Accessibility links

Былтыр бес кенші опат болған Тентек шахтасында биыл үш кеншінің өмірі қиылды


Тентек шахтасы. Шахтинск қаласы, Қарағанды облысы.
Тентек шахтасы. Шахтинск қаласы, Қарағанды облысы.

Маусымның 28-інде 23 сағат 15 минутта Шахтинск қаласындағы Тентек шахтасында тереңдігі 300 метрге жуық лавада көмір қабаты құлап, улы метан газы жайылған. Осы кезде лавада болған кеншілердің 4-уі газ құрсауында қалып, олардың 3- уі сол жерде көз жұмды.

Қауіпті жерде жұмыс істеп жүрген 4 кеншінің бірі - 1982 жылы туған тау-кен бұзу техникасының машинисі Василий Штенцель ғана аман қалған. Ал 1978 жылы туған Рустам Попов, 1984 жылғы Артур Гук атты кеншілердің денелері табылған.

Дереу Тентек шахтасына келіп жеткен жергілікті «ВАСС Көмір» құтқару қызметі мен төтенше жағдайлар департаменті құтқарушыларынан құралған 110 адам құтқару мен іздестіру жұмыстарына кіріскен. Нәтижесінде лавадан 90 кенші аман шығарылған. Іздестіру жұмыстарының барысында маусымның 29 күнгі таңғы сағат 4-тен 26 минут кеткенде конвейер лентасы астынан қаза болған үшінші кенші - Николай Писменчуктің денесі табылған.

- «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты Тентек шахтасында орын алған апатқа байланысты ҚР ҚК 245-бабының 2-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл кен орындарындағы жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан адам өлімінің орын алуына қатысты тармағы. Абырой болғанда метан газының жоғары қысымы қауіп төндірген, ал егерде ол газ тұтанып кеткенде адам шығыны әлдеқайда көп болғандай еді. Қазір апат орын алған жерде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр, - дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Жанғазы Нақышев.

Өткен жылы маусымның 2-сі күні дәл осы кен орнында осындай апат салдарынан 5 кенші қаза тапқан. Сол оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, осы жылдың көктемінде прокуратураның ұсынысымен апаттың шығу себептеріне сараптама жүргізу ісі уақытша тоқтатылып қойылған.

Маусым айының 18-і күні жаңадан жасалған сараптама қортындысы дайын болып, тоқтап тұрған іс қайта жанданып, тергеу жұмыстары басталып кетті. Істі жүргізушілер қайта жүргізілген сараптама қорытындысы кен орнында қауіпсіздік ережелерінің сақталмағандағын анықтап берген.

Осындай сараптама өткен жылы Қазақмыс корпорациясына қарасты Сәтбаев қаласындағы кен орнында болған апатқа байланысты да жүрген. Алты кеншінің өмірін қиған апатқа байланысты жүрген сараптама қортындысы анықталғаннан кейін жүрген тергеу жұмыстары барысында кінәлілер анықталыпты.

- Тергеу жұмыстары барысында техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына жол беріп, ақыры адам өліміне алып келген оқиға бойынша компания әкімшілігіндегі 5 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр. Қазір тергеу шаралары аяқталып, іс соттың қарауына түсті. Тағылған айыптар бойынша олар 6 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылулары мүмкін, - дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Жанғазы Нақышев.

Арселор Миттал Теміртау компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жылы шахталардағы апаттың алдын алуға арналған техникалық құрылғыларды жаңарту мақсатына 150 миллион доллар қаражат бөлінген. Бұл дағдарыс уақытына қарамастан, өткен жылдары бөлінген қаражаттардан екі есе көп дейді олар.

Ал шахтадағы апаттан кейін хал үстінде құтқарылған төртінші кенші - Василий Штенцельдің жағдайы өте ауыр деді дәрігерлер Азаттық радиосының тілшісіне.
XS
SM
MD
LG