Accessibility links

Шымкенттегі шағын аудандардың халқы коммуналдық қызмет түрлеріне зар боп отыр


«Самал» шағын ауданы. Шымкент, 29 наурыз, 2010 жыл.
«Самал» шағын ауданы. Шымкент, 29 наурыз, 2010 жыл.

Шымкенттегі бірнеше шағын ауданның тұрғындары ауыз суға зәру. Салына бастағанына 20 жыл болған бұл аудандарға жарықты жұрт өз күштерімен тартқызған. Тұрғындар жергілікті биліктің құрғақ уәдесінен шаршағанын айтса, билік мұндай жағдайға елдің өзі кінәлі дейді.


ҚЫСТА – ҚАР, ЖАЗДА ӨЗЕН СУЫ


Түрікбеновтер отбасы Шымкент қаласында орналасқан «Шұғыла» шағын ауданына осыдан жеті жыл бұрын көшіп келген. Осы ауданнан жер алып үй соққан.

– Шегі жоқ қиындық. Сузыз күнің қараң екен. Қыста қар ерітіп ішеміз. Құрт-құмыртқасына қарамай Қошқар ата өзенінің суын іштік. Қазір
«Шұғыла» шағын ауданының тұрғыны Күлзейнет Түрікбенова немерелерімен бірге. Шымкент, 29 наурыз 2010 жыл.
тек бақты суарамыз. Үй көбейген сайын су ластанып кетті. Жұрт дәретхананың жолын осында ағызатын болған. Оны көзіміз көрді. 500 теңгеден машинамен су әкеліп сатады. Соны құдыққа құйып қойып, сарғайтып ішеміз. Немерелерімізге суды пәтерде тұратын туыстарымыздың үйінен алдыртамыз. Көрген күніміз осы, – дейді Күлзейнет Түрікбенова.

Су азабын тартқан тұрғындардың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын осы шағын аудандарға ауыз су әкелу үшін құбыр тарта бастапты. Кейін құрылыс тоқтаған. Осы айдан бастап жұмыс қайта жанданып, әр үйден ақша жинаған екен.

– Әр үй 30 мың теңгеден бердік. Бірақ олар су құбырын тек аулаға жеткізіп береміз деген. Әрі қарай үйге өзіміз кіргіземіз. Ол күннің қашан туары да белгісіз. Күнде «ертең» деумен келеді. Биліктің құр сөзіне сенуден қалғанбыз. Депутаттарды тек сайлау алдында ғана көреміз. Қара суға зар болып отырғанымызға жеті жыл болды, – дейді «Шұғыла» шағын ауданының тұрғыны Еділхан Түрікбенов.

ЖАРЫҚТЫҢ ЖЫРЫ

Ауданға ауыз су мен жарық жүргізуді сұрап жергілікті биліктің есігін қағып, табанынан тозған тұрғындар қиындықпен өз беттерінше күресіп жатқанын айтады. Олар өз араларынан ақша жинап, шағын ауданға керекті трансформатор сатып алыпты.

«Оңтүстік-Жарық» мекемесімен келісіп, электр желісін тартқызған. Бірақ ешкімнің меншігінде жоқ мүлік болғандықтан, жарық үшін
«Самал» шағын ауданының тұрғыны Сантай Шәлкеев. Шымкент, 29 наурыз 2010 жыл.
төлейтін баға да өзгелердікімен салыстырғанда қымбат деп шағымданады тұрғындар.

– Біз бөлек бір мемлекет сияқтымыз. Ешкімге керегіміз жоқ. Иесіз жұртта қалғандай күн кешіп жатқанымызға қанша жыл болды. Жарықты да өзіміз тартқызып алдық. Бірақ қазір үй көбейген сайын оның да күші жетпей жатыр. Кешке қарай сығырайып тұрады. Қыста бір ай қараңғыда қалдық. Өзге тұрғындар 10 теңгеден төлейді, біз 13 теңгеден жинаймыз. Оның үстіне көбісі жарықты ұрлап жағады, көрсеткіш асып кетеді, оны тағы жиямыз, – дейді «Самал-2» шағын ауданының тұрғыны Сантай Шәлкеев.

Ауыз су мен жарыққа зар болған жұртқа көгілдір отынға қол жеткізу де орындалмас арманға айналған.

ЖИЫРМА СОЗЫЛҒАН ПРОБЛЕМА


Тұрғындардың басындағы әлеуметтік мәселеден жергілікті билік те хабардар. «Шұғыла», «Самал-1», «Самал-2» және «Самал-3» шағын аудандары Шымкент қаласына қарайды. Аталған аумақтарда жер сатып алған азаматтар өз беттерінше баспана тұрғызып келе жатқанына жиырма жылдың жүзі болды дейді қала басшылары.

Алайда ондағы тұрмысқа қажетті коммуналдық қызмет түрлеріне қол жеткізе алмай отырған халықтың әлеуметтік мәселесінің қай кезде шешімін табатынын жергілікті билік өкілдері де айта алмайды.

– Бұл бүгінде өзекті мәселенің бірі. Екі жылдан бері жұмыс жүріп жатыр. Бюджеттен қаржы бөлінуде. Жұрт 1990 жылдары жер комитетінен жер алып өз беттерінше үй соққан. Еш жоспарсыз, бейберекет жүрігізлген құрылыстың кесірінен құбырларды тарту ісі қиынға соғуда. Бір күнде бітпейтін шаруа ғой бұл, – дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков.

Әйткенмен, қала басшылығының өкілі жарық мәселесін ретке келтіруді қолға алып жатқанын айтады. Алдағы уақытта электр қуатын таратқыштар тұрған жер телімін мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты жұмыстар жүргізіліп, содан кейін қала тұрғындары орталықтандырылған электр көзіне қол жеткізбек дейді шенеунік.

– Су да болады, жарық та жөнделеді, газ да келеді. Су құбырын тарту үшін әр үйден 28 мың теңге алынады. Ол көп ақша емес. Жұмысты аяқтау үшін уақыт керек. Сосын, әрине, жұмысты толық аяқтау үшін қаржы қажет. Ол жағын қазір ойластырып жатырмыз, – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков Азаттық тілшісіне.

Билік органдарының мәліметі бойынша, «Шұғыла», «Самал-1», «Самал-2» және «Самал-3» шағын аудандарында 50 мыңнан астам халық тұрып жатыр.
XS
SM
MD
LG