«ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ХАБАРЛАР «НЕ ВАЖНО»
Облыстық телеарнаның 9 тілшісі өздеріне басшылық тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын айтып дабыл қағуда. Олардың айтуынша, облыстық телеарна бастығы Берік Дүйсетаев білікті тілшілерді түрлі айла-тәсіл қолдану арқылы жұмыстан қуып, олардың орнына бұл салада тәжірибесі жоқ тамыр-таныстарын орналастырып жатыр.
– 2009 жылдың күзінен бері телеарнадағы ақпараттық бағдарлама тілшілерінің барлығы дерлік қаламақы (гонорарлық) жүйеге ауыстырылды. Берік Дүйсетаев мұны Қазақстан ұлттық телеарнасының ұсынысы бойынша әр облыстағы осы корпорацияға қарайтын телеарналардың өзін-өзі қаржыландыруға көшетіндігімен түсіндірді. Сондықтан әр тілшінің еңбегіне қарай табысы – қаламақысы жоғары болады делінді. Ол үшін әр тілшімен азаматтық құқықтық келісімшарттар жасалатын болды. Бірақ телеарна басшысы Дүйсетаев қаламақыны көтермеді. Ол аздай 31-наурыздан кейін тіпті жұмыссыз қалып отырмыз, – дейді «Қазақстан Қарағанды» телеарнасының тілшісі Мөлдір Дүйсекина.
Мұның сыртында келісімшарт бойынша енді жалдамалы тілшілерге айналған журналистерге демалыс, іссапар және ауырған жағдайда өтемақы төлеу тетіктері қарастырылмаған. Тілшілердің айтуынша, Берік Дүйсетаев телеарна басшылығына келген бес жылдың ішінде білікті мамандардың барлығы жұмыстан түрлі себептермен қуылып кеткен.
Баспасөз-мәслихатын өткізіп, арыз-армандарын ортаға салған Қарағанды телеарнасының журналистері ең бастысы Дүйсетаевтың қазақ тіліндегі ұлттық рухты көтеруге бағытталған 10-нан аса хабарды жауып тастағандығын ашына айтты.
– «ҮТ», «Әйел әлемі», «Сыр сұхбат», «Жансарай», «Ойбезбен», «Елбасы және ел қамы», «Таңшолпан», «Сәрсенбінің сәтінде», «Аймақ тынысы» сияқты облыс жұртышылығына етене таныс, әлеуметтік-экономикалық ахуалға шолу жасайтын және ұлттық рух пен сананы көтеруге бағыттталған бағдарламалдар тегіс жабылды. Неге десек, «не важно» деді. Бұл өз сөзі, – дейді «Қазақстан Қарағанды» телеарнасының тілшісі Ерлан Төлеутай.
Қарағанды телеарнасы тілшілерінің ойынша, бұл хабарлардың жабылуының ар жағында мемлекеттік тапсырысқа бөлінетін миллиондаған теңге қаражатты жымқыру әрекеті жатыр. Осы хабарлардың орнына Қазақстан ұлттық телеарнасында көрсетілетін хабарларды көшіріп алдыратын Берік Дүйсетаев оны есеп ретінде облыстық ішкі саясат департаментіне өткізіп отыр дейді журналистер.
Соның нәтижесінде ешқандай шығынсыз бюджеттен бөлінген қаражатты санап ал да отыра бер. Алайда осының барлығына қадағалау жүргізетін облыстық әкімшілік пен оның ішкі саясат департаментіндегілердің көздері соқыр ма? Тілшілер көкейінде осындай сауалдар сайрап тұр.
«МАҒАУИН – ҚАШҚЫН ДИССИДЕНТ, ӘУБӘКІРОВ – ОППОЗИЦИОНЕР АТАНДЫ»
«Қазақстан Қарағанды» телеарнасының тілшілері жазушы Мұхтар Мағауиннің 70 жылдық мерейтойына арналған кештен дайындалған материал Берік Дүйсетаевтың бұйрығымен эфирден қиылып алынып тасталғанын айтады.
Ал телеарнаның түсіру тобы Қарқаралыдан барып Тоқтар Әубәкіров жайлы түсіріліп әкелген бейнесюжет те осының кебін киген. Журналист Ерлан Төлеутай бұл ұлтқа жасалған қастандық дейді.
– Жан жағына жалтақтаумен жүрген біреу, әйтеуір. Әкім қаралар не дейді? Ана материалды шығарып қойсам таяқ жеп қалам ба деп, көлеңкесінен қорқып жүргені. Япырау, Мұхтар Мағауиндей тұлға жайлы матералды эфирге шығармай тастау деген не сұмдық? Мағауин туралы материалдар Қазақстан ұлттық телеарнасында және «Егемен Қазақстан» газетінде басылды емес пе? Мағауинді диссидент санайды да, Тоқтар Әубәкіровты эфирден қиғаны оның оппозиция қатарына өтіп кеткендігінде болып тұр, – дейді Ерлан Төлеутай.
ДҮЙСЕТАЕВ СОВЕТТІК ҚАЛЫПТА ҚАЛҒАНДАРДЫ ШЫҒАРҒАН
Берік Дүйсетаевтың айтуынша, мәселенің барлығы телеарна ішіндегі сонау советтік дәуірден қалыптасқан қасаң жүйені түбегейлі жоюға жасаған талпыныста жатыр екен. Бюджет қаражатына ғана арқа сүйеп үйренген, кезінде облыс бойынша жалғыз телеарна болған ұжым қызметкерлерінің жағдайлары жаман болмаған.
– Әйтеуір мемлекеттен бөлінетін қаржыны бөліп алып отыра беретін олар анау айтқандай жұмыс істеуге құлшыныс білдірмейтін жағдайға жеткен. Кейіннен жекеменшік электронды бұқаралық ақпарат құралдары ашылып, олар да мемлекеттік тапсырыстарды орындайтын деңгейге жетті. Демек бәсекелестік орнай бастады. Жайбасарлыққа үйреніп қалған облыстық телеарна тілшілерінің бәсекелестікке төтеп бере алмай жатқаны жасырын емес.
Облыстық телеарнада тамырын тереңге жайып отырып алған совет заманының үлгісін алған «білікті» мамандар өз орындарынан айырылсын ба? Бастапқы жылдары жасы келген «білікті» ұстаздарды біртіндеп демалысқа жіберіп, орындарына жастарды қабылдадық. Сонан соң эфирге шығарылатын материалдардың сапасына деген талап та күшейтілді. Өйткені қазіргі заманда біз тек сапалы хабарлар тарату арқылы ғана аудитория жинай аламыз. Талаптың күшеюіне көнбегендер, яғни, әркімнің атқарған еңбегіне қарай ғана қаламақы алу тәртібі, әсіресе жалақысын уақтылы алып, тиіп-қашып жүргендер үшін, әрине, дүрлігетін шаруа болды, – деп Азаттық тілшісімен әңгімелескенде «Қазақстан Қарағанды» телеарнасаның басшысы Берік Дүйсетаев өз уәжін алға тартады.
Басшының айтуынша, телеарнада мемлекеттік тілде таратылатын хабарлар үлесі 57 пайыз. Оның 52 пайызы телеарнаның өз өнімі. Ал жоғарыда аталған тоқтатылған хабарлардың орнын басқа хабарлар басты деген Берік Дүйсетаев теледидарда бір бағдарлама мәңгілік көрсетіле беруі мүмкін емес, өйткені, оның да өзінің белгілі бір мерзімі болады дегенді айтады.
Берік Дүйсетаев осы дауды бастағандар өз арыздары өтімді болу үшін оның ішіне Мұхтар Мағауин мен Тоқтар Әубәкіровтерді де қосып жіберген дейді. Оның айтуынша, Тоқтар Әубәкіров туралы материал эфирге шықты, ал Мұхтар Мағауиннің 70 жылдығына орай қала кітапханасында өткен мерекелік шарадан түсірілген бейнематериал дайындалу сапасының төмендігінен эфирге шығарылмаған.
– Өз еңбектеріне қарай қаламақы алу жүйесіне көшу даудың басы болғаны анық. Мен директор ретінде сараптама жасай келе, жұмыс істеуге құлшынысы барлар мен ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүретіндерді осылайша анықтадым. Бұл біріншіден. Екіншіден, мына дағдарыс уақытында штатта қалатындар анықталған соң, қалғандарын жұмыссыз қалмасын деп жаңағыдай тәртіпке көшірдік.
Оларды өздері айтып жүрген қауесеттегідей сәлден соң жұмысқа қайта аламыз деп уәде еткен жоқпыз. Штаттағы тілшілер оларсыз-ақ жұмыстарын толық үлгеріп жүр. Дегенмен сол арыз жазғандардың ішіндегі 2 тілшіні қайта жұмысқа қабылдадық. Себебі, мен олар арыз жазды екен деп жұмыстан қумақ ойым жоқ. Маған керегі тек сапалы жұмыс, – дейді Берік Дүйсетаев.
Ал телеарнадан шеттетілген тілшілер директордың бұл уәждерінің қисынға келмейтінін айтып, жанжал бейбіт жолмен шешілмесе, сотқа шағымданып директордың орнынан алынуын талап етпек.
Телеарна басшысы Берік Дүйсетаев мәселенің сотта қаралуына қарсы еместігін айтып отыр.