АҚТАЛУ
Ресми өкілдің сөзінше, енді қазақстандық студент осы айдың соңына дейін елге оралуы тиіс. Себебі оның Америкада жүріп-тұруына рұқсат беретін визасының мерзімі 30 қыркүйек күні аяқталады екен.
– Нью-Йорктегі біздің консулдығымыздан жеткен хабар бойынша Жандос Бақытбекұлы босатылды. Оның кінәсі дәлелденбеді, – деді ресми өкіл.
Естеріңізде болса, 20 жастағы Жандос Бақытбекұлы АҚШ-та 11 жастағы екі қыз балаға жөнсіз тиісті деп айыпталып, 27 тамызда тұтқындалған еді. АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасы бойынша барған студент Нью-Йорк штатының Лейк Джордж қаласында Magic Forest (Сиқырлы орман) аттракционында ұсталған. Жасөспірім қыздардың ата-анасы Жандосты «қыздарымыздың ұятты жерлерін ұстады» деп айыптап, полицияға арыз жазған.
Бұл айып дәлелденсе, қазақ студенті бір жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Қыркүйектің 2-сі күні аталмыш іс бойынша бірінші тыңдау өтты. Онда Қазақстан азаматы 1,5 мың АҚШ доллар қаржыны кепілдікке беріп босатылған. Қыркүйектің 30-ы күні өтетін сот отырысында осы істің ақ-қарасы шешілуі тиіс еді. «Бірақ судья сот ісін күтпей-ақ, бауырымды босату туралы шешім шығарған екен» дейді Жандостың әпкесі Назерке Бақытбекқызы. Оның сөзінше, Жандос, құдай бұйыртса, алдағы аптада Қазақстанға оралады.
НЕГІЗСІЗ АЙЫПТАУ
Айта кету керек, қазақ студентінің Америкада ұсталғанын Қазақстандық ақпарат құралдарының бәрі жазды. Назерке «елдегі бірқатар басылымдар інімді сот болмай жатып кінәлап, оны жаман пиғылды адам ретінде көрсеткені жанға батты» дегенді айтады.
– Біздегі «Экспресс К» басылымында Жандос туралы жазылыпты. Онда журналист інім туралы «қылмыскер жазадан босап шықты» деген тұрғыда жазыпты. Мен оны оқып жағамды ұстадым. Бұл не мазағы деп ойладым, – дейді Назерке.
Назерке енді Жандос аман-есен оралса болғаны деп отыр. Айта кету керек, кей ақпарат құралдарында «Жандос өз кінәсін жартылай мойындады» деген ақпарат та жарияланды. «Осындай жазықсыз айыптаулардан кейін Жандос ешкіммен сөйлескісі жоқ» дейді әпкесі. Біз де бірнеше рет хабарласқанымызбен, Жандостан еш жауап ала алмадық.
ЖАНДОСТЫҢ ХАТЫ
Бірақ 11 қыркүйек күні қазақстандық бірқатар интернет басылымдарда Жандостың хаты жарияланды. Ол өзінің мүлдем кінәсіз екендігін, жасөспірімдерге көмектесуден өзге ойы болмағандығын айтқан. Өзінің айтуынша, ол Magic Forest паркінде кезекті жұмыс күнінде Slide (сырғанақ) деген аттракционда жұмыс істеген. Міндеті – жұртқа аттракционнан түсуге көмектесу болған.
«Сондағы менің жазығым – сырғанауға арналған кенеп қабына дұрыс отырмай, төмен құлап бара жатқан қызды аяғынан ұстап, кейін тартып, дұрыс отыруына көмектескенім. Ал ол қыздың полиция қызметкеріне берген анықтамасын көрсеңіз... жағаңызды ұстайсыз! Мен жағамды ұстай-ұстай, ақ жағам қарайып кетті...» делінген Жандостың хатында.
Ол сондай-ақ, Қазақстан билігінің өзіне тиісті деңгейде көмек көрсетпей отырғандығына, өзіне қатысты жаңсақ пікір тудыратын мақалалардың жарық көргендігіне қынжылысын білдірген.
«Менің айтарым, осы мақала – мендегі бар шындықтың көзі. Ішінен кінә, кінәға ұқсар объект тапсаңыздар, «қиялдарыңыз жақсы дамыған екен» деу ғана қалды менде! Тарихты әйгілеп, еліміз егемендік алды. Шаңырақ түзеліп, тәуелсіздік туын да желбіретіп, еңселі ел болғанымызға да 20 жылдай боп қалыпты. Ер намысын қамшылай алатындай кез келді ғой, неге сол атам қазақ тұқымының бір тұяғына жөнді көмек бере алмаймыз?! Мен – қазақпын! «Қаным – қазақ, жаным – қазақ» деп жар салады жүрегім. Мені білетін кез-келген адам менен асқан патриоттардың да аз екенін біледі. Әттең, жауырыным жерге күрессіз тимей тұрғанда...» деп жазыпты Жандос.