- Есімхан, жасың нешеде?
- Он бестемін.
- Мектепке барасың ба?
- Иә.
- Қай кезде үлгересің?
- Таңертең жұмыс істеймін. Әке-шешеме көмектесем. Қазір олар тауар әкелуге кетті. Түстен кейін сабаққа барамын.
- Сабағың қалай?
- Нашар деуге болады.
Ересектермен қатар еңбек ететін балаларды Алматы сияқты ірі мегаполистен ғана емес, Қазақстанның кез-келген аймағынан кездестіруге болады. Қарағанды облыстық прокуратурасының мәліметтеріне қарағанда, олар бала еңбегін қанаудың 87 жағдайын тіркеген. Оның 32-сінде еңбек келісім-шартынсыз жұмыс істеу, 29-ында - жұмыс істеу уақыты тәртібін бұзу және 26-сында баланың жасына қарамай жұмысқа алынғаны анықталған.
Мысалы, прокуратура қызметкерлері Қарағандыдағы «Алтын Арба» базарын тексеру кезінде ешқандай құжаттары жоқ, ересектердің қарауынсыз өз беттерінше сауда-саттық жасап тұрған Қырғызстанның кәмелетке жастары толмаған екі қыз баласын кездестірген. Оған қоса прокуратураға Қарағанды қаласындағы зағип балалар мектебін салып жатқан «Строительная» компаниясының құрылыс алаңында жастары кәмелетке толмаған 7 баланың жұмыс істеп жатқандығы туралы хабар түскен. Қарағанды облыстық прокуратурасының қызметкері Жаснина Қосанова қазір бұл фактілер бойынша жауапты адамдарға қатысты әкімшілік шаралар қолға алынғандығын айтты:
- Тексеру кезінде балалардың ешқандай еңбек келісім-шартсыз, ата-анасының келісімінсіз жұмыс жасап жатқандары анықталды. Біздің аймағымызда бала еңбегі негізінен сауда орындарында, кафелер мен барларда, автокөлік тұрақтары мен көлік жуу орындарында кеңінен пайдаланылады.
Адам құқығы бойынша хартиясы қоғамдық ұйымының қызметкері Амангелді Шорманбаев балалар еңбегі Қазақстандағы Еңбек заңы арқылы реттелуі тиіс екенін айтады. Мысалы, аптасына 40 сағат, яғни, күнделікті толық жұмыс жасау үшін 18 жастан асқан азаматтар ғана жұмысқа алынуы керек. Ал 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер қысқартылған жұмыс уақытымен еңбек ете алады. Адам құқығын қорғаушы оларға заң бойынша ең төменгі жалақы мөлшерінен аз төлеуге болмайтындығын және оларға басқа да әлеуметтік кепілдіктер берілетіндігін жеткізді.
- Бірақ, әдетте базарда жұмыс істейтін балалар ресми түрде тіркелмейді. Олардың еңбек келісім-шарттары жоқ. Сол себептен, балалар ауырып немесе еңбек жарақатын алған жағдайда олардың әлеуметтік жағынан қорғалуы екіталай, - дейді Амангелді Шорманбаев.
Оның айтуынша, әсіресе мигранттардың балаларының еңбек құқығы мүлдем қорғалмайды.
- Себебі, олар өздері жұмыс істеген мекемесін сотқа бере қалған жағдайда сотта жұмыс істегенін дәлелдей алмайды. Олардың қолдарында да келісім-шарттары жоқ. Оған қоса олардың өздері заңды бұзып, осында келген, - дейді Амангелді Шорманбаев.
Қазақстан бала еңбегін қанауды жою бойынша бірақатар халықаралық құжаттарды ратификациялаған. Оның ішінде 1998 жылы БҰҰ-ның бала құқығы бойынша Конвенциясына, 2000 жылы бала құқығы бойынша Конвенцияға қосымша хаттамаға қосылған және 2006 жылы Халықаралық еңбек ұйымының 2015 жылға дейін еңбектің ең сорақы түрлерін жою бойынша халықаралық уағдаластығын мақұлдаған.