— Дәстүрлі әншілік деген бірте-бірте жойылып бара жатқан сияқты ғой. Біз, баяғы Ақандардың, Біржандардың жолын ұстанып, дәл сондай болмаса да ұқсап бағып, ән айтып жүрген әншіні қазір көре алмай отырмыз. Күйшілік өнердің де келісіп тұрған жағдайы шамалы. Дүниені таңғалдырамыз деп күй тартамыз. Оған скрипканы, тағы бір даңғырлақ бірдемені қосақтап қоямыз.
Оу, дүниеңіз домбыраның тума үніне зәру емес пе! Дәстүрлі өнердің жағдайын көтеретін арнайы бағдарламар өте қажет. Мемлекет тапсырма беріп, осылай істеңдер, біз қолдаймыз деп бір ауыз сөз айтса, соның өзі көп шаруаға мұрындық болар еді. Әйтпесе, өздігімен кім істейді? Осылай жалғаса берсе, төл мәдениетіміздің қайнар бұлағынан айырылып қаламыз.
Дәстүрлі әнші Ақан Әбдуәлиев, ұлттық музыка мектептерін әр облыстан ашып, бір орталықтын басқару керек дейді.
— Дәстүрлі өнердің негізгі проблемасының бірі — оның әлі де болса, жан-жақты зерттелмей отырғандығы. Егер, әр облыс, аудан орталықтарынан дәстүрлі музыка мектебі ашылып, бір орталықтан басқарылатын болса, бұл өнердің дамуы мен насихатталуы бүгінгіден көш ілгері болар еді. Биыл Астананың тойында дәстүрлі ән-күй кеші өтті. Сөйтсек, мұнда бәлен жылдан бері ұлттық музыка кеші өтпепті. Оны айтасыз, Семейде 1926 жылдан 2006 жылға дейін ешбір дәстүрлі әндер мен күй кеші өтпеген екен. Біз «Інжу-маржан» деген концерттік бағдарламамен 2006 жылы бардық. Ал, мұндай кештер солтүстік облыстарда мүлдем өтпейді. Тіпті, ол өңірлерде дәстүрлі әншілік мектеп пен күйшілік өнерді ұстап келе жатқан екі-үш адам ғана бар.
Сондықтан, мемлекет тарапынан көңілмен қоса қаражат бөлініп, жоғарыда айтқан дәстүрлі ән-күй мектептерін ашса, онда халықтық өнер дамитыны айдан анық.
Қазан айының 7-сі күні басталған «Мәңгілік сарын» дәстүрлі музыка фестивалін ұйымдастырушы «Ел» продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі Ғалым Доскеннің айтуына қарағанда, мемлекеттік орталық мұрағаттан алынған музыкалық шығармалардың бастапқы үнін сол қалпына қайта келтіру мүмкін емес.
— Біз қазір, орталық мұрағатпен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Осыған дейін белгісіз болып келген күйшілер мен әншілердің шығармаларын тауып, өңдеп, халыққа жетуін қамтамасыз етіп жатырмыз. Әр өңірдегі әншілік және күйшілік мектептің көзі тірі жалғастырушыларын іздеп тауып, студияға әкеп шығармасын жаздырып алып, оны да таратып, архивке өткізіп жатырмыз. Болашақта, қажет ететіндер болса, қол жетерлік дайын дүние. Бірақ, дискіде жазылған дүниелер көп уақытқа шыдамайды. Оны озық технологиямен жазуға шамамыз жетпей отыр. Егер мемлекет «мына істерің ауқымды әрі қазір де, болашақта да қажет екен» деп іліп әкетсе, қой деп жатқан ешкім жоқ.