Accessibility links

«Республика – деловое обозрение» газеті Мұхтар Әблязовтан бойын аулақ салды


Оксана Макушина, "Республика - деловое обозрение" газетінің бас редакторының орынбасары. Алматы, 5 ақпан, 2009 ж.
Оксана Макушина, "Республика - деловое обозрение" газетінің бас редакторының орынбасары. Алматы, 5 ақпан, 2009 ж.

Ақпанның 5-і күні «Республика – деловое обозрение» газетінің редакциясы премьер-министр Кәрім Мәсімовке ашық хат жолдап, Астанадағы баспаханалар алдағы уақытта осы газетті басудан бас тартып отырғандығынан хабардар етті. Премьер Мәсімов күтпеген жерден газетке қолдау танытты.

Дәл осы аптада "БТА" банктың төңірегінде шулы оқиғалар өрбіген болатын. Жақында ғана президент Назарбаевпен кездескен осы банктың директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әблязов аяқ астынан қызметінен босатылды.

Мұхтар Әблязовтың есімі үнемі «Республика – деловое обозрение» газетімен байланыстырылып келгендіктен, көпшілік жұрт енді осы газеттің басындағы проблеманы да "БТА" банктың бұрынғы басшысымен байланыстырып отыр.

Алайда «Республика – деловое обозрение» газетінің бас редакторының орынбасары Оксана Макушина газетті "БТА" банктың бұрынғы басшысы ешқашан қаржыландырмағандығын, тіпті онымен достық қатынаста болмағанын айтады.

Азаттық радиосының тілшілері одан баспахана мен Мұхтар Әблязовқа қатысты сұхбат алған еді.

– Оксана ханым, газетке не болып жатыр?

– Әзірге, осы аптада, газет Алматыда да, Астанада да шығады. Бірақ Астананың баспаханалары бұл жолы газетті соңғы рет басып шығаратынын, алдағы уақытта баспайтындығын бізге ескертті.

– Оның себебін немен түсіндіреді?

– Олар ешқандай қисынды себеп айтқан жоқ. Бұдан былай бізбен қатынастарын үзетіндігінен ғана хабардар етті.

– Редакция мен баспахана арасында жасалған келісімшарт бар емес пе?

– Міне, олар сол келісімшарттың талаптарына сай бізді құлағдар етіп отыр ғой. Және алдағы уақытта бізбен жұмыс істемейтіндерін, келісімшартты ұзартқылары келмейтінін ескертті.

– Ал келісімшарттың мерзімі қай кезде бітуші еді?

– Дәл қазір менің есімде жоқ. Онымен біздің тарату бөлімі шұғылданады.

– Сіздер басқадай балама жолдарды қарастырып жатырсыздар ма?

– Әзірге біз бір ғана жол көріп отырмыз: газеттің бүкіл санын Алматыдағы баспаханада басқызу, әрине, ол өзіндік қиындықтар да туғызады.

– Баспаханаға қатысты Алматыда да әлгіндей жағдай қайталанады деп ойламайсыздар ма?

– Ондай әңгімелер айтылып та жүр, бірақ Алматы баспаханасында оны жоққа шығарды. Олар газетті басатындарын айтып отыр.

– Ал сіздер премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына жазған үндеулеріңізге жауап алдыңыздар ма?

– Бір таңқаларлығы, премьер-министр біздің үндеуімізге айтарлықтай жылдам жауап берді. Оның баспасөз хатшысы бізге телефон шалып, үкіметтің тарапынан баспаханаларға ешқандай қысым жасалмағандығын жеткізді. Мұны үкіметтің және ақпарат министрлігінің атынан айтқан ол, ешкім де шаруашылық жүргізуші субъектілердің ісіне араласып, оларға қысым жасай алмайды деді. Бұндай жағдайды 2002 жылы басымыздан өткергенімізді айтқан бізге баспасөз хатшысы ондай іс-тәжірибелер келмеске кеткен деп жауап берді.

Және де, премьер елде барлық газеттердің шығуына мүдделді болғандықтан, өзінің блогында біздің газетке сілтеме жасауды немесе тіпті сол блогқа біздің газетті тұтастай орналастыруды ұсынды.

– Тіпті солай деді ме?! Оксана ханым, сонда да, баспаханаға қатысты туындаған проблеманы сіз немен байланыстырар едіңіз, мүмкін оның ерекше бір себептері бар шығар? Айталық, сіздердің проблемаларыңыз "БТА" банктың бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтың тұлғасымен байланысты емес пе? Көпшілік жұрт «Республика» газетінің ар жағында Әблязов тұр, сіздерді сол қаржыландырады деп ойлайды.

– Мұхтар Әблязовпен біздің ақшалай да, дос-жолдастық та қарым-қатынасымыз жоқ. Біздің елімізде сондай бір түсінік қалыптасқан: қаржы-өнеркәсіп топтарының қолдауынсыз ешқандай газет өмір сүре алмайды-мыс. Және кейбір жағдайларға байланысты, әйтеуір бізді Мұхтар Әблязовпен байланыстырып айтады. Тиісінше, осы аптада "БТА" банкте туындаған проблемаларды біздің газетке де таңа бастады.

- Енді қалай, барша жұрт бұл туралы ол тұтқындалған сонау 2002 жылы айтқан болатын. Және ол өзі де бұны жасырмаған секілді еді...

– Біздің газет ешқашан Әблязовқа арқа сүйеген емес.

– 2002 жылы да ма?

– Ол кезде де біздің газет ешкімге, соның ішінде Әблязовқа да тәуелді болған жоқ.

– Түсінікті. Егер сіз Алматыда тағы да баспаханаға қатысты проблемаға тап болсаңыз не істемексіз?

– Біз оны бірден көпшілікке жария етеміз. Ол туралы барлығы білетін болады. Қандай жағдай болмасын біз газетті шығарамыз.

– Оксана ханым, сұхбат бергеніңізге рахмет!
XS
SM
MD
LG