Accessibility links

Оралда билікке жаға білген жазушы шипажайға барады, сынаса - түрмеге отырады


Оралдық жазушы Алексей Святынин.
Оралдық жазушы Алексей Святынин.

Батыс Қазақстан облысының әкімі жергілікті ақын-жазушыларға ақшалай стипендия тағайындап, жыл сайын шипажайда тынығуға жолдама беретін болды. Оның бұрынғы кеңесшісі, қазір түрмеде отырған Алпамыс Бектұрғанов әкім бұны қаламгерлерді уысында ұстау үшін жасап отыр дейді.


100 ДОЛЛАРЛЫҚ СТИПЕНДИЯ

26-қаңтар күні Қазақстан жазушыларының аймақтық бөлімінің өкілдерімен болған дәстүрлі кездесуінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жергілікті қаламгерлерге көмек ретінде ай сайын төленетін стипендия тағайындалғанын хабарлады. Енді әр ай сайын оралдық 10 ақын-жазушы 15 мың теңге көлемінде (шамамен 100 АҚШ доллары) стипендия алып тұратын болды.

Сондай-ақ, Бақтықожа Ізмұхамбетов жыл сайын ақын-жазушыларға «Ақжайық» шипажайында демалып, тынығып қайту үшін жолдама берілетінін де айтып қаламгер қауымның көңілін бір көтеріп тастады.

2009 жылы бюджет қаржысы есебінен батысқазақстандық жазушылардың он кітабы жарық көрген еді.

КҮЛШЕЛІ БАЛА СҮЙМЕККЕ ЖАҚСЫ

Әкіммен кездесуге қатысқан қаламгерлердің ешқайсысы да Қазақстан жазушылар одағының батысқазақстандық филиалының бұрынғы жетекшісі, жазушы Алпамыс Бектұрғанов туралы ләм-мим деп тіс жармады. Былтыр оны қылмыстық әрекетке барғаны үшін деген желеумен одақ басшылығы шығармашылық ұйымның қатарынан мүшеліктен шығарып тастаған болатын.

Бұл басқосуға Алпамыс Бектұрғановтың досы әрі әріптесі, Жайық өңіріне танымал 78 жастағы жазушы Алексей Святынин де қатысты. Жүздесуде сөз алған қарт қаламгердің пікірі жиналғандардың таңданысын туғызды. Жазушы өз сөзінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың еңбегіне жоғары баға беріп, қаламгерлерге жасаған мұндай көмегі үшін алғысын айтты.

– Сіз, осыған дейінгі әкімдермен салыстырып қарағанда, көп іс тындырдыңыз. Құдайға шүкір, біздің мемлекет елдің шырқын бұзар қантөгістен аулақ, ұлтаралық татулық айрандай ұйыған елдің ынтымағын бекітуде. Ал аймақтағы ахуалдың қалыпты болуы сіз секілді білікті әрі елге жанашыр азаматтың арқасында ғана қол жетіп отырған нәтиже, – деді жазушы Алексей Святынин.

АЙРЫЛЫСАР ДОС ЕРДІҢ АРТҚЫ ҚАСЫН СҰРАЙДЫ

Төрт жылға сотталып, Орал қаласындағы абақтыда жазасын өтеп жатқан Алпамыс Бектұрғанов ескі досының бұл қылығын сатқындық
Айдауылдар үкім шыққаннан кейін облыс әкімінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғановтың қолын кісендеп сот залынан әкетіп бара жатыр. Орал, 13 тамыз, 2009 жыл.
деп бағалады.

– Мен теледидардан Святыниннің Ізмұхамбетовты мақтап, шашбауын көтергенін көрдім. Әрине, мұның бәрі оның тиын-тебенге бола сатылып кетер пендешілігінің бір көрінісі. Мен осы сюжеттен кейін оған телефон шалып, ол туралы өзімнің не ойлайтынымды бүкпесіз айтып салдым. Святынин өзінің ағат ештеме істемегенін айтып ақтала бастады, бірақ мен мұндай сатқындармен арада ешқандай достықтың болмайтынын айтып, ат құйрығын біржола кесіп тындым, – дейді Алпамыс Бектұрғанов.

Алпамыс Бектұрғанов Оралда биліктің айтқанына көніп, айдағанына жүрмейтін, өзінің турашылдығын сақтап қалған жазушылар жоққа тән екендігін айтып күйінеді.

«Көнсең – қолыңнан, көнбесең – жолыңнан» деген үстемшіл саясатты Ізмұхамбетов жазушыларға да қолданып отыр. Өзіне қарсы шыққан маған қамшы үйіріп, түрмеге тықты, ал енді біреулердің көңілін тауып, жылы қабақ танытып, күлше беріп жатыр. Олар бюджет қаражатына кітап шығармақшы, мен де мемлекет бөлген қаржыға жазушылардың туындыларын жариялатқан едім. Бірақ, сол ісім үшін мені 3 жылға түрмеге кесті», – дейді Алпамыс Бектұрғанов.

Алексей Святынин осыған дейін Алпамыс Бектұрғановты жақтап келген болатын. Ол әкіммен текетіреске түскен жазушы досын 2e ,fcnfy қолдап, кезінде Азаттық радиосына сұхбат та берген еді. Ол кезде Алексей Святынин Қазақстан жазушылар одағының оралдық бөлімшесінің басшыларын биліктің жетегінде кетті деп айыптаған болатын.

«Бектұрғанов билікті сынай бастап еді, одан бәрі теріс айналып, оның бұл өмірде бар-жоғын ұмытты. Адамның адамдығы билікпен, байлықпен өлшенбейді ғой… Ат төбеліндей ғана зиялы қауымның биліктің қолшоқпарына айналып, қуыршақ болғаны мені қатты қынжылтады», – деген еді сол кезде Алексей Святынин.

ЖАЗУШЫНЫҢ МАҚТАУ-МАДАҒЫ

Жазушы Алексей Святынин өзін әлгіндей кінәлаған ескі досының сөздерін көңіліне ауыр алып, олай айтуға еш негіз жоқ деп санайды. Оның сөзінше, біреуді сатып кету өңі түгілі, түсіне де кірмеген нәрсе, ал әкімді жазушылар ұйымына үлкен жәрдем бергені үшін ғана мақтап, ризашылығын білдірген.

– Мен Алпамыстың не үшін мені айыптап, сатқын деп атағанын түсінбеймін. Мен қашан да оны жақтап, өзімнің тілектес екендігімді білдіріп келдім. Шынымды айтайын, әкімді мақтағаным рас, өйткені, ол жазушылар одағының филиалына үлкен көмек көрсетті. Ол біріншіден, бізге кеңсе алып берді, екіншіден, жәрдемақы ретінде бәрімізге стипендия тағайындады. Ал үшіншіден, шипажайда тынығуға жолдама бергізді. Бұл енді көмек емес пе? Сондықтан, облыс басшысын осы жанашырлығы үшін құптап, ниетімді білдірдім. Бірақ, бұл үшін Бектұрғановтың мені бірден сатқын деп айыптауы ақылға сыймайды, – деді Алексей Святынин Азаттық радиосына.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі, жазушы Алпамыс Бектұрғанов былтыр Қазақстан қылмыстық кодексінің екі бірдей бабы бойынша: облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовты негізсіз айыптап жала жапқаны үшін және бюджет ақшасына өзінің кітабын басып шығарғаны үшін айыпты деп танылып, сот үкімімен жиынтығында 4 жылға бас еркіндігінен айрылған еді.

Осы үкім шығысымен қарт қаламгер Қазақстан жазушылар одағының мүшелігінен шығарылып, «Нұр Отан» партиясы қатарынан да аластатылды.
XS
SM
MD
LG