«ҚЫЗЫҚ КӨРГІҢ КЕЛСЕ, СОТҚА КЕЛ»
Дүйсенбі күнгі сот отырысынан шыққан зейнеткер және Гуманистік партияның ұйымдастырушысы Мақсұт Оразай, Азаттыққа сұхбат беру барысында «қызықтың көкесі сотта екен» деп өз эмоциясын жасыра алмады.
– Егер қызық көргілеріңіз келсе, театрға барма, комедияға барма – сотқа кел. Қызықтың көкесі сотта болады екен! Ермекті жаламенен қамамақшы болып жатқан әрекет қой бұл, – дейді Мақсұт Оразай.
«Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаевтың үстінен «билік өкілдерінің өмірі мен денсаулығына қауіп тудырмайтын әрекет
Суретте алдыңғы қатарда отырған үшеу айыпкер Ермек Нарымбаевтан жәбір көргендер ретінде сотқа қатысып отыр. Ортадағы әйел – Алматы әкімшілік сотының судьясы Ақнәзік Қоразбаева. Алматы, 21 маусым 2010 жыл.
жасады» деген негізде қылмыстық іс қозғалып отыр. Нарымбаев өзін сот залынан көлікке алып бара жатқан полиция қызметкерлері – Алматы қаласы Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының екі учаскелік инспекторларына қатысты зомбылық жасаған.
Ермектің әйелі Зоя Нарымбаеваның айтуынша, арызды әлгі екі полицей жазған. Олардың жазуларынша, «полицейдің біреуін жерге жығып, екіншісінің погонын жұлып алған және қалтасын жыртқан».
Қылмыстық кодекс бойынша бұл орташа ауырлықтағы қылмыс болып табылады. Оған айып салудан бастап бес жылға дейін түрмеге жабу қарастырылған.
Оқиға 2 мамырда Алматы қалалық әкімшілік сотының ғимаратында өзіне қатысты әкімшілік іске байланысты сот отырыстарының арасындағы үзілісте болған.
ӨЗАРА СӘЙКЕССІЗДІК
Нарымбаевтан жапа шеккен полиция инспекторлары дүйсенбі күнгі алғашқы сот отырысында куәлік берді. Сот отырысынан шыққан Ермек Нарымбаевтың інісі Арманның сөзінше, куәгерлер айтқандары өзара сәйкес келмеген.
– Куәгерлердің айтқандары бір бірімен сәйкес емес. Олар әскери адамдар болғандықтан әдетте рапорт бергендей барлығын тарсылдатып, жаттанды айтып береді. Ал сот барысында оларды сұрастыра бастап еді, олар қашқақтап, арасында шатасып, ең аяғында білмеймін дегенді айтып жатты, – дейді Арман Нарымбаев.
Өзара сәйкессіздіктердің болғандығын сотқа қатысқан Мақсұт Оразай да растап отыр.
– Полицейлердің режиссерлері нашар ғой. Біреуі «бас» десе, біреуі «құлақ» дейді. Полицейлердің бастығы келіп «мен мәшинаның есігін аштым», дейді. Сол кезде Ермек сол қолын ұстап тұрған полицейдің пагонын жұлып алып жерге тастаған. Басқа полицейлер машинаның есігі жабық тұрды дейді. Ермектің оң қолын ұстап бара жатқан полицей сол қолымен есікті ашайын дегенде Ермек өз қолын жұлып алып пагоны мен қалтасын жыртып тастаған. Осылайша олардың бірінің айтқанына бірінікі сәйкес келмей жатты, – дейді Мақсұт Оразай.
Ермек Нарымбаевтың әйелі Зояның, күйеуінің Қазақстан президентіне қатысты сыни пікірлері бүгінгі қозғалып отырған қылмыстық істің негізгі себебі деген пікір айтады.
«Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев қылмыстық жазаға тартылмас бұрын, әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді.
1 мамыр күні ол демократиялық қоғамдастықтың республикалық жиылысында сөз сөйлеп, «Назарбаев, кет!» деген ұран көтерген. Оны оппозицияшыл саясаткер Жасарал Қуанышәлин қолдаған.
Жиылысқа қатысушылардың бейбіт шеру өткізуіне полицияның кедергі жасауына қарсылық ретінде, жиылыстан соң екеуі де аштық жариялады. Оларға тағы бірнеше жақтастары қосылды.
Аштық жариялаушылардың басты талаптарының бірі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметтен кетуі болатын.