Accessibility links

Рахат Әлиев Назарбаевтікі деген санаторийлерді Қырғызстан даулап жатыр


«Қазақстан» санаторийінің жарнамасы. Ыстықкөл, мамыр, 2006 жыл.
«Қазақстан» санаторийінің жарнамасы. Ыстықкөл, мамыр, 2006 жыл.

Қырғызстанның Уақытша үкіметі Ыстықкөлдегі Қазақстан меншігіндегі пансионаттарды мемлекет иелігіне қайтарып алғысы келеді. Рахат Әлиев өз кітабында қазақ-қырғыз арасындағы жер бөлісіне қатысты жазғанда осы демалыс орындарын меңзеген еді.


ДАУЛЫ ПАНСИОНАТТАР

Қырғызстан Уақытша үкіметі Ыстықкөлдегі Қазақстан меншігіндегі пансионаттарды мемлекеттің иелігіне алуды жоспарлап отыр. Бейсенбі күні Қырғызстан уақытша үкіметі басшысының орынбасары әрі күш құрылымдарының жетекшісі Әзімбек Бекназаров елде Бакиевтің өзі мен отбасы иелік еткен бірқатар нысандар мемлекет иелегіне өтіп жатқан тұста бұрынғы биліктің заңсыз жолмен Қазақстанға беріп қойған пансионаттар да қайтарылуы керек деп мәлімдеді.

– «Ақ жол» партиясынан құралған парламент Қазақстанға төрт пансионатты заңсыз берді деп есептеймін. Заңсыз жолмен сатып алған меншікті біздің азаматтар қайтарып жатқанда, шетелдіктер неге қайтармауы керек? Барлығына бірдей көзқарас болуы тиіс. Мен бұл жерде өз қызметімді асыра пайдаланып жатқаным жоқ. Біз Бакиевтердің заңсыз иеленгендерін кері қайтарып жатырмыз, ал сол Бакиевтер көрші елге заңсыз берген нысандарды неге қайтара алмаймыз? – деді Әзімбек Бекназаров.

Ол Құрманбек Бакиевтің туысы Марат Бакиевтің иелігінде болған «Каприз» пансионатын, «Алан Сервис»
Ыстықкөл. 13 желтоқсан 2006 жыл.
мұнай компаниясын, «Континент» полиграфиялық компаниясын Уақытша үкіметтің мемлекет меншігіне қайтарып алатындығын жеткізді.

Бұдан кейін Әзімбек Бекназаров қырғыз-қазақ шекарасында бизнесмендердің жүктерін өткізбей жатқанына қатысты Қазақстан басшылығының ұстанымын сынға алып, Қырғызстанның оңтүстігіндегі жағдайды реттеуге Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың елеулі үлес қосқанын атап өтті.

ШЕШІМІН ТАПҚАН МӘСЕЛЕ

Әзімбек Бекназаров өз сөзінде мемлекет меншігіне қайтатын пансионаттардың атын атаған жоқ. Дегенмен, Ыстықкөл жағасында Қазақстанның иелігінде «Олимп», «Самал», «Қазақстан» және «Университет» пансионаттары бар. Биыл қыста екі ел арасында жасалған келісім-шарт бойынша пансионаттар – Қазақстандікі, жер – Қырғызстандікі деп белгіленген. Қырғызстан өз жерін Қазақстанға 49 жылға жалға беретін болған.

– Бұл мәселе Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қол қойылған келісім-шартпен реттеледі. Ол келісім-шартты Қырғызстанның
«Алматы» қонақ үйінің жарнама белгісі. Ыстықкөл, мамыр, 2006 жыл.
парламенті ратификациялаған. Сәуір айында Бішкекте билік ауысқаннан кейін бұл мәселе Қырғызстан уақытша үкіметінің мәлімдемесінде де көрсетілді. Қырғызстанның бұрынғы қол қойған барлық келісім-шарттары, міндеттемелері бұрынғысынша орындалады делінді. Біз енді осы тұрғыдан қарастырамыз, – деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов.

Одан өзге, 2006 жылы шілденің 4-інде екі ел арасындағы курорт шаруашылығын Қазақстанмен мүлік құқын реттеу жөніндегі келісім бекітілді. Келісімде жазылғандай, енді екі жыл ішінде Қазақстан төрт жұлдызды қонақ үй салып, Қырғызстанға салық төлейтін болады. Онда қызмет жасайтын адамдардың 80 пайызы қырғыз азаматтары болуы шарт.

ҚАЗАҚСТАНҒА ӨКПЕЛЕУ

Қырғызстандық саясаттанушы Оразбек Молдаалиев Уақытша үкімет өкілі Әзімбек Бекназаровтың пансионаттарды қайтару туралы мәселені көтеруін шекарасын толық ашпаған Қазақстанға деген ренішінің бір көрінісі деп түсіндіреді.

– Шекара қырық күннен аса ашылмай жатса, мұны қалай жақсы деуге болады. Мына жақта қалаймақан болып жатса, «ей, қойыңдар!» деген адам жоқ деген сияқты реніш сөзі ғой. Әйтпесе, бұл пансионтаттарды біздің үкімет даулайын деген ойы да жоқ, – дейді қырғыз саясаттанушысы.

Оның сөзінше, бұл мәселе күн тәртібіне шыққан күннің өзінде Қырғызстан билігі даулы мүлікті Қазақстанның иелігінде қалдырады. Себебі, шамамен 59 гектар жерді алып жатқан қазақстандық пансионаттардан Ыстықкөлдегі курорттық аймақ беретін барлық пайданың 70 пайызы түсіп отыр.

БОПСАЛАУ

Ыстықкөлдегі қазақ пансионттарының мәселесі осыған дейін де бірнеше мәрте көтеріліп, дипломатиялық дұрыс қарым-қатынас шегінен шығып кетті дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтбаев. Оның сөзінше, Қырғызстанда болған басшылардың барлығы
Саясаттанушы Досым Сәтбаев. Алматы, 27 қаңтар 2010 жыл.
бопсалаумен айналысып келді. Енді уақытша үкімет те сол әдіске салып отыр.

– Егер қазір пансионаттарды мемлекет меншігіне қайтару басталса, онда Қырғызстанның біздің елмен қарым-қатынасы күрделенуі мүмкін. Бұл жерде Қазақстан жағы да шекараны жауып тастау сияқты қарсы шараларды қолға алуы ықтимал. Бұған жауап ретінде Қырғызстан Қазақстанға келетін суды бөгеп тастауы да мүмкін. Дегенмен Қазақстанның Қырғызстанға ықпал етуінің мүмкіндігі басым. Меніңше, Қазақстанмен арадағы байланысты нашарлату - Қырғызстанға тиімсіз, – дейді Досым Сәтбаев.

Елге жаңа басшы келіп, алдыңғы басшының қаулыларын қайта қарап, не болмаса жоққа шығару арқылы Қырғызстанда тұрақтылықтың жоқ екендігін байқауға болады дейді сарапшы.

– Оқиғаларға көз жүгірте отырып, Қырғызстанда келісімдер мен шарттарды орындауда қандай да бір тұрақтылық бар деп айту қиын. Сондықтан пансионаттарға қатысты уақытша үкіметпен қандай да бір келісімге келе отырып, оның мәңгі болатындығына сенім жоқ. Өйткені Қырғызстанда бір билік ұзақ уақыт отырады деп ешкім кепілдік бере алмайды, – дейді саясаттанушы.

АЙЫРБАС

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев «Өкіл қайын ата» кітабында Ыстықкөлдегі жер мәселесі жайлы былай деп жазған:

«2008 жылдың көктемінде біздің ел бауырлас Қырғызстанмен өзара тиімді айырбас жасасты. Оған Жамбыл облысы аумағынан мың
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев. Астана, 2001 жыл. «Өкіл қайын ата» кітабындағы сурет.
гектардан астам суармалы егінді жер берілді. Ол үшін қырғыздар Қазақстан президентіне Бостыр ауылындағы жерді берді.

Қазақтың 1100 гектар жері үшін біз 620 гектар қырғыз жерін алдық. Оның тең жартысы сол мезетте-ақ өкіл қайын атамның атына жазылды.

«Бұл келісімді дайындап, іске асырумен Өтемұратов және Досмұхамбетов айналысты. Қазір Назарбаевтың жеке меншіігіндегі территорияда алты зәулім вилла тұр...» – деп жазады Рахат Әлиев.

Жер мәселесі Қырғызстан үшін өте қиын проблемалардың бірі. Тәжікстан және Өзбекстанмен шекаралық аймақта жерге қатысты дау-дамай жиі болады. Кезінде шекараға байланысты Қытаймен күрделі келіссөздер болды. Билік басында Асқар Ақаев отырған кезде оппозиция оны жер мәселесінде солқылдақ саясат жүргізеді деп сынға алған-ды. 2005 жылғы «Қызғалдақ революциясының» дүниеге келуіне түрткі болған негізгі себептердің бірі - осы мәселе еді.
XS
SM
MD
LG