РАУШАН ЕСІРГЕПОВАНЫҢ РҰҚСАТЫ
Сәрсенбі күні Азаттық радиосының редакциясына келіп түскен хатта бүкіл әлемдегі ар-ождан тұтқындарын бостандыққа шығару мәселесімен айналыстан америкалық «Бостандық» үкіметтік емес ұйымы қазірде Тараз қаласында түрмеде отырған «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың ісіне алаңдаушылық білдіріп, оның атынан әрекет етуге ниеттеніп отырғаны айтылған.
Сол күні Азаттық тілшісі телефон арқылы хабарласқанда, журналистің жары Раушан Есіргепова, америкалық заңгерлердің сұрауы бойынша, «Бостандық» ұйымына Есіргеповтың атынан қимылдап, іс-әрекет етуіне рұқсат беретін құжаттарды дайындап жатқандығын растады.
Ол Рамазан Есіргеповқа қатысты барлық материалдарды шілде айында Вашингтондағы заңгер фирмаға бергенін айтты.
– Бұл ұйым заңгер фирмадан Рамазан Есіргеповке қатысты барлық материалдарды алғанын хабарлады. Енді Рамазан Есіргеповты босату үшін ұйым оның атынан әрекет ету үшін менің оларға ресми түрде рұқсат беруімді сұрап отыр. Бұл жай ғана заңды тұрғыда рәсімделетін құжат. Мен өз рұқсатымды жазбаша түрде ағылшын тіліне аударып, нотариалды түрде бекітіп, бүгін жіберемін, – деді Раушан Есіргепова сәрсенбі күні Азаттық радиосына.
АҚШ-тағы «Бостандық» үкіметтік емес ұйымына сотталған қазақ журналисі жайындағы барлық ақпаратты Вашингтондағы халықаралық құқық мәселелерімен шұғылданатын заң фирмасы беріпті. Осы мекеменің адамдары Журналистерді қорғау комитетінің өкілі Нина Огнянованың есебін оқып, шілде айының басында Рамазан Есіргеповтың зайыбымен тілдескен екен.
ҚАПАСТАҒЫ ЖУРНАЛИСТ
Журналистерді қорғау комитеті халықаралық ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өкілі Нина Огнянова шілде айының басында Рамазан Есіргеповпен кездеспек болғанымен Тараз түрмесінің әкімшілігі оны Есіргеповпен жолықтырмай қойған болатын.
Шілденің 8-і күні Журналистерді қорғау комитеті халықаралық ұйымы Тараз түрмесінің әкімшілігін сол мекемеде аштық жариялап жатқан Рамазан Есіргеповті дәрігердің бақылауына алуды қамтамасыз етуге шақырып, мәлімдеме таратты.
Онда Журналистерді қорғау комитеті Қазақстан билігін Рамазан Есіргеповті тезірек түрмеден босатуға үндеді.
Аштық жариялардан бұрын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 55 елдің атына жасаған мәлімдемесінде Рамазан Есіргепов ЕҚЫҰ-на төрағалық еткелi жарты жыл болған, адам құқықтары мен бостандықтарын бұзып келе жатқан Қазақстан билігі авторитарлық режимнiң батпағына әбден малшынып бiттi дей келе, еуропалық ұйымға мүше елдердiң Қазақстандағы жағдайға көзжұмбайлық жасап отырғанын атап көрсеткен-ді.
Шілде айының аяғында Тараз қаласындағы абақтыда жазасын өтеп жатқан тәуелсіз журналист Рамазан Есіргепов БҰҰ-ның адам құқы жөніндегі комитетіне шағым жазды. 28 шілде күні журналистің әйелі Раушан Есіргепова шағымды адам құқығы жөніндегі Қазақстандық бюроға жіберіпті. Бюро қызметкерлері БҰҰ комитетіне жіберілетін шағымның түпкілікті нұсқасын дайындайды.
Бұл шағымында журналист өзіне қатысты істің әділ қаралуы мен барлық заң баптарының сақталуын талап ететіндігін жазған.
2009 жылы тамыз айында Тараз сотының шығарған үкімі бойынша тәуелсіз журналист Рамазан Есіргепов қызмет бабындағы құпияны заңсыз жариялады деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айрылған еді. Сонымен бірге сот екі жылға оған журналистік және баспа жұмысымен айналысуына тыйым салды.