БАЛАБАҚШАДАН ДЕРТТІ БОЛЫП ОРАЛДЫ
«Березка» балабақшасында тәрбиеленуші балалар бір апта бойы Шахан және Шахтинск қаласы ауруханаларында емделіп жатыр. Ата-аналарының айтуынша, бүлдіршіндер қырқүйектің тоғызы күні кешкісін үйге келісімен денсаулықтары нашарлаған: бастары айналып, құсқан және іштері өткен. Балабақша тәрбиешілері балаларда мұндай белгілер түскі астан кейін біліне бастағанын айтқан.
– Маған тәрбиеші телефон шалып, қызымның денсаулығы нашарлап тұрғанын айтты. Әдеттегі жағдай шығар деп мән бергем жоқ, бірақ оны алып кетуге анам барды. Балам үйге келген соң қайта-қайта құса берді. Ыстығы көтерілді. Ауру басылмаған соң түн жарымында жедел жәрдем шақырттық. Олар бірден қызымды ауруханаға алып кетті. Кейін белгілі болғандай, бұл тек менің қызымда ғана болған жағдай емес екен. Жедел жәрдемдегілер осындай тағы жиырмадан астам бүлдіршінді қарапты, – дейді Зәуреш Күлкешова.
Балабақшада ата-аналарға балалар «тұмаудың ауыз қуысы вирусына шалдыққан» деп түсіндірген. Алайда балалар бір апта бойына тамаққа зауқы соқпай, іштері өтіп, құса берген.
Балабақша қызметкерлері балаларды астан уланды деген болжаммен мүлде келіспейді. Олардың айтуынша, бұл тек «мезгілді вирус салдары». Болған жағдайға қатысты түсінік алу үшін барған Азаттық тілшісін балабақшаға кіргізбеді.
Есік алдына шыққан балабақша меңгерушісі Татьяна Белоусова мұнда карантин жарияланғанын және балалардың бұл жерден уланбағанын тақпақтап айтудан басқа түсінік беруден бас тартты.
Тілшінің байқағаны, балабақша алдында өздерін жергілікті әкімшілік мамандарымыз деп таныстырған адамдар жүрді, полиция қызметкерлері жолды бөгеп тұрды.
ДИАГНОЗ: ІШЕК ИНФЕКЦИЯСЫ
– Бұлардың айтып жатқандарының бәрі жалған. Осы жағдай бола салысымен ертеңгі күні бұл жерде шұғыл түрде жөндеу жұмыстары басталды. Едендер ауыстырылып, қабырғалар сырланды. Қандай көзбояушылық десеңізші! Осыған дейін жөнделмеген асхананы да тілмен жалағандай етіп қойыпты. Өздерінің арттарын тазалаулары ғой бұл. Тағы бір ойландыратын нәрсе: неге түскі астан кейін бір сәби
Зәуреш Күлкешова кішкентай қызы балабақшада астан уланды деп күдіктенеді. Шахан ауылы, Қарағанды облысы, 14 қыркүйек 2010 жыл.
емес, балабақшадағы балалардың басым көпшілігі бірден ауырады? Вирус осылай келуші ме еді? Барлығы бір мезгілде ауыра бастай ма және одан іш өте ме екен? – дейді Зәуреш Күлкешова.Расында казіргі уақытта осы балабақшаға келіп жүрген 230-ға жуық баланың 150-і балабақшаға келмей жатқан көрінеді. Қатты ауырғандары ауруханада, қалғандары үйлерінде ем қабылдап жатыр екен. Мұны балабақша меңгерушісінің өзі де растаған.
Шахан ауылы ауруханасының инфекциялық бөлімінде төрт бала ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың денсаулығы бірқалыпты. Алаңдауға негіз болар күдік сейілген, бірақ бірінші қойылған диагноз – ішек инфекциясы.
Бактериологиялық сараптама қортындысы осы бір-екі күнде дайын болады екен. Ал дизентерия, яғни ішек бұзылуына жүргізілген сараптамаға қарап дәрігерлер «балалар уланбаған» дейді, бірақ олар қайдан пайда болғаны белгісіз ішек инфекциясынан емделіп жатыр.
Айта кететін тағы бір жайт, түсінік алуға барған Азаттық тілшісін көрген жергілікті емхана бастығы тезірек көзден таса болуға асықты, ал қалған мамандар қандай да бір мағлұмат беруден үзілді-кесілді бас тартып, журналистің мекемеден шығып кетуін талап етіп тұрып алды.
– Мен сендер үшін жұмыстан қуылар жайым жоқ. Менің бала-шағам бар, зейнетке дейін де жетуім керек. Бастықтар ешнәрсе «айтпа» деген, айтпаймын, – деді Шахан ауылы емханасының педиатр-дәрігері.
Дегенмен аталған жағдай бойынша жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімі мамандарынан түсінік алуға мүмкіндік туды.
– Мені балабақшада сәбилер уланыпты деп түнгі сағат бірлер шамасында үйден шақыртып алды. Содан таң атқанша жұмыс істедік. Жаңылыспасам, жедел жәрдеммен 22 баланы қарап шықтық, біразын осы жердегі ауруханаға, қалғанын Шахтинск қаласындағы ауруханаға жөнелттік. Алғашқы анықтамалар бойынша, олар әлсіреп, лоқсып құса берген, іштері өткен. Біз олардан анализ алып, сараптамаға жібердік, – дейді Шахан ауылының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің лаборанты Рина Қоңырова.
Ата-аналардың айтуларынша, олардың көпшілігі балабақша меңгерушісіне қарсы келуге қорқады. Олардың көбі, сол ауылдағы білім беру саласында істейді немесе соларға кіріптар адамдар.
– Біз емханаға оларды жазғырып емес, қандай да бір түсінік беріңіздерші деп бардық қой. Демек, бұл жаққа да хабар беріп қойған. Ал бүлдіршіндердің балабақшада уланғаны рас әңгіме. Оны сол жердің медбикелері де айтады, тек жұмыстан айырылып қалудан қорқып жарияламай отыр, – дейді Зәуреш Күлкешова.
Білім мекемесіндегі жағдайға наразы ата аналар енді прокуратураға шағым түсірмек.