Accessibility links

Интернетті реттеу туралы заң жобасы оған арналған тұсау дейді блогшылар


Алматыдағы интернет-кафелердің бірінде.
Алматыдағы интернет-кафелердің бірінде.

Сәуірдің 17-і күні Алматыда басталған «BarСamp Central Asia 2009» жиынында жаңа медиа кеңістігіндегі өзекті мәселелерді талқылау үшін ТМД, Орталық Азия, шығыс және батыс Еуропаның блогшылары бас қосты. Ал парламент қарап жатқан заң жобасы блогты бұқаралық ақпарат құралына теңестіреді.

ҚАЗАҚСТАНДА БАРКЭМП ТҰҢҒЫШ РЕТ ӨТКІЗІЛІП ОТЫР

«Конференция», «форум» сияқты қоғамды жалықтырған атаулардан өздерін аулақ ұстайтын жаңа медиа иелері өздерінің осы секілді бас қосуларын «Баркэмп» деп атайды. Мұндай кездесулердің ерекшелігі сол - оның ресми түрдегі ұйымдастырушылары болмайды, тек бастамашыл топтар мұрындық болады. Сондай бастамашыл топтың жетекшісі Елена Жетпісбаевадан Алматыда өтетін жиынның жоспарымен қысқаша таныстыруын өтінген едік.

– Бұл жиынның мақсаты – жаңа медиа өкілдері мен интернетке қатысы бар мамандардың басын қосып, таныстыру, өзара диалогқа шақыру, бір-бірлерімен тәжірибе бөлісу болып табылады. Бұл IT және медиа мамандары, блогшылар, азаматтық журналистика мен веб-девелопмент өкілдері.

Биылғы жиында Қазақстандағы ірі ІТ-компанияларының өкілдері үлкен жобалардың таныстырылымын жасамақшы. Бұдан бөлек жексенбі күні «Barcamp ideas markets» атты стартап байқауы өтеді.

Онда әрбір қатысушы өзінің жобаларын таныстырады. Ең үздік 5 жобаның иесі бағалы сыйлықтармен марапатталып, өзінің идеясын жүзеге асыруға біршама мүмкіндік алады.

Мұндай кездесу бұған дейін әлемнің 350 қаласында өткен. Ал ТМД көлемінде ең алғаш Баркемп Кивете өтсе, Алматы - аталмыш шара өтетін үшінші қала болайын деп тұр.

Қазақстанда тұңғыш рет өткізіліп отырған Баркэмп жиыны қазақ блогосферасының дамуына да септігін тигізеді деп үміттенеді қазақ блогшылары.

«Neweurasia.net» Орталық Азия блогтар жүйесінің қазақ бөлімінің үйлестіруші-редакторы Асхат Еркімбай:

– Баркэмп елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғандықтан, алғашқы мақсат – блогшылар арасында ынтымақтастықтың қалыптасуы, бір мақсатқа жұмыла қызмет ете білу тұжырымдамасын түйсіну маңызды болуы керек деп ойлаймын. Сол кезде бұл екінші Баркэмптің де алдағы уақытта болатынына кепіл болады.

Менің ойымша, Баркэмпте блогшыларға қоғамда тәуелсіз тұлға ретінде қалыптасуға септесетін презентациялар көп болғаны жақсы. Сондай ақ, олардың бастамаларын қаржылай қолдайтын, бәлкім кейін бизнес саласында да ортақтасатын мүдделес жандар жиналғанын қалар едім.

Қазақ тіліндегі блог мәселесі бұл Баркэпмте негізгі тақырыпқа айналмас. Десе де бір секция соған арналады. Баркэмп қатысушылардың өзімен ұйымдастырылатын бейресми конференция болғандықтан, қазақтілді қатысушылар өздері белсенділік танытатын болса, Баркэмптен өздеріне пайдалы болатын көп нәрсені үйренер еді.

«ҮКІМЕТ МҮШЕЛЕРІ ЖЕКЕ БЛОГТАРЫН ӨЗДЕРІ ЖҮРГІЗБЕЙДІ»

Мамандар блог ұғымына анықтама беруге тырысып келеді. Оны жеке күнделікке, әлеуметтік желіге, пікірталас алаңына да жатқызушылар бар. Десе де, блог бұл қазақ үкіметінің мүшелері елестеткендей, блогшының орнына оның көмекшілері толтыратын, құрғақ «арыз шағымдардың» жәшігі емес дейді мамандар.

Бұл тұрғыдан алғанда, мамандар үкімет мүшелерінің жыл басынан бері ашқан блогтарын мүлде блог деп атауға келмейтінін айтады.

– Қазір блог ұғымы лайланды. Ол үкімет адамдарының блогтары деп қабылданатын сияқты. Оны көріп, қарапайым халық бұған үлкен жауапкершілік керек екен деп блог ашудан ат тонын ала қашатын болады, – дейді Интернет сайттарын жасаумен айналысатын маман Аршат Оразов.

Биылғы жылдың басында Қазақстанның премьер министрі Кәрім Мәсімов блог ашқанын мәлімдеп, өзге министрлерге де блог жүргізуге тапсырма берген еді. Business Resource талдау орталығы өткен айда үкіметтік блогтарға шағын зерттеу жүргізіп, нәтижесінде министрлердің көп жағдайда сұрақтарға өздері жауап бермейтінін, бұл міндетті баспасөз қызмет өкілдері атқаратынын анықтапты.

– Бұл блогтарда адамның ойы, пікірі сезілмейді. Ал жауаптар да министрлік немесе құзырлы органның жазбаша түрде құрғақ хаты сияқты. Мұндай блогтардан қоғамға еш пайда жоқ. Министрлік пен құзырлы органның тұтастай бір тобы құр босқа пайдасыз іске уақытын жіберіп жатыр, – дейді қазақстандық саясаттанушы, блогшы Эдуард Полетаев.

«ПАРЛАМЕНТ ҚАРАП ЖАТҚАН ЗАҢ ЖОБАСЫ - ИНТЕРНЕТКЕ САЛЫНАР ТҰСАУ»

Қазақстанда блогтың құқықтық статусы әлі анықталған жоқ. Қазіргі таңда парламентте талқыланып жатқан интернетті реттеуге арналған заң жобасы блогты бұқаралық ақпарат құралына теңестіріп, солармен бірдей құқықтық жауапкершілік артуды көздейді.

Алайда, үкімет дайындаған заң жобасындағы мұндай жаңа өзгерістер елдегі журналистік ұйымдар мен құқық қорғаушылар тарапынан қатты сынға кезігіп отыр.

– Біздің қоғамның ақпаратты еш кедергісіз алуына құқығы бар. Егер де біз бұл норманы қабылдайтын болсақ, біздің тұрғындар Қазнеттен «қашатын» болады, – дейді Қазақстандағы сөз бостандығын қорғаушы «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева.

Сайт жасаушы маман Аршат Оразовтың пікірінше, аталмыш заң жобасы қазіргі күйде қабылданса, онсыз да ауқымы тарылып бара жатқан интернет кеңістігіндегі сөз бостандығының жағдайы қиындай түспек.

– Менің ойымша, бұл ақымақтық. Интернет деген еркін платформа. Оған тұсау салынатын болса, мен білмеймін, әрі қарай не болатынын. Әлі күнге дейін интернетте сөз еркіндігі жоқ. Мысалы, орыстар өздерінің ойын ашық білдіріп жаза алады, ал біздікілер жаза алмайды. Адамдар үкіметке қатысты жеке ойларын, саяси пікірлерін айта алмайды. Интернеттің өзін еркін платформа деп айтуға болады ғой. Сол еркін кеңістікте де айта алмайды.

Сәуірдің 16-сы күні мәжіліс депутаттары даулы заң жобасына қатысты пікірін сұрап бас министр Кәрім Мәсімовке қайрылды. Премьер он күннің ішінде өз жауабын беруі тиіс.

ҚАЗАҚ БЛОГОСФЕРАСЫ ӘЛІ ҚАЛЫПТАСУДА

Жаңа медиамен таныс, оның басы-қасында жүрген жастардың бағалауынша, қазақ блогосферасы қазіргі таңда қалыптасу кезеңін бастан кешіруде.

– Бірінші кезекте қазақ тілінде ақпараттық технологиялық сауаттылық жетіспейді. Содан кейін әлі де болса, интернетке барлық қазақ тілді қолданушылардың қолы жетіп отырған жоқ. Қазақ тілінде блогтарымыз біздердің азаматтық қоғамға қосып отырған кішкентай үлесіміз ғана.

Блогтың ар жағында автор, бер жағында дүниенің күллі оқырманы тұр. Осы бір жауапкершілік көп блогшыларға қорқыныш ұялатады. Қазақ блогосферасы қазақ мүддесін өзгелерден қорғау үшін емес, қазақ мүддесін қазақтарға насихаттауға көбірек жұмылдырылса деймін, – дейді блогшы Асхат Еркімбай.

Асхат Еркімбай қазақтілді блогшылар мен орыстілді блогшылар екі тілдегі азаматтық қоғам тәрізді екі бөлек әлем болып отырғанына өкініш білдіреді.

– Олар бір-бірін жақсы танымайды. Мәселен, бір орыстілді блогшы «Қазақ тіліндегі әлемдегі тұңғыш подкаст» жасадым деп жар салды. Асылында, қазақ тіліндегі алғашқы үнхабарлар (подкастар) бұдан екі-үш жыл бұрын пайда болған.

Тіпті, кейбір орыстілді жастар қазақ тіліндегі блогтарды көріп, таңданып жатқандары да бар. Тағы бір өкініштісі, Қазақстан тәуелсіз болғалы жиырма жылға жуық уақыт болып қалса да, қазақ тілі әлемдік ақпарат кеңістігіне сай емес деген қасаң көзқарастағы жастар бар, - дейді Асхат Еркімбай.

Сонымен бірге, блог жайлы түсініктің аздығынан жұрт жеке блог ашып жүргізуге жүрексінеді.

– Қарапайымдылық жоқ. Көп адамдар блогқа әдеби тілмен жазу керек деп ойлайды. Соның салдарынан көбісі жазғысы келмейді.Көп адамдарға «сен неге блог ашпайсың? Жақсы ойларың бар ғой» десең, «жаза алмаймын» дейді. Белсенділік жоқ.

Қазақ тіліндегі блогтардың санының аз болуының да себебі сол. Сондай-ақ, басты кедергілердің бірі – wordpress.com сияқты блог сервистердің аздығы. Бірақ, онда да көп нәрселер дұрыс аударылмаған.

Көп адамдар блогты қалай ашу керектігін білмейді. Осы сияқты мәселелердің алдын алу үшін біз достарымызбен бірігіп, осы жазда қазақша блог сервис ашайық деп жатырмыз.

Ол жерден кез келген адам өзіне блог аша алатын бола алады. Ішінде барлығы да қазақша болады. Сонымен қатар блогтардың сапасы жақсарып, жиі жаңарып тұрса деймін, - дейді Аршат Оразов.

Қазақстандағы ең алғашқы блогшының аты-жөні Ерлан Асқарбеков. Оның орыс тілінде ашқан жеке блогы (blog.kz) 2005 жылы пайда болды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG