арсенмен, 1999 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Әнші Мәдина Ералиева ұлы Арсенмен, 1999 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.

«Ән әлемінің Ақбаяны» атанған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиева осыдан тоғыз жыл бұрын көлік апатынан қапияда көз жұмды. «Айқарагөз», «Ақбаян», «Сағым жылдар» сияқты әсерлі әндерімен тербеткен әнші тірі болғанда биылғы тамыз айында 55 жасқа толған болар еді. Күміс көмей әнші туралы ұлы Арсеннің естелігінен оқисыздар.


СҮЙІКТІ АҚБАЯНЫН ХАЛҚЫ
ҰМЫТҚАН ЖОҚ

– Анаңыздың өмірден өткеніне тоғыз жыл болып қалды, Мәдина Ералиеваның есімін ел есінен өшірмеу мақсатында қандай шаралар жасалуда?

– Анам 2000 жылдың 27-ші қарашасында қайтыс болды, 2002 жылы еске алу кеші өткізіліп, еліміздің барлық телеарналарына көрсетілді, одан кейін Алматыдағы «Таугүл-3» ықшамауданында ол кісінің атына көше берілді.

Мәдина Ералиева атындағы көше Қызылорда қаласында да бар, сол қаладағы «Бумажник» деген жарамсыз, жұмысы тоқтап тұрған театрды мемлекет жөндетіп, Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйі етіп ашты, ол ғимаратта анамның атындағы мұражай да бар. Онда анамның сахналық киімдері, суреттері мен ән жинақтары және тұтынған заттары тұр. Анам туралы орыс тілінде Роза Ақболатованың лирикалық кітабы жарыққа шықты, енді қазақ тілінде де кітап шығару ойымызда бар, бірнеше СD, DVD күйтабақтары жарыққа шықты.

Астанадағы Конгресс-холда, Алматыдағы Қазақконцерт залында еске алу концерттері өтті, енді биылғы жылдың қазан айында Республика сарайында анамның өнердегі құрбысы Майра Ілиясованың ұйымдастыруымен тағы бір еске алу кеші өтеді деп жоспарлануда.

Әзірге атқарылған шаралар осындай, ал ол кісінің атында қор құру сияқты үлкен жұмыстармен айналысу үшін дәл қазір мүмкіндік жоқ, жұмыстан да уақыт аса бермейді, ондай маңызды шаруаға атүсті қарай алмайсың, бел шешіп, белсене кірісу керек қой.

«АНАМ МЕНІҢ ӘНШІ БОЛҒАНЫМДЫ ҚАЛАМАДЫ»

– Азаттықтың оқырмандары Ақбаян әншінің ізінде қалған жалғыз ұлының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы білгісі келеді. Өзіңіздің жұмысыңыз, отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

– Мен Алматыдағы №131 мектепті оқып бітірдім, анамның 1-2 сыныпта «Әліппе» танытқаны болмаса, әрі қарайғы сабақты өзім еш қиындықсыз алып кеттім. Сабақтан қалсам да, бағдарламаны қуып жетіп алатынмын. Сабаққа қатысы болмаса да ғылыми кітаптарды көп оқитынмын.

Арсен анасының сіңілісі Сағирамен, 1987 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Мектепті бітірген соң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетіне түсіп, оны халықаралық құқық мамандығы бойынша тәмамдадым, яғни заңгермін. Бұл мамандықты анамның ақыл-кеңесімен емес, өзім таңдадым. Ол кісі мамандық таңдауыма қатты араласқан жоқ, бірақ, өзі секілді өнер жолын қуып, әнші болғанымды да қаламады, басқа мамандықтың кез келгенін таңдауыма рұқсат еткен.

Кішкентай кезімнен көп ойнамай, ұзақ уақытымды кітап оқуға жұмсайтындықтан, мамам маған ғалым болар ма екенсің дейтін. Анам «оқу бітіргенде кім боласың?» деп сұрайтын, бірақ мен ұзақ уақыт бойы бір шешімге келе алмай жүрдім. Мектепті бітірген соң аяқ астынан осы мамандықты таңдауға бел будым және ол үшін өкінбеймін де, мамандығым өзіме ұнайды.

Қазір «Ақсарай» мюзикл театрында продюсер болып жұмыс істеймін. Қазір театрымыз қаржы тапшылығынан біраз қиналып қалды. Тендерлерге қатысудамыз, мемлекет те жәрдемін беріп тұрады. Ал отбасыма келетін болсам, Жанна есімді жұбайым, Әлішер, Ілияс деген екі ұлым бар, үлкеніміздің жасы 4-те, кішісі 1,5 жаста. Екеуінің де аттарын жеребе тастау арқылы келіншегім екеуміз қойдық.

– Жігіттер жар таңдауда бойжеткеннің бойынан анасына ұқсастық іздейді деген бар ғой, сізде осындай «ұстаным» болды ма?

– Жоқ, мен бұл «шартқа» мүмкін мән бермеген болармын, әлде байқамадым ба екен, Жаннамен танысқан кезде анама ұқсайды деп қарамаппын. Қазір екі баланың анасы болды ғой, енді-енді анамның жас кезіндегі бейнесіне ұқсата бастадым. Анамның жас кезіндегі түрі қазаққа онша ұқсамайтын еді ғой, ол кісі татарларға ма, әйтеуір басқа халықтарға біршама ұқсайтын. Дегенмен, әр бала үшін өзінің анасы идеал, үлгі тұтатын адам ғой, жігіттер жар таңдағанда анасына ұқсайтын қызды біліп іздемейді, ол ақылдан тыс, түйсік арқылы берілетін ақпарат шығар, бірақ жарым анама ұқсаса, оған тек қана қуанамын.

– Үлкен ұлыңыз сөз түсінетін жасқа жетіп қалыпты. Сіз оған әжесі жайлы айтасыз ба, жалпы ол әжесінің кім екенін тани ма?

– Әрине, айтамын. Үйдегі қонақ бөлмеде анамның үлкен суреті ілуі тұр, жанында роялі бар, сол суретті көрген кезде «апа, апа» деп қуанып кетеді. Үлкен ұлымның музыкалық қабілеті жақсы ғой деймін, көлікте келе жатқанда радиодан анамның әндерін беріп жатқанда, алғашқы ноталарынан-ақ «мынау апам ғой» деп танып қояды. Ал кіші ұлымызға әжесімен «танысуға» әлі кішкентай, ол енді ғана сөйлеуге талпынып жүр.

«ОНЫҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫН ЕНДІ ТҮСІНГЕНДЕЙМІН»

– Анам қайтыс болғанда мен бар болғаны 19 жаста болатынмын. 2-ші курстың студентімін, еш алаңсыз өмір сүріп үйреніп қалған маған анамның қапияда болған қазасының қандай соққы болғанын айтып жеткізе алмаспын, өкініштің ащы өксігі әлі күнге дейін сезіледі. Кейде
Әнші Мәдина Ералиева, 1985 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
қатты қиналғанда, ол кісіні сағынғанда анамның үнтаспасын қосып тыңдаймын, оның орындауындағы әндер маған ерекше күш бергендей болады.

Бұрын мен анамның әндерін көп тыңдамайтынмын, жастау кезде көбіне Батыстың әндерін тыңдап өстік қой. Қазір өзім «Ақсарай» театрында жұмыс істегелі және анам жанымда жоқ болғаннан бері ойлап отырсам, анамның фольклорлық-этнографиялық сарында ән салатындардың арасында ерекше әнші екенін түсіндім.

Қазір де осы стильде ән айтатындар бар ғой, бірақ жеткілікті тұрғыда насихатталмайтындықтан болар, халық көп біле бермейтін әншілер де кездеседі. Қазақ «алтынның қолда барда қадірі жоқ» дейді ғой, анам тірі болғанда былай етер едім, әндерін әрлеу барысында мынадай кеңес берер едім деп ойға бататын кездерім де болады.

Қазір ойлап отырсам, менің анам өз саласының шебері, ән әлемінің «маңмаңгері» болған екен. Өнерге деген сүйіспеншілігі мен өзінің бойына біткен еңбекқорлығы мен қайсарлығының арқасында халқының сүйікті әншісі болды. Анам өмірден өткенде қоштасуға келген халықтың көптігінен жер қайысты, сонда жиналғандардың аузынан мұнша көп адам Дінмұхаммед Қонаев қайтыс болғанда ғана болып еді дегенді естіп қалдым.

– Мәдина Ералиева халық үшін қайталанбас әнші, елдің ерке «Ақбаяны» еді, ал отбасында ол кісінің қандай адам екенін ұлынан артық ешкім біле қоймас?

– Анам тазалықты қатты сүйетін. Ешқашан тыным таппайтын, үнемі тіршілік істеп жүретін, өте еңбекқор адам еді. Сондай-ақ жауапкершілігі өте жоғары, мені де әр ісіме жауапты болуға, тиянақты болуға үйрететін. Жылы жүзінен мейірімі төгіліп тұратын, өзі
Әнші Мәдина Ералиева өзін елге әйгілі еткен «Ақбаян» әнін шырқап тұр, 1978 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
қиналып тұрса да, ешқашан ешкімнен қолынан келген көмегін аямайтын, достыққа да өте берік әрі өте адал жан еді.

Анам маған және өзінің сіңлісі Сағира тәтеме қатты қамқорлық жасап, еркелететін, ол екеумізге «мен өліп қалсам, бұл заманның қасқырларына жем болып кетесіңдер ғой» дегенді жиі айтатын. Қазір осы сөздердің қаншалықты рас әрі жанды екендігін түсініп жүрмін. Пысықтау, ширақтау, заманға сай болыңдар деген мақсатпен айтқаны екен ғой.

Анам сахнада қандай үлбіреп тұрған нәзік болғанымен, үйде әйел ретінде де, ер азамат ретінде де кез-келген жұмысты атқара беретін, тіпті құрылыс жұмыстарына да белсене кірісіп кететін. Өзі жастайынан жетім қалып, қиындықты өте көп көрген адам ғой. Сол себептен де барлық шаруаға ебі бар болатын.

Ал тігіншілік өнерін нағашы атамнан дарыды дейтін. Анамның нағашы атасы кезінде аты біраз жерге тараған керемет тігінші әрі ұста болған екен. Әлі күнге дейін сол атамыздың нағашы әжемнің жасауына берген «Зингер» деген өте ескі тігін машинасы бар үйде.

ОЛ ТАБИҒАТ-АНАМЕН СЫРЛАСЫП, ДАЛАДА СЕРУЕН ҚҰРҒАНДЫ ҰНАТАТЫН

– Халыққа Мәдина Ералиеваның тек әнші ретінде ғана емес, жақсы тігіншілігі де мәлім, ол кісі қолы қалт еткенде немен айналысушы еді?

– Өнер адамдарының аса көп бос уақыты бола бермейтіні белгілі ғой, дегенмен гастрольдік сапарлардан, концерттерден сәл қолы босай қалса, анам табиғат-анамен сырласып, далада серуен құрғанды ұнататын. Анам табиғатты керемет жақсы көретін, кейде жұмыстан шаршап келе салып, мені ертіп «Медеуге» баратын.

Мұндай кезде мен оны оңаша қалдырып, өзім көлікте отырып күтетінмін, ол өзі жалғыз өзеннің жағасында отырып, судың аққанын тыңдайтын. Өзі Сырдың тумасы болғандықтан шығар, концерттік сапарларға шыққанда, Сырдың суын «туған жердің суы тірі болады» деп ыдысқа құйып сіміретін. Сондай-ақ өте ырымшыл адам еді.
Мәдина Ералиева Каспий теңізінің жағасында, Ақтау қаласы, 1997 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.


Өнерде жүрген қыз-келіншектердің арасында алғашқы болып, 90-жылдардың басында көлік жүргізді. Көлік жүргізгенді жаны сүйетін, «машина айдасам демалып қаламын» дейтін. Тумысынан алғыр, қабілеттілігінің арқасында көлік жүргізудің өзін 3-4 сағатта-ақ үйреніп алды.

Қаламыздағы Жансүгіров даңғылында орналасқан автодромда 3 сағаттан астам уақыт нұсқаушымен бірге отырып үйреніп, содан шығып үйге дейін көлікті өзі жүргізіп келді. Мен де көлік жүргізуді сол мектепте үйрендім, сонда бұл іске кем дегенде 4-5 күннің керек екенін байқадым. Анамның алғырлығы мен зеректігі болашақта менің балаларыма дарыса екен деп тілеймін.

– Мәдина апай жайлы естеліктерде ол кісіні ерке де нәзік болумен бірге өр мінезді өжет болатын деген сөздер айтылады, анаңыз осы мінезін сізге байқататын ба еді?

– Иә, ондай мінезі де бар еді. Дегенмен, анам маған көбіне мейірімділікпен қарап, еркелетуге тырысатын. Сол кезде мен анамның өзге кісілердің көзінше еркелеткенінен қатты ұялатынмын. Соншалықты аналық көл-көсір мейірімін танытатын, бірақ кей-кейде жауапсыз, тиянақсыз істерімді көргенде, жақсылап тұрып сазайымды тарттыратын. Қазір өзім де балаларыма тек мейіріммен қарап, еркелетіп қана өсірудемін, кейде сол үшін келіншегіммен келіспей қалатын кездеріміз де болады.

– Анаңыздың сізге немесе сіздің оған жасаған ерекше сыйыңыз есіңізде ме?

– Анам гастролдік сапарлармен шетелдерге жиі барып тұратын еді ғой, сол сапарларынан маған түрлі сыйлықтар әкелетін, оның көп бөлігі кітаптар болатын. Кітаптың ішіне «Арсенге мамасынан» деп жазып, қолтаңбасы мен сатып алынған күнін белгілеп қоятын, сол сыйға тартылған кітаптарды әлі күнге дейін оқып жүрмін.

Ал өзім анама өмірімде бір ғана сыйлық жасаппын. Қателеспесем 18 жасымда шығар. Анамның туған күніне үлкен гүл шоғын сыйға тартқанмын. Ең бірінші әрі ең соңғы сыйым сол еді.

«ӨМІРІНІҢ СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ИСЛАМҒА ДЕН ҚОЙДЫ»

– Анаңыз қайтыс болғанда халық арасында жол апатына байланысты көптеген әңгімелер болып жатты. Сіздің бұл жайлы пікіріңіз қалай?

– Әрине, түрлі сөздер болды. Ол сөздердің болатынын білгем де, себебі менің анам жәй адам болған жоқ, халқының белгілі перзенті, ерке қызы болды. Танымал адамдардың артынан міндетті түрде неше түрлі сөздер ереді ғой. Бірақ сайып келгенде, ол Алланың жазған
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиева, 1999 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
ғұмыры, пенденің Жаратқанның берген өлшеулі өмірінен артық жасамасы ақиқат қой, апат айтып келмейді.

Оның үстіне қараша айында жол тайғақ, анам апатқа ұшыраған көліктің ішінде өзімнің жездем де болған. Жол үстінде күтпеген жағдайлар туындап жатады. Мысалы, менің көлік жүргізгеніме 10 жыл болды. Осы уақыттың ішінде қанша жолдастарымыз жол апатынан қаза болды. Яғни, анамның қазасына тағдырдың жазғаны, айтып келмейтін ажалдың құрығы жеткен кез деп қараймын.

– Пендеге Алла-тағала бақилық боларын сездіреді екен дегенді көп естиміз, ал сіз анаңыздан осындай жағдайды байқамадыңыз ба, әрине, дәл сол кезде болмаса да, кейіннен еске алғанда?

– Мен пәлендей қатты сездім деп айта алмаймын, бірақ анамның соңғы уақыттардағы тым діншіл боп кеткендігі ойлантатын. Анам жалпы Аллаға сенетін адам еді ғой, бірақ ешқашан Құран сүрелерін жаттап, оқып жүргенін бұрын-соңды көрген жоқпын, әлде балалықпен байқамадым ба екен.

Ал қайтыс болуына бір жыл қалғанда анам кенеттен Исламға бет бұрып, Құран оқитын, имамдармен, шариғатты жақсы білетін адамдармен уақытын көп өткізетін болды. Тағы бір ескеретін жай, анам қазасының алдында берген сұхбаттарында «түсімде Арыстан бап сені күтіп отырмын ғой, қашан келесің?» деп айтты депті.

Әрине, ол кезде анам ол түсін басқаша жорып, сол әулиеге зиярат етіп те бірнеше рет барып қайтты. Бірақ ол кісінің тағы бір қасиеті - өте сезімтал адам болатын, содан да өзінің қазасын алдын ала сезген шығар деп ойлаймын.

«АНАМ ДҮНИЕДЕН ОЗҒАН СОҢ ӘКЕММЕН АРАЛАСА БАСТАДЫМ»

– Мәдина Ералиеваның халыққа сыйлы адам болғаны баршаға мәлім, сол себепті де аралас-құралас жандар көп болған шығар, ал күнделікті өмірде кімдермен жақын дос болды?

– Әрине, елдің алдында жүрген азамат ретінде көптеген жақсы-жайсаңдармен дастархандас, дәмдес болды ғой, бірақ сахнадан, қоғамнан тыс тіршілікте ол кісінің қатты жақын араласатын адамдары көп болған жоқ. Қазір есіме түсіп отырғандарды атасам, «Адырна» ансамбліндегі конферансье Гүлзия Байбосынова, Ақтау қаласындағы құрбысы Ұлбосын Ахметова, ал әншілерден Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Майра Ілиясовамен және сазгер Қалдыбек Құрманәлімен жақсы араласты, қалғандары өзінің туыстары болатын.

– Адам нағашы жұртқа екі дүниеде қарыздар дейді ғой, сіз анаңыздың туған жері Қазалымен қарым-қатынастасыз ба?

– Анам ата-анасынан ерте айырылған, жалғыз сіңлісі Сағира тәтемнен басқа бірге туған бауыры жоқ. Дегенмен ол жақта анамның төркін жұрты, ол кісінің нағашыларының балалары бар. Бірақ қонысымыз басқа болғандықтан, жиі барып тұрамын деп айта алмаймын. Жұмыс бабымен немесе той-жиындарға жалпы сәті түскен кезде барып тұрамын.

– Сіз әкеңізбен тек анаңыз дүниеден озғаннан кейін ғана араласа бастадыңыз ба?

– Иә, анам өмірден кеткесін, жаныма жақын адамның өте керек екенін түсіне бастадым. Сөйтіп, 2003 жылдан бастап әкеммен жақсы араласып тұрамын. Қазір бір шаңырақта, бірге қызмет істейміз. Қарым-қатынасымыз жақсы. Мен негізі ол кісімен ертерек бала кезімде араласқым келген еді, бірақ балалықпен ол мақсатқа қарай еш қадам жасамаппын, кеш аралассақ та әкем екеуіміздің арамызда ешқандай қиындық туындаған жоқ.

– Ұлдарыңыздың бойынан, қылықтарынан әке-шешеңізге ұқсастық байқалмай ма, жалпы олар кімге тартқан?

– Енді ол жайлы әлі айтуға ертерек болар. Дегенмен, үлкен ұлымның көптеген қылықтары мен түр-әлпеті әкеме ұқсайды. Ал кіші ұлымызды достарымыз бен туыстарымыз, тіпті алғаш көрген адамдардың өзі менің анама ұқсатып жатады.

«ТАНЫМАЛ АДАМДАРДЫҢ БАЛАСЫ БОЛУ – ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ»

– Баланың бәрі кішкене күнінде мақтануға бейім болады. Сіз бала кезіңізде Мәдина Ералиеваның ұлымын деп мақтанушы ма едіңіз?

– Әрине, еш мақтанбадым десем өтірікші болар едім, менде ондай сезімнің болғаны рас, анамның аз ғұмырында ел сыйлайтын дәрежеге көтерілгеніне, халықтың сүйікті қызы болғанына қазір де мақтанамын. Бірақ, мен осы мақтаныш сезімімді сыртқа шығаруға қазірге дейін ұяламын.

Мектепте жүргенде де оны айтып ерекшеленгім келмейтін. Қарапайымдылықты ұнатамын. Бір кісілер «Мынау Мәдинаның ұлы» дегенде қатты қобалжимын, себебі мен үшін ол үлкен жұмыс болып көрінетін. Атақты адамның баласы болу деген үлкен жауапкершілік жүктейді ғой.

Қазақтың өнеріне менің анамның қалдырған қолтаңбасы қандай болса, әкемнің де сіңірген еңбегі жеткілікті, оның бәрі халықтың көз алдында. Бірақ Мәдина Ералиева мен Болат Атабаевтың баласы болу іштей жүрегіме мақтаныш сезімін ұялатқанымен, сыртыма шығармайтын себебім: сондай адамдардың баласы деген атаққа ылғи барлық жағынан лайық болып жүру дегеннің оңай еместігін бала кезімнен-ақ түсіндім.

Мектепте де сабағымды жақсы оқып, қолымнан келгенше анамның атына кір келтірмеуге тырысып бақтым, ұстаздардың да, құрбыластарымның да мені анамның атағы үшін ерекшелеуіне жол бермеуге ұмтылатынмын. Жалпы айтсам, бұл маған мақтаныштан гөрі артар жүгі ауыр жауапкершілік деп қабылдаймын.

– Асыл анаңызды тудырған, оның сыңғырлаған дауысын құрметтеген елге деген тілегіңіз қандай?

– Талай дарын мен талантты дүниеге әкелген қазақ деген халыққа, анамның тыңдарманы мен көрермендеріне деген құрметім шексіз. Елі сыйламаған адам өнердің көгінде қалықтамаған болар еді, сондықтан да анамның әнін сыйлап, «Ақбаян» деп ат берген жұртқа айтарым тек қана алғыс, өнер адамдарының әр қадамын насихаттап жүретін журналистер қауымына да көп рахмет!

Ал өзім жұмысқа келе салып қарайтын интернет парақтардың ішіндегі шоқтығы биік, таразының басын тең ұстауды мақсат еткен Азаттыққа шығармашылық табыс тілеймін. Қаламдарыңыз мұқалмасын, өшпес өнерді дәріптеудегі жұмыстарыңыз жемісті болсын!

– Сұхбатыңызға рахмет!
XS
SM
MD
LG