ҚЫСТЫҢ СОҢЫ
Қарағанды облысында қар қалың түскен биылғы қыстың соңы шағын өзендердің деңгейінің көтеріліп, елді мекендерге қауіп төндіре бастаған соң наурыз айының 20-нан бастап, облыстық төтенше жағдайлар басқармасы ерекше тәртіппен жұмыс жүргізуге кірісті.
Ауа-райы да қысқа күнде қырық құбылып, тосын мінез танытып тұр. «Кәрі құда» қыстың аяғындағы жылымық күнді кенет алмастырып келген боран-бұрқасын жолды жауып, көлік байланысын тоқтатып тастады.
Қазір облыстағы төтенше жағдай басқармасының қызметкерлері өртке қарсы күрес қызметімен бірге өзендердің тасуына қарсы алдын алу жұмыстарын, сондай-ақ жол полициясымен бірлесіп, облысты басып өтетін күре жолдарды қардан аршу жұмыстарын атқаруда.
Наурыз айының аяғында Қарағанды облысының Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет, Осакаров аудандары территориясында боран болып, жол бойында 75 көлік қалған-ды. Құтқарушылар қар құрсауынан 435 адамды алып ықты. Сол күндері облысты басып өтетін күре жолдар да жабылып, байланыс тоқтатылған болатын.
ҚЫЗЫЛСУ АУЗЫНДАҒЫ КӨКПЕКТІ
Қар артынан іле-шала орнаған жылымшы ауа райынан Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылын еріген қар суы басып кету қаупі туындады. Нұраға құятын Көкпекті өзеніндегі мұз бетіне жайылып шыққан қызыл су ауыл үйлерінің біразын басып қала жаздаған.
Облыс орталығынан 15 шақырым қашықта жатқан Көкпекті ауылының тұрғындары мен қорадағы мал қауіпсіз жерге жеткізілді. Тұрғын үйлердің тұсынан өрт сөндіру техникалары арқылы жайылған су сорылып, бір мәрте қауіптің беті қайтарылды.
Көкпектідегі жұртшылық қызыл судан үрейленіп отырғанда, Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде Нұра өзенінен жайылып шығар суға қарсы қойылған қорғаныш дамбасын күшейту жұмыстары жүргізіле бастады.
– Биік таудан құлап ағар арыны қатты өзені жоқ болғанымен, Қарағанды өңіріндегі шағын өзендер елді мекендерге түрлі деңгейде қауіп төндіруі мүмкін. Бастысы, арнасы құрғап, әдеттегі жылдары тереңдігі небары жарты метрден аспайтын өзендер биыл екі-үш метрге дейін көтеріліп отыр. Біресе суып, біресе жылып тұрған күн райы әсерінен мұз үстінен жайылып кеткен су жолындағы қора-жай, бау-шарбақ, үйлерді шайып кетпесе де, іргесінен құйылып, көлкіп жайылатындығымен қауіпті, – дейді Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Нәсредтин Балтынов.
Ол облыстық төтенше жағдайлар басқармасы осы тараптағы қауіптердің алдын алу мақсатында өзендердің мұзын жару шараларына кіріскенін айтады.
ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР ЕНДІ СУМЕН КҮРЕСУДЕ
Аймақтағы ең ірі өзен саналатын Нұра мен кент іргесіндегі Ботақара көлінен қорғаныш ретінде тартылған 3 шақырымдық бөгеттің биіктігі мен беріктігі талапқа сай болуы үшін жергілікті бюджеттен 8 миллион теңге қаражат бөлініп, «Қарағанды жолдары» кәсіпорнының техникасы жұмылдырылды.
Қарағанды қаласы мен оның маңында орналасан елді мекендердегі жер үйлердің көпшілігі де еріген қар суының астында қалып қойып жатыр. Жер үйлерде тұратын тұрғындар биліктен көмек сұрағанымен қаладағы мемлекеттік қожалық меншігіндегі техникалар су басқан жерлердің барлығын қамтып үлгере алмай жатыр.
Аулаға жайылған суларды сорып алатын техника өрт сөндірушілерде ғана болғандықтан, қалалық өртке қарсы күрес қызметінің басқармасы өз жұмысын қоя тұрып осы науқанға атсалысып кеткен. Өрт сөндіру қызметінің өңірлік басшылығы болса, бұл олқылықтың алдын алуды көп жағдайда тұрғындардың өздері ескеруі керек еді дейді.
– Жер үйлер орналасқан секторларда тұрғындар қыстай аулаларындағы қарды тазалаумен айналыспаған. Үйлерінің маңында су ағар арықтар жоқтың қасы. Үйді айналып өтетін арықтарды қолмен-ақ қазып қоюға болады ғой. Әбден қар еріп, су жайылғанда ғана байбалам салғаннан не пайда? Қала берді көп қабатты үйлердің жертөлелерін де су басып жатыр. Бұл жерде пәтер иелері кооперативтері қайда қарап отыр деген сұрақ туады. Есесіне, біздің қызметкерлер өздерінің атқаруы тиіс негізгі міндеті – өрт сөндіру жұмыстарын ысырып қойып, аулалардың суын тазалауға кірісіп жатады. Ал бірақ бұл біздің міндет емес, – дейді Қарағанды қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Максим Мухин.
Мамандардың мәліметінше, Қарағанды облысында 137 жасанды су қоймасы, бөгет және өзге гидротехникалық құрылыстар бар. Оларға 11 табиғи су қоймасын қосқанда аймақтағы жалпы су қоры 319 миллион текше метрден асады.
42 су қоймасы елді мекендерге тым таяу орналасқан. Жалпы есеп бойынша, облыстағы 63 елді мекен су тасқыны қаупі төнетін аймақта тұр. Бұл ауылдарда 15 мыңнан астам тұрғын халық, 16 мыңнан астам мал басы бар.