Accessibility links

Шиқанға жасалған операциядан соң ауруханада қайтыс болған жігіттің ата-анасы дәрігерлерді кінәлайды


Солтүстік Қазақстан облыстық ауруханасы. Петропавл, сәуір, 2009 жыл.
Солтүстік Қазақстан облыстық ауруханасы. Петропавл, сәуір, 2009 жыл.

Мамырдың 1-і күні жұртшылық Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлап жатқанда, қызылжарлық Оспановтар отбасы алтын асықтай ұлдарынан айрылып, қан жұтып қалды. 26 жасар Тимур Оспанов облыстық ауруханада 5-ақ күн жатып көз жұмды.

Марқұмның анасы Баян Оспанованың айтуынша, жамбасына шиқан шыққан Тимур дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінде оған операция жасалғаннан кейін, сол аурухананың гематология бөлімшесіне ауыстырылған. Онда қан құйылған соң, реанимацияда жатқан Тимур мамырдың 1-інде дүниеден өтті.

«Казкоммерцбанктің» Петропавлдағы бөлішесіндегі қауіпсіздік қызметінің бастығы болып жұмыс істеген соқталдай жігітті шиқанға жасалған операциядан бақилық болады деп ешкім ойламапты.

«Шиқанға жасалған ота аса ауыр операция емес қой. Одан кейін Тимур бізге телефон соғып, бәрі де жақсы екенін айтты. Енді шығарады деп жүргенде, қайтып кеткенін естідік. Неге бұлай болды? Біздің медицинада бір гәп бар сияқты», - дейді Тимурдың әріптестері.

Облыстық аурухананың хирургі Мереке Сайранұлынан осы жайлы сұрағанымызда, ол: «Тимур біздің бөлімшеде емес, гемотологияда қайтыс болды, содан сұраңдар» деп қысқа қайырды.

Гемотология бөлімшесінің меңгерушісінің айтуынша, Тимур лейкозбен ауырыпты.

«Ол келіп түсісімен, анализін қарағанда-ақ, онкологиялық ауруға шалдыққанын анықтап, бірден анасына хабарладық. Оның үстіне бұл ауруы бұған дейін анықталмаса да, лейкоздың соңғы кезеңі екен. Қанының 93 пайызы зақымдалған, мүлдем ұйымайтын. Өзінің мүлдем иммунитеті болған жоқ. Бізге келіп түскенде, боп-боз болып, әрең дем алып жатты, тіпті орнынан тұрған да жоқ, беті көгеріңкіреген, тым ауыр халде болатын.

Бұл жерде мәселе операцияда емес. Шиқан лейкоз асқынғандықтан пайда болған. Ірің ошағы тым үлкен болғандықтан, операция жасамау мүмкін емес еді. Бірақ, операцияның оның өліміне еш қатысы жоқ. Өкінішке қарай, өмірмен үйлеспейтін аурулар болады, Тимур сондай онкологиялық аурудан қайтыс болды. Ауруы тым ауыр еді, өте жедел дамыды. Рас, кейде дәрігерлер кінәлі болып жатады, бірақ осы жолы біздің еш кінәміз жоқ», - деп ақталды дәрігер.

Облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног: «Бізде биылдыққа 35 сырқат ауруханада көз жұмды. Соның бәрін жариялай бермексіңдер ме?» деп қысқа қайырды.

Қапыда жалғыз ұлынан айрылып қан жылап қалған Баян Оспанованың өзі де дәрігер. Анасы Тимурдың өмірін аман сақтап қалуға болушы еді, деген пікірде.

«Балам тым ауыр халде болғандықтан және дене қызуы түспегендіктен, облыстық аурухана дәрігерлерінен көмек сұрағанмын. Ол жердегілер жағдайын сәл-пәл жақсартса, одан кейін Астанаға не Алматыға қан орталығына апармақшы болып отырғам. Қажет болса, Германияға болсын, Израильге болсын апаруға дайындалып жүр едім. Бірақ, мына жердегілер 5-ақ күннің ішінде бәрін құртты. Мейлі, өздері айтып отырған лейкозбен де келісейін, бірақ бәрібір ол әлі дәлелденбеген. Бәрібір бұл жерде хирургтардың да, гематологтардың да, реаниматологтардың да кінәсі бар деп ойлаймын. Тіпті, үйіне барып, оны дифтерияға қарсы еккен учаскелік дәрігердің де қылығын түсінбеймін. «Дифтерия екпесімен учаскем түгел қамтылды» деп ұрандатқаны үшін оларға сыйақы бере ме? Екпе жұмысы да баламның жағдайын күрт нашарлатты. Ауруханада сырқаттарды емдеуге дұрыс жағдай жасалмаған: сырқаттар бір ғимараттан екінші ғимаратқа «Жедел жәрдем» көлігімен тасымалданады, тазалық сақталмайды, іріңді және іріңсіз сырқаттар бәрі бірге жатыр, оттегін тасымалдайтын жүйе сынып тұр, оттегін жастықпен тасып жүр. ХХІ ғасырдағы жағдай осындай», - дейді Баян Мақышқызы.

Ол енді баласының жетісі өтке соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ерік Байжүнісовтың атына шағым жазбақшы.

«Оның тарапынан қандай әрекет жасалатынын көремін, түк шықпаса, ары қарай шағымданамын», - деп отыр марқұмның ата-анасы.

Осыдан бірнеше ай бұрын ғана үйленіп, банктен 20 жылға алған ипотекалық несиеге баспаналы болған Тимурдың артында келіншегі жесір қалды.
XS
SM
MD
LG