Accessibility links

Америкалықтар 2015 жылы Айға тағы да қонбақшы


Американдық астронавт Эдвин Олдрин Ай бетінде. 20 шілде 2009 жыл.
Американдық астронавт Эдвин Олдрин Ай бетінде. 20 шілде 2009 жыл.

Адамзаттың тұңғыш рет Айға қонғанына қырық жыл толуының қарсаңында америкалық ғарыш агенттігі (НАСА) Айдың бетіне тұрақты ғарыш бекетін орнату арқылы аталмыш бағыттағы жетістіктерін баянды етіп, ары қарай дамытудың қамын ойлауда.

Марсқа және аспан әлемінің қиыр түкпіріне барар жолдарды ғарыштық игеру бағдарламасының тұсында бұл өте жоғарғы маңызға ие мақсат болып отыр.

Америкалық астронавтар Нил Армстронг пен Эдвин Олдриннің аяғы Айдың бетіне тұңғыш рет тиген 1969 жылдың 20 шілдесінен бері өткен уақыт ішінде әлемдік ғылым Айдың айналасындағы кеңістікті түсінуде үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

Америкалық астронавтардан кейінгі кезеңде негізгі бағдарламалар бойынша Айға жіберілген роботтар Жер серігінің полюстерінде мұздың болатынына дәлелдерді қолға түсіре алды.

Мамандардың пікірінше, Айда су көздерінің болу ықтималдылығы Күн жүйесін игеру бағдарламасы шеңберіндегі қосалқы бекет ретінде Айдан тұрақты база ашу қажеттілігін ақтайды.

Қазір Айдың айналасындағы орбитада ұшып жүрген Қытай, Жапония және Үндістанның жасанды серіктері әлемдік ғылымды Айдың минералдық кеніштерін ашып, Ай бетінің әлдеқайда нақты және егжей-тегжейлі картасын жасауға мүмкіндік беретін түрлі деректермен толықтыруда.

НАСА-ның жүйелі ғарыштық бағдарламалар департаментінің директоры Джон Олсон «Шоқжұлдыз» деп аталатын жаңа ғарыштық бағдарламасын ұсынды. Бағдарламаның мақсаты –Ай және Марсқа адам ұшыру.

«Шоқжұлдыз» бағдарламасы «Аполлоннан» өзгеше. Біз Айға екі есе көп астронавт жібереміз, ол жақта олар жоқ дегенде жеті күн болады», – дейді Джон Олсон.

«Аполлон-11» кемесіндегі айлық модульдің төзу ұзақтығы әлдеқайда қысқа болатын – 21 сағат 36 минут. Олсонның сөздері бойынша, адамның Айға ұшуы – астронавтардың Марсты және басқа да бағыттарды игеруінің алғышарттары болмақ.

Айға баруға даярланатын астронавтар Марсты анағұрлым терең зерттеуді және бүкіл Күн жүйесін барынша ауқымды зерттеуге көшуді мақсат етуде.

Сондай-ақ, Олсонның айтуынша, 1972 жылдың желтоқсанында «Аполлон» бағдарламасының аясындағы «Аполлон-17» соңғы рет ұшырылған уақыттан бергі жылдарда технология мен материалдардың дамуы іргелі өзгерістерге алып келді, сондықтан «Аполлон» мен «Шоқжұлдыз» бағдарламаларының арасында ұқсастық өте аз.

Джон Олсон осы орайда: «Бұл – Айға оралу. Бірақ, бұл жай ғана оралу емес. Бұл деген, Марсқа және одан арыға шығу үшін Айды трамплин ретінде пайдалануға қажет жүйені сынақтан өткізу», – дейді.

Айға аяғын алғаш тигізген екі адамның бірі Эдвин Олдрин – Марсқа ұшу идеясының ең белсенді қолдаушыларының бірі. Өткен жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында Олдрин ғылым үшін ғарышты зерттеу орыны ретінде Айға қарағанда Марстың әлдеқайда қызықты және адам үшін әлдеқайда қонақжай екенін шегелеп айтқан болатын.

«Әрине, – деген Эдвин Олдрин, – Айдың бізге жақын болғандығы пайдалана аламыз. Бізге ары қарай, Марсқа жылжуды жеңілдету үшін қажетті жабдықтарды, отынды, жанармайды Айға жеткізуімізге болады».

Айдың бетін егжей-тегжейлірек зерттеп, әлдеқайда нақтырақ карта жасауға арналған Айдағы алғашқы орбиталық бекет өткен жылы іске қосылған еді.

Осы жылдың аяғына қарай Күн жүйесін игеру мүмкіндіктерін зерттеу үшін Ай бетіне роботтар түсіріледі деп белгіленуде. НАСА-ның жоспары бойынша, астронавтардың Айға ұшу миссиясы 2015 жылға қарай іске асырылмақ.
XS
SM
MD
LG