Accessibility links

Зардыхан Қинаятұлы: Қазақстанның Баян-Өлгийдің 70 жылдығын үнсіз өткізіп жіберуі жөн болмас


Баян-Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласының ұшақтан қарағандағы көрінісі. Моңғолия, шілде, 2008 жыл.
Баян-Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласының ұшақтан қарағандағы көрінісі. Моңғолия, шілде, 2008 жыл.

Осыдан тура жетпіс жыл бұрын, 1940 жылы шілденің 27-сі күні Моңғолия үкіметі мен парламенті қазақ ұлттық аймағын құру туралы қаулы қабылдады. Сол жылы тамыз айында Қобда өзенінің жағасында 20 киіз үй тігіліп, алғашқы аймақтық әкімшілік жұмысын бастаған болатын.


БАЯН-ӨЛГИЙ АЙМАҒЫНЫҢ ЖАЛПЫ ҚАЗАҚ ҮШІН БЕРГЕНІ МОЛ

Өткен аптада Моңғолияның қазақ ұлттық Баян-Өлгий аймағы ресми түрде құрылғанының 70 жылдығын атап өтті. Осы тарихи оқиғаға орай, кезінде Моңғолия үкіметінің вице-премьері, Моңғол парламентінінің төменгі палатасы Кіші Хурал спикерінің орынбасары қызметтерін атқарған, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институтының бас ғылыми қызметкері Зардыхан Қинаятұлы Баян-Өлгий аймағының саяси-тарихи мәні жөнінде Азаттық радиосына арнайы сұхбат берген еді.

– Зардыхан Қинаятұлы, Моңғолияға қазақтар қай жылдары, қандай тарихи себептермен қоныс аударды?

– Моңғолия жеріне қазақтар 1860 жылдан бастап бара бастаған. Содан бері бір жарым ғасырдай уақыт болып қалды. Олардың қоныс аударуының басты себебі Шыңжаңда мал өрісі тарылып, қоныс жетіспеушіліктен болды. Сол жылдары Моңғолияның Батыс өңірі шүршіттерден азат етіліп, иен қалды. Сол жайылымдарға мал отарлатып жүріп, қазақтар Моңғолия жерінде қала бастады.

Осы кезеңнен бастап, «Моңғолия қазақтары» деген ұғым қалыптасты. Алғашқы жылдары қазақтардың саны тым аз болатын. Бірнеше-ақ ауыл. Бастапқыда бұл қазақтардың өз билігі өзінде болды. 1925 жылы Чандмань таулы аймағы деген урианхайлардың аймағы құрылды.

Соның құрамында көшіп келген қазақтар төрт хошуун (хошуун дегеніміз рулық жүйе, төрт рулы ел деп айтуымызға болады ) болып енді. 1931 жылдан бастап, қазақтардың мал-жанының өсуіне байланысты жеке ұлттық аймақ құру мәселесі туындады. Қазақтар Моңғолияның орталық билігіне жер бөлу жайында көптеген арыз-шағымдар түсіре бастады.

1939 жылы 28 ақпанда Моңғолия үкіметі мен Кіші Хуралының біріккен қаулысы жарық көрді. Онда қазақтардың жеке Баян-Өлгий аймағын құру, оларға жеке мәдени автономия беру туралы жазылды. Бұған дейін, 1938 жылдан бастап, қазақ мектептері ашылып, қазақ клубтары дүниеге келе бастаған еді.

Сол клубта алғаш әртіс болған Хибатдолда Жұмапиұлы кейін Моңғолияның халық әртісі атағын алды. Осы қаулы қабылданған кезде Моңғолияда қазақтардың саны 23 229 болған екен. Бұған дейін урианхайлар қазақтарға жерді жалға беріп келген еді. 1939 жылы қазақтарға арнайы жер бөлінді. Сол жылы қазақтар 7 сұмын (аудан) болып ұйымдастырылды.

Бұл кезде қазақтар Қобда аймағының билігінде болды. Осы жылдары қазақтың алғашқы интеллигенттері қалыптаса бастады. Қобда аймағы әкімінің бірінші орынбасары, Кіші Хуралдың депутаты Қаби Бежеұлы деген қазақ азаматы болды. Қаби бастаған қазақ интеллигенттері қазақ ұлттық аймағын құру мәселесін жиі сөз етіп, орталыққа үнемі ескертумен болды.

1940 жылы шілденің 27-сінде Моңғолия үкіметі мен парламентінің біріккен 37 қаулысымен қазақ ұлттық аймағы құрылатын болды. Осыған орай мемлекеттік комиссия құрылды. Оның басшысы ретінде премьердің бірінші орынбасары Шаравын Суренжав деген кісі тағайындалды. Комиссия осы ұлттық аймақты жасақтау ісін мойнына алды.

Сөйтіп, 1940 жылдың тамыз айында 20 киіз үймен Қобда өзенінің жағасында алғашқы аймақтық әкімшілік құрылды. Бұл жер геосаяси
Моңғолияның мемлекет қайраткері Ноғай Шымшырұлының ескерткіші. Баян-Өлгий, шілде, 2008 жыл.
жағынан орыс пен қытайға тура шығатын, әрі Қобда өзеннен өткізетін базасы бар, аса маңызды жер еді. Осы база арқылы Моңғолия мен Ресей арасындағы сауда жолы өтетін. Бұл іске Моңғол үкіметінің басшысы маршал Чойбалсан өз батасын берді.

Сол жерде Баян-Өлгий аймағының алғашқы құрылтайы болып өтті. Оған сайланған 84 өкілдің 56-сы қазақтар болған. Осы құрылтай үш күнге созылып, Баян-Өлгий аймағын құру туралы шешім қабылданып, оның басшысы ретінде Қаби Бежеұлы, партия комитетінің хатшысы ретінде Ноғай Шымшырұлы сайланды. Баян-Өлгий аймағы алғаш құрылғанда, 10 сұмын (аудан), 56 ауыл, 7063 отбасы, 32301 адам, 9 миллионнан астам мал болған екен.

– Баян-Өлгий аймағының тарихи-мәдени маңызы не болды деп ойлайсыз?

– Баян-Өлгий аймағының құрылуы – тек Моңғолия үшін емес, жалпы қазақ үшін ерекше маңызға ие болды. Бұл жерде қазақтың этно-мәдени салтын өте жақсы ұстаған бір отауы қалыптаса бастады. Қазақ сан жағынан да, рухани жағынан да өсіп жетілді. Қазақстанға көшіп келгенімен қоса есептегенде, Моңғолия қазағының саны 170 мыңнан асты. Тек қазаққа тән мәдениет, әдебиет, ғылым, білім, ақпараты дамыды. 1965 жылдан бері қарай Моңғолияда қазақ радиосы күніне бір сағат эфирге шығады. Осы радио сондағы қазақтарға рухани тұрғыдан ерекше әсер етті.

Бүгінге дейін Моңғолия қазақтары арасынан 24 ғылым докторы, 61 ғылым кандидаты, 26 адам Моңғолияның Еңбек ері, 70 қазақ Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері атанған, 8 адам мемлекеттік сыйлықтың иегері болған.

Моңғолияның саяси-қоғамдық өмірінде ерекше рөл атқарған саяси қайраткерлер туып шықты. Айталық, жоғарыда аты аталған Қаби
Баян-Өлгий аймағы әкімшілігінің ғимараты. Моңғолия, шілде, 2008 жыл.
Бежеұлы, партия комитетінің төрағасы болған, кейін Ұлы Хуралдың (Жоғары Кеңес) басқарма мүшесіне сайланған Ноғай Шымшырұлы, Қашқынбай Мәлікұлы – Моңғолия Парламентінің хатшысы, Мұқан Жылыбайұлы – ұлттар комиссиясының бастығы, Жәмила Әпсаламқызы Ұлы Хурал депутаты болды.

Моңғолияның әуе күштерінің бас қолбасшысы, даңқты ұшқыш Мұқарыс Зайсанов, батыр Ікей Мәзімұлы, әйгілі ұстаз Шолтай Советұлы, академик Мекей Әбішұлы, Мағыш Аятқанұлы, халық әртісі Қибатдолда Жұмапиұлы, әйгілі ақын Ақтан Бабиұлы, сыбызғышы Құмақай, әйгілі күйші Байысхан Рапиұлы, Құрметбек Байтазаұлы, Тілейхан Орынұлы, Мұсахан Қаматжанұлы сияқты қайраткерлер туып шықты. Олар - мемлекет көлемінде үлкен рөл атқарған адамдар.

Меніңше, шетте отау көтерсе де, қазақ мәдениеті үшін ұланғайыр үлес қосқан Баян-Өлгий аймағының 70 жылдық мерейтойы тек Моңғолиядағы қазақтардың ғана тойы емес, бұл жалпы қазаққа тән мереке болуы тиіс. Өйткені, шеттегі қазақ диаспорасының ішінде Баян-Өлгий секілді ерекше құрылым өте аз.

Әрине, Қытайдағы қазақтар диаспора емес, ирриденттер. Яғни, олар өз мекенінде отырған қазақтар. Сондықтан мен бұл мерейтойды үлкен саяси-мәдени оқиға дер едім. Оның үстіне бұл қазақ аймағы президентімізбен құрдас екен. Сондықтан, Қазақстанның осы бір мерейтойды үнсіз өткізіп жіберуі жөн болмас деп ойлаймын.

– Моңғолиядағы қазақтардың санына қатысты бір жансақтық бар секілді. Мысалы, 1991 жылы Баян-Өлгийден Қазақстанға көш басталғанда, ондағы қазақтың саны 150 мың делінген еді. Содан бергі 20 жылда Қазақстанға жүз мыңға тарта қазақ келді дейміз. Ал, қазір Моңғолияда әлі де 140 мың қазақ бар делінеді. Бұл қалай?

– Қазіргі ақпарат құралдарында айтылып жүрген осы бір санда жаңсақтық бар. 1991 жылы мен Моңғолияда премьердің орынбасары
Моңғол сән үйі мұражайындағы қазақ киімі (ортада). Ұланбатыр, шілде, 2008 жыл.
болып қызмет атқардым. Ол кезде мен ғылым, білім, жұмыссыздық және статистика мәселелеріне жауапты едім. Сол кезде қазақтардың нақты санын анықтауға кірістім.

Моңғолияда 1992 жылғы санақ бойынша қазақтардың жалпы саны 146 мыңға жеткен болатын. Ал, өсімі жыл сайын он мың адамға шаққанда 3,2 пайызды құраған еді. Бұл - Қазақстандағы қазақтардан да, моңғолдардан да артық көрсеткіш.

Егер осы өсіммен есептейтін болсақ, жалпы Моңғолия қазағының қазіргі саны 180 мыңға жететін болды. Олардың сексен мыңға жуығы Қазақстанға қоныс аударды. Осы 20 жыл ішінде көшіп келген қазақтардың саны 100 мыңнан асты. Ал, Баян-Өлгийдегі қазақтың саны да осы маңайдан аса қойған жоқ. Олар 140 мың деген санды қайдан шығарып алып жүргенін мен білмеймін.

АЙМАҚТЫҢ ҚҰРЫЛУЫНА ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ДА ЫҚПАЛЫ БОЛДЫ

– 1940 жылы Баян-Өлгий аймағының қазақ ұлттық аймағы ретінде құрылғанына Советтер одағының ықпалы болды ма?

– Әрине, ол кезде орыстар қазақ саясатын жүргізген жоқ қой. Бірақ, Қазақстан Баян-Өлгий аймағының қалыптасуына екі түрлі жағдайда ықпал етті. Біріншіден, 1924 жылы Моңғолияның мемлекеттік алғашқы құрылтайына Коминтерннің өкілі Тұрар Рысқұлов пен Жангилдинов деген екі адам қатысқан.

Тұрар Рысқұлов Моңғолияда 9 ай қызмет етті. Сол кезде Тұрар Рысқұловтың Моңғолияның саяси билігіне қазақтар туралы арнайы таныстыруы бар. Сонда ол қазақтардың жеке даму жолы бар, өзге ұлт екендігін, жеке мәдениеті мен тұрмыс салты бар екендігін айтып, сол себепті де қазақтарға жеке мәдени автономия қажет дегенді тапсырады.

Ол кезде Моңғолияның ұстанған саясаты маркстік-лениндік саясат болғаны белгілі. Ол саясатта ұлт мәселесіне ерекше мән берілді. Моңғолия үкіметі, оның басшысы маршал Чойбалсан қазақтарға ерекше көңіл бөлген. Баян-Өлгий аймағы құрылып жатқан кезде Чойбалсан келіп кеткен еді, құрылғаннан кейін тағы екі рет келеді.

Ол қазақтарды үнемі қолдап, жоғары лауазымды орындарға тағайындап отырды, депутаттардың қазақтардың пайыздық үлесімен сайлануына көңіл бөлді. Осы дұрыс көзқарастың арқасында Баян-Өлгий аймағы жеке дербес аймақ ретінде қалыптасып, қазақы тірліктің қаймағының бұзылмауына жағдай жасалды.

Ал енді Коминтерн жағынан ресми тұрғыда қазақтардың ұлттық аймағын құру жайында нұсқау болған жоқ. Баян-Өлгий аймағы құрылғаннан кейін, оның қалыптасып, дамуына әсері өте күшті болды. Оған да Тұрар Рысқұловтың ықпалы бар деп айтуға болады. Ол кісі егер қазақтардың ұлттық аймағы құрылатын болса, олардың мәдени-ағарту шараларын жүргізуде Қазақстанға арқа сүйеуге болады деген екен.

Аймақ құрылардан бұрын Моңғолияға кіші Коминтерннің өкілдері Абай Қасымов пен Шәріп Өтеповтер барған. Екеуі Ұланбатырда бір ай ғана тұрады да, Қобда аймағына жіберіледі. Олар онда тек қазақтармен жұмыс істейді. Ондағы қазақ клубының жұмысы мен латын
Өлгий қаласы. Таңғы көрініс. Моңғолия, шілде, 2008 жыл.
әрпін енгізу мәселесінде олардың ықпалы өте күшті болды. Ал, Баян-Өлгий аймағы құрылғаннан кейін, Қазақстаннан арнайы мұғалімдер жіберілді.

Мұрағат материалдарына үңілсек, сол уақытта оннан астам мұғалім келген екен. Моңғолия қазақ интеллигенттерінің алғашқы легі осы қазақстандық мұғалімдерден білім алды. Ал, музыкалы драма театр ашылғанда, Алдаберген Мырзабеков, Хабиболла Тастанов секілді мәдениет қайраткерлері келді. Әсіресе, театрдың қалыптасуына Хабиболла Тастановтың сіңірген еңбегі зор еді.

Интеллигенттердің көбі алғашқы жоғары білімді Алматыда алды. Демек, Баян-Өлгий аймағының рухани әлеуетінің қалыптасуында Қазақстанның рөлі айрықша болған еді.

– Ал, қазір, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін Баян-Өлгийге сондай деңгейде көмек бар ма?

– Қазақстанда білім алып жатқан баянөлгийлік студенттер көп, қазақ телеарнасын толықтай көріп отыр. Дегенмен, жағдай бұрынғыдай дей алмаймын. Бұрын Қазақстанның барлық мерзімді басылымы жеткізіліп тұрушы еді. Қазір ол үзілді. Жалпы, рухани демеу жағдайы дәл ойдағыдай болмай тұр.

– Өткен ғасырдың 80-ші жылдарын Баян-Өлгийдің мәдени-рухани деңгейі шың басына көтерілген кез деп айтады, ал қазіргі жағдай қандай?

– Қазіргі рухани жағдайын сол кезеңнен артық деуге болады. Неге десеңіз, арқа сүйер елі, тәуелсіз Қазақ мемлекеті бар. Бұның өзі ерекше рухани серпіліс береді, рух дарытады. Бірақ, екінші жағынан, оқу-ағарту, білім беру жағынан өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы деңгейге жетпейді. Экономикалық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да қиыншылықтар туындап отырғаны анық.

Өлгийдің қол жеткізген бір ерекшелігі – интернет жүйесі жақсы дамыған екен. Телекоммуникация жақсы жолға қойылған, әрі арзан. Тау-тасты аралап жүрген малшылар теледидар көріп отырады екен, мобильдік байланыс жүйесі қосылған.

Әңгімеңізге рақмет.
XS
SM
MD
LG