Accessibility links

Бейбіт Оралұлы: Компьютердің жетілуі өнердегі адам факторын тыс қалдырып отыр


Композитор Бейбіт Оралұлы. (Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан)
Композитор Бейбіт Оралұлы. (Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан)

«Қайран жастық», «Іңкәр дүние», «Сүйеді екем», «Неге?», «Мұны неге білмейсің?», "Бозжорға" сияқты ел арасында кең тараған көптеген шығармалардың авторы Бейбіт Оралұлымен сұхбат бүгінгі ән өнері мен оның өзекті мәселелері турасында өрбіді.


ФОНОГРАММАДАН БІРДЕН ҚҰТЫЛА АЛМАЙМЫЗ

– Қазіргі кезде сахна мен ән өнерінің ажырамас атрибутына айналған фонограммасыз ән айту мүмкін бе? Бір кездері оны алып тастау туралы да сөз көтерілді емес пе?

– Сахнада «тірі» дауыспен ән айту үшін жан-жақты дайындық керек. Техникалық жағынан дыбысты жеткізу деген мәселеде біз, басқа елді былай қойғанда, Ресей мен Өзбекстанның деңгейіне де жеткен жоқпыз, бізде мұндай мектеп жоқ.

Бұл мына проблеманың техникалық тұсы ғана, ал әншілерге келетін болсақ, оларды фонограмма «жеп қойған». Көп әншілер айтатын әнінің сөзін білмейді, олардың фонограммаға сүйенгені соншалық, студияда әннің мәтінін қағазға қарап айтады, ал сахнаға шыққанда өзі салатын әнін жатқа білмейді.

Фонограммамен ән айтып жүрген әншінің дауысы да жаттықпайды, яғни формадан шығып қалады. Бірақ біз фонограмманы дәл қазір алып тастай алмаймыз, жаңағы мен айтып отырған дыбыстың жеткізілуі, режиссура дегенге қоса сахна мен көрерменнің, яғни сіз бен біздің мәдениетіміздің көрінісі болғандықтан, бұл мәселеге қалай болса солай қарауға болмайды.

Фонограмманы жәй ғана ән айтуды жеңілдетудің жолы деп емес, мәдениетіміздің айнасы деп қарауымыз керек. Дыбыс жазу дегенді тіпті үлкен индустрия деуге болады, бірақ бізде, өкінішке қарай, Ресейде дайындалатын осындай арнайы мамандар жоқ, бұл саладан білім алған Әлім Байғарин сияқты бірді-екілі ғана адам бар.

Осындай себептерден біз фонограмманы бірден тоқтатып тастай алмаймыз, мәселен, Әзірбайжан мемлекеті бұған тиым салды, біз олай жасау үшін технологиямызды жан-жақты жетілдіруіміз керек.

1970-80-ші жылдарғы ансамбль, оркестр дегеннің қаулаған кезіндегідей саясат қазір іске асып, ол қазіргі заманауи технологиямен ұштастырылса ғана фонограмманы жеңуге болар еді.

Екіншіден, сапа жағын да ескеру керек, үлкен залдарда өткен «тірі» дауысты концерттерді теледидардан беруге болмайды, өйткені тағы да сол – біздің телеарналардың техникалық мүмкіндігі жоқ.

«Тірі» дауысты концерт болу үшін әрбір музыкалық аспапқа микрофон қойылып, бәрінің дыбысы естіліп тұруы қажет, олай болмаған жағдайда сапасыз болып есептелетін концертті теледидардан бере алмайсың, сондықтан фонограммаға жүгінуге тура келіп отыр.

Мүмкіншілік жоқ деп айта алмаймын, бірақ соны жасайтын мамандар керек. Бұл жағынан кезінде әртүрлі пікірлер туғызған «Азия дауысы» жақсы үлгі көрсетті, жыл сайын Мәскеуден арнайы мамандар алғызатын, әрине, оған көп ақша бөлінді, сол үшін де таяқ тиді ғой оларға.

«Азия дауысында» сахнада өтіп жатқан концерттің дыбысын тазалап, тізбегімен теледидарға жіберіп отыратын, ал бізде мұндай техникалар да, мамандар да жоқ. Сондықтан, әзірге фонограммамен бірден ат құйрығын кесісе алмаймыз.

– Көпшіліктің арасында фонограмманың алынбауына әншілер де мүдделі деген сыңайдағы пікірлер бар, бұған не дейсіз?

– Әрине, олар бұған бой үйретіп алды, бірақ, мұны шектейтін уақыт келді. Мәселен, Мәскеуде әкімшіліктің қолдауымен өтетін үлкен концерттерде тек қана «тірі» дауыспен ән айту керек деген қаулы шықты.

Бұл деген бірден шауып тастамай, біртіндеп сіңіретін жүйелі саясат. Бізде де осындай шектеулер болса, уақыт өте келе әншілер де, тыңдарман да соған қалыптасар еді. Жалпы, әншілерге үлкен талап қойылуы керек.

Сонда ғана олар өздері айтатын әндердің ұмытып қалған сөздерін жаттайды, диплом алғаннан кейін ұмытып кеткен педагогтерін іздей бастайды.

Талаптың жоқтығынан қазір небір білімді ұстаздар мен композиторлар жұмыссыз отыр, өйткені, әншілердің кім көрінгенге жаздырып, сахнаға алып шыққан әні көрерменге «өтімді» болып тұр.

Тағы бір өкінішті жағдай, көптеген әншілер бір әнді алып, «мынаны өңдеп бер» деп әрлеушіге тапсырады да, өзі әрі қарай тірлігімен айналысып жүре береді. Ол қанша жерден жақсы ән болса да, әншінің зер салып қарамағандығынан, әннің тағдырын әрлеушінің қолына өткізе салғандығынан сапасыз, әрсіз, нәрсіз дүние болып шығады.

Ән жазу студиялары жаңадан ашылғанда өнер ұжымдарының бәрі жабылып келіп, атақты әншілеріміздің өздері күні бұрын жазылып қойып, уақытымен келіп әндерін әрлететін, ол кезде жақсы әншілер көп болғанымен, жақсы ән жасайтын студиялар аз болды.

Жалпы, біздің өнерімізге компьютердің дендеп енуі өнер әлемін ойыншықтандырып жіберді деуге болады, өнер әркімнің ермегіне айналып, құнсызданып кетті.

Кезінде әр үйде караоке деген болды ғой, қалаған уақытыңда қосып алып ән айта беретін, сол сияқты процестер дами келе ертеңгі күндері екі үйдің бірінде студия ашылатын дәрежеге жетеміз, мұның соңы қайда апаратынын сезініп отырмыз ба? Яғни, компьютердің жетілуі өнердегі адам факторын ығыстырып тастады.

– Ал бұны өзгерту үшін не істеу керек?


– Бұған құзырлы мекемелердің тарапынан сүзгі болатын бір орган арқылы әсер ету керек. Қала аумағында ма, республика аумағында ма, қадағалаушы орган бәрібір керек.

Бірақ, біздің мінезіміз қиын ғой, кейде «шаш орнына бас алатын» асыра сілтеулер болып жатады, сондықтан мен осы орган деген сөздің өзін айта беруден қорқамын.

Өйткені, Совет үкіметі кезіндегі цензураның бір жақтылығынан жас авторларды тіпті жолатпайтын, олардың дүниелері жақсы ма, жаман ба, бәрібір сараптан өтпейтін, бар жазығы оның жастығында еді.

Мұндай ұшқарылықтарға ұрынбас үшін әр нәрсенің шегін біліп барып жасау керек. Әрине, мұндай таңдау, талқылау болған жерде аяқтан шалу, бақталастық деген болып тұрады, оны да жасыра алмайсың.

Бірақ, ең болмаса әр қаланың өз аумағында болса да кеңесіп барып, сарапқа салып асылы мен жасығын айыратын мамандар болуы тиіс. Жалпы алғанда, фонограмма біздің өнердің өрістеуіне, әншілердің кәсіби тұрғыдан ұшталуына белгілі дәрежеде кесірін тигізді, ән айтпайтын адамдар мен талантты әншілерді бір қазанда қайнатып, талғамды да бұзды.

ЭСТРАДА ҒАНА ЕМЕС ДӘСТҮРЛІ ӘН ӨНЕРІНІҢ ӨКІЛДЕРІ ДЕ КОМПЬЮТЕРГЕ ИЕК АРТАТЫН БОЛДЫ

– Қазақстанда қазір насихаты күшті жанр – эстрада болып тұр, бұл ән өнерінің басқа салаларының кенжелеуіне әсер етіп отырған жоқ па?

– Әрине, белгілі дәрежеде әсері болады, бірақ, бірін-бірі ұстап тұр деуге тағы болмайды, эстрада деген бұқаралық сипаттағы жанр ғой, бұл совет кезінде де болды.

Ол кезде эстрада халық музыкасына немесе классикаға кері әсер етті деген пікір болған жоқ қой. Бір нәрсенің дамуын қолмен бұғаулауға болмайды, эстрада да біздің мәдениетіміздің бөлшегі ғой, дами берсін.

Менің айтайын дегенім, эстрада озып кетіп, біз шаңында қалдық екен деп, бір-бірімен жанрларды араластырып қойыртпақ жасауға болмайды. Эстрада ғана емес, қазіргі дәстүрлі ән өнерінің өкілдері де толығымен компьютердің көмегіне сүйенетін болды, ал бұл өз кезегінде терме мен жырдың әрін кетіріп, тыңдарманның қызығушылығын кемітеді.

Таңды таңға ұрып жырлайтын жыраулар мен термешілерді көзіміз көрді ғой. Қазіргі дәстүрлі әншілер дауыстарын компьютермен студияға жазып алады да, терме мен жырдың сөзін ұмытып қалады, мұндай әншілер таңға дейін жырламақ түгілі, бір сағат та ән айта алмайтын халге жетеді.

Және, мұның ең жаманы, тыңдарман мен орындаушының арасындағы энергетика жойылады, яғни тірі дауыспен арқаң қозып айқайлап айтқан жырды тыңдағандағыдай көзге көрінбейтін байланыс болмайды.

Сондай-ақ, фонограммаға сүйеніп, ауызын жыбырлатып қана тұрған жыршы домбыраны да жан-тәнімен беріліп ойнамайды. Егер «тірі» дауыспен айтса, домбыраның дыбысымен жыр мен терме одан әрі әрленіп, жандана түседі, яғни аспап пен дауыстың үндестігінің залға беретін әсері ерекше, мұндай жағдайда реакция да бөлек болады.

Ақшасына билет сатып алып концертке барған көрерменге ылғи фонограммамен ән тыңдап қайту қызық емес қой, тіпті әншінің аузын жыбырлатып қана тұрғанын білген тыңдарманда ешқандай көңіл-күй де болмайды.

– Домбырамен айтылған әнді ешкім тыңдамайтын болды деген де пікір бар ғой?

– Ондай пікірдің бары рас, бірақ мен бұған қосылмаймын. Бұл жаңағы мен айтқан әнді өңдеу деген мәселеге қатысты шығып отыр деп ойлаймын, әрлеуші деген кәсіптің аты бекер аталмаған ғой.

Домбыра, мүмкін, түрлі дыбыс қосылған эстраданың қасында жалаң көрінетін шығар, ол үшін міндетті түрде фонограммамен айтып тыңдатамын деуге болмайды.

Қазіргі дамыған технологияның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жыр мен терменің де әрлеуін студияда жасатып алып, неге орындамасқа?

Цифрлы технология деген дамыған үстіне дамып жатыр, бірақ соған сеніп, әнші өзінің орындаушылық қабілетінен айырылып қалмауы керек, қысқасы әнші ән айтуы керек қой.

Студияда жазып алынған фонограммамен бір жыл бойы жүре беруге болады, бірақ дауысты баптау деген әнші үшін маңызды орында тұруы қажет, яғни бұлай жүре берсе ән айту техникасынан айырылып қалады, әрі-беріден соң залдың көңіл-күйіне әсер ете алмаса несі жыршы оның?

Фонограмманы әннің көркемдігі үшін деп ойлаймыз, бірақ шығармашылық адамы ретінде залдың қолпаштауынан шабыттанбаған соң, өзіңнің өнерің арқылы көрерменмен арада байланыс орнатпаған соң өнердің мәні бола ма?

Жалпы алғанда, эстрада болсын, дәстүрлі ән болсын, өнердің қай саласында да проблема бар, біздің футболдағы жетістіктеріміз қандай болса, музыкада да сондай, бәрі бір қоғамның тармақтары болған соң қиындық ортақ, барлығында ақсап тұрған тұстар баршылық.

Әйткенмен, бұдан трагедия жасаудың қажеті жоқ, орнына келмейтін ештеңе жоқ, уақыт өте барлығы да қалпына келеді, тек соған бүгіннен бастап қам қылып, арнайы кәсіби білімі бар мамандарды дайындауымыз қажет. Мұның барлығы біздің мәдениетіміздің жетілуіне байланысты және қоғамның көзқарасынан туындайтын дүниелер.

– Соңғы кезде сәнге айналған ұғымның бірі — шоу бизнес, мұның жағдайына қандай баға береміз?

– Бұл туралы айтсақ, біздегі Ресейдің стандартымен орыс аудиториясына жұмыс істейтін орындаушылар Ресейдің шоу бизнесіне теңесе алмаса да, жақындайды.

Маған ұнайтындар «Ринго» тобы, Эрик Тастамбековтің, Қыдырәлі Болмановтың жобалары. Ұнағанда, бұлардың жұмыс істеу тәсілін үйрену керек, мысалға, презентация, ротация мәселелерінде үйренеріміз көп.

Ал біздің әншілердің көбі өз репертуарларын тойға арнап таңдайды. Маған бір жігіт «сенің 5 мың долларға жасатқан әнің мен біреулердің 50 долларға жасатқан әндері тойдағы бір дыбыс аппаратынан шығады ғой» деген, осы нәрсе біздегі дамуды біраз тоқтатып тұр, бірақ уақыт өте келе бұл да екшеледі.

Тойға барып нәпақа тауып, жанымды бақсам болды деген әнші мен өнердің шын берілген өкілінің бір сахнада жүруі адамның өнерге деген ынтасын жоғалтатыны рас. Мен өзім талай әншіні бірнеше халықаралық байқауларға дайындадым, нәтижелері жаман болған жоқ, мұның өнер адамына беретін шабыты мен әсері ұшан-теңіз.


ӘНШІЛЕР ТОЙДАН ТАПҚАН ТАБЫСЫНАН САЛЫҚ ТӨЛЕУІ ТИІС

– Таяуда бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып, жазылған әншілердің табысына салық салу мәселесіне қалай қарайсыз?

– Бұл біздің менталитетімізге байланысты шаруа ғой, қазақ деген жан-жағы көп, ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысатын халық қой, сондықтан кей тойдан уыстап ақша алып шықсаң, кейбірінен шапан киіп қайтасың дегендей.

Тойға шақырушылардың бәрі бірдей бай-бағландар емес қой. Қалай болғанда да мен салық төлеу мәселесін қажет деп білемін, мемлекеттің өркендеуі салықтың түсіміне ғана байланысты, сондықтан кез келген қоғамның мүшесі салық төлеуден бас тартпау керек.

Бірақ, бұл нәрсені заңды түрде негіздеу керек, ал былайынша, «сен тойға бар да табысыңның бір бөлігін әкеліп бер» деген жарамайды. Ол үшін әншілер патент алулары керек, бәрі тәртіппен жасалуы қажет, әйтпесе салық қызметкерлері әр әншіні ресторан жағалап, қуып жүрмейді ғой.

Ал әншілер неге қарсы болды дегенге келсек, бұл мәселеге қарсы тұрмауымыз керек, керісінше, өзіміз барып «салық төлейін деп едім» дейтіндей дәрежеге жетуіміз керек.

Кейбір елдерде салықтан жалтарғандарды масқара жазалайтынын біле тұра, неге ерікті түрде еліңнің өркендеуі үшін табысыңды бөліспеске деп ойлаймын. Бірақ, әншілердің табысының деңгейі әртүрлі ғой, сондай сияқты көп жайды ескеріп, зерттеп барып жасауға болады ғой.

Әншілер заңды түрде тіркеліп, салық төлеп тұрса, ол оның қоғамдағы азаматтық белсенділігін көрсетеді, елдегі әншілердің хал-ахуалын білу статистика үшін де маңызды болар еді.

Жалпы, мейлің әнші бол, мейлің құрылысшы бол, сен осы елдің азаматысың, Отаныңды айқайлап ән айтып сүю басқа, ал салық төлеу сенің парызың дер едім, өйткені, бұл сенің туып-өскен бесігің, оны қадірлеуге міндеттісің!

– Әңгімеңізге рахмет!
XS
SM
MD
LG