Accessibility links

Қазақ тілі мәртебесін нығайтумен айналысатын мекеме құжаты - орысша


Бақытқали Мұсабеков, Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының төрағасы. 8 қыркүйек 2009 жыл.
Бақытқали Мұсабеков, Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының төрағасы. 8 қыркүйек 2009 жыл.

Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасында құжаттардың басым бөлігі тек орыс тілінде жүргізіліп келген, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту жұмыстарына бюджеттен бөлінген қаражат мақсатсыз жұмсалған дейді тексеріс жүргізген прокурорлар.

ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ МЕКЕМЕСІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ АХУАЛЫНА САЛҒЫРТ ҚАРАҒАН

Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының жұмысына тексеріс жүргізген прокурорлар басқарма тарапынан бағынышты қызметкерлердің жұмысына ведомстволық бақылаудың жоқтығы да анықталғанын айтады. Тексеріс нәтижесі көрсеткендей қазақ тілін оқып үйренуде үлгі алатын басқарманың өз ішінде құжаттар мемлекеттік тілде жүрмейді.

– Басқармаға мемлекет тарапынан 120 мемлекеттік қызметкердің қазақ тілін үйренуі үшін бөлінген 4 миллион теңгеге жуық қаражат мақсатсыз жұмсалған. Атап айтсақ, қазақ тілін үйрету сабақтары 120-ның орнына 60 адамға ғана өткізілген. Сонымен қоса, басқарма
Руслан Нұрғалиев, Қарағанды облыстық прокуратурасының өкілі. 8 қыркүйек 2009 жыл.
тарапынан мемлекеттік мекемелердегі қазақ тілінің қолдануына 2008 жылдың ішінде 3-ақ рет тексеріс жұмыстары жүргізілген, – дейді облыс прокуратурасының өкілі Руслан Нұрғалиев.

Сонымен қатар басқармада жұмыс істейтін тәртіптік жауапкершілікке тартылған қызметкерлер жауапкершіліктің шешілмегеніне қарамастан, қомақты сомада сыйақылар алып тұрған.

Мәселен Ержанова атты азаматша тәртіптік сөгіс ала тұра екі рет 120 мың теңгеден сыйақы алған көрінеді. Сонымен қатар басқарма тарапынан жүретін мемлекеттік сатып алуларда да бірқатар заңбұзушылық орын алған дейді прокурорлар. Ол – мемлекеттік тапсырыс беру ісінде тендер өткізу кезінде заңды белден басу әрекеттері әшкереленген.

Әлеуетті өнім беруші – облыстық тілдерді дамыту басқармасы жариялаған жыраулар және шешендік өнері байқауын өткізу мен ұйымдастыруға мемлекеттік тапсырысты «Жақанова» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алады. Кейіннен белгілі болғаны, «Жақанова» ЖШС-нің төрайымы сол басқармада бөлім бастығы болып жұмыс атқаратын Жақанова атты азаматша болып шыққан. Яғни жоғарыда көрсетілген байқау жұмыс беруші және өзінің қызметкері арасында өткен.

Тексерісте әшкереленген дүниелердің ең сорақысы, прокурорлардың айтуынша, ондағы құжаттардың қазақ тілінде жүрмеуі болған. Ондағы техникалық және есептің құжаттардың барлығы орыс тілінде жүргізіліп келген болып шықты.

БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ «БАЙҚАМАЙ ҚАЛЫППЫЗ» ДЕЙДІ

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының төрағасы Бақытқали Мұсабеков прокуратураның тағып отырған кейбір айыптарымен келіспейтінін айтады.

– 2008 жылы 45 мекемені тексердік. Оған коса тілдер комитетінің бөлімшелері 37 тексеріс өткізді. Қосқанда 100-ге жуық болады. Биылғы жарты жылдың ішінде 50 мекемені тексердік. Ал прокуратура осы тексерістерге шығарылған 3 бұйрықты ғана көріп, тексеріс 3-ақ рет болды деп жүр. 120 мемлекеттік қызметкердің орнына біз бөлінген қаражатқа 170-ке жуық маманға қазақ тілі сабақтарын өткіздік.

Ал құжаттарға келсек, мұнда жағдай ауыр. Мәселен, «Тіл туралы» заңның 5-ші бабында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп тұрса, сол заңның 5-ші бабы екі тіл тең дәрежеде қолданылуы керек делінген. Тағы да сол заңның 9-шы бабын сұрап кез-келген нормативтік құқықтық акт тек қазақ тілінде жүру керек десем, «ағай, сіз заңның 8-ші бабын қараңыз, онда іс қағаздары екі тілде жазылсын делінген» деп қарап тұрады. Енді мен осы заңның шалалығына бола құнды инженер, экономист сияқты мамандардан айырыла алмаймын ғой, – дейді Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының төрағасы Бақытқали Мұсабеков.

Оның айтуынша, ҚР-сының тіл туралы заңына әлі де толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі қажет.

«Қол-аяққа тұсау болған қазіргі заң бойынша жұмыс істеудің бүгінгі күні тілді дамытуға келтіріп отырған зияны аз болмай тұр. Қолдан келгенше қазақ тілін дамытуға бағытталған прозаиктер, ақындар және өзге ұлт өкілдері арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылып жүр. Бірақ мұның барлығы мемлекеттік тіл тек қана қазақ тілі болғанда ғана өз жемісін береді», – дейді ол.

Ал құзырлы органның тексерісі барысында анықталған мемлекеттік тапсырыс беру ісіндегі кемшіліктерді басқарма төрағасы мойындауға мәжбүр болды.

– Жоғарыда айтылған Жақанова атты азаматшаның біздің басқармада жұмыс істейтіні рас. Бірақ ол осы жыраулардың өмірін зерттеп жүрген ғалым адам. Жұмысты білетін адамға табыстағанның несі айып деп ойладым. Сөйтсем бұл заңға қайшы екен. Жауапкершілікке тартылған қызметкерге сыйақы тағайындау, қазір декреттік демалыста отырған бір қызметкердің шалалығынан орын алды. Ол құжаттарды әкелген, мен қол қоя салғанмын. Ал мемлекеттік сатып алуға қатысқан екі мекеменің қожайыны бір боп шыққанын, шынын айтсақ, байқамай қалыппыз, – деп ақталды Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының төрағасы Бақытқали Мұсабеков.

Тексерістерден кейін басқарма бастығы мен ондағы 4 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Прокуратура өз кезегінде анықталған заңбұзушылықтарға байланысты істердің ары қарай тексерілуі үшін, материалдарды қаржы полициясына өткізген.
XS
SM
MD
LG