Accessibility links

Саят Жансүгіров: «Халық жауы» деген айыппен атылған әкем халықтың адамы болатын


Қазақ ақыны Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров. Алматы, 12 сәуір 2010 жыл.
Қазақ ақыны Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров. Алматы, 12 сәуір 2010 жыл.

Қазақ ақыны Ілияс Жансүгіровтің баласы Саят Жансүгіровтің жасы қазір сексенде. Жыр құлагерінен қалған тұяқ Алматыда тұрады. Азаттық радиосына берген сұхбатында ол әкесінің және отбасының қилы тағдыры жайлы әңгімелейді.


ӘКЕ БЕЙНЕСІ


– Өзіңіз қай жылы, қай жерде дүниеге келдіңіз? Және есіңізде қалған әкеңіздің бейнесі қандай?

– Мен осы Алматының өзінде 1930 жылы 21 ақпанда туғанмын. Әкем – Ілияс Жансүгіров, шешем – Фатима Төребаева. Әкем осы Талдықорғанның Ақсу өңірінің тумасы. Шешем – Жаңақорғаннан. Екеуі 1928 жылы Қызылорда ел астанасы болып тұрған кезде сол жерде табысқан.

Әкем ол кезде Мәскеудегі оқуын бітіріп келіп қызмет істеп жүрген кезі. Шешем екі сіңілісі мен бір інісі төртеуі Ташкент жақтағы 1916
Ақын Ілияс Жансүгіров әйелі Фатима Төребаева және ұлы Саятпен. Жеке мұрағаттағы сурет.
жылғы бір соғыста ата-аналарынан айрылып, жетім қалады. Сөйтіп, сол Ташкенттегі патша өкіметі ашқан интернатта өседі, білім алады.

Шешем әдемі дауысы бар әнші болатын. Сөйтіп, әкем екеуі танысып, қосылады. Сосын астана Алматыға ауысқанда осында көшіп келеді. Ол кезде әкем өте беделді, атақ-даңқы шығып тұрған кез. Тағдыр солай болған шығар, менің екі жасымда әкем мен шешем ажырасты. Менен кейін Сайра деген қарындасым болды. Бірақ, ол шетінеп кетті.

Ажырасқаннан кейін шешем мені алып, төркіні – Түркістан жаққа кетіп қалды. 1934 жылы Ілияс пен Затаевич қазақтың ән-күйін жинап жүрген кезде әкем шешемді шақыртып, Алматыдағы филармонияға орналастырды. Шешем филармонияда 1936 жылға дейін әнші болды. Сол уақытта әкем маған келіп тұратын. Біздің үй орталық базардың жанында жатақханада болатын. Сонда әкем келіп, мені еркелетіп, ойнатып кететін.

Менің әкем халықтың адамы ғой. Сол кездегі мейірімді бейнесі әлі көз алдымда. Және әкеме деген жылылық әлі күнге жүрегімнен кетпейді.

Жастайымнан ағайын-туыс, үйге келетін адамдардың бәрі әкеңе ұқсайсың деп айтатын. Мектепте, кейін Мәскеудегі Тау-кен университетінде орысша оқыдым. Жұмыста да өңшең орыстардың арасында болдым. Алайда, тілімді сақтадым. Қазір әкем туралы мақала жазып тұрамын.

Әкемнің өз кіндігінен тараған ұрпақтарына келетін болсақ, үшінші әйелі Фатима Төребаевадан мен және кішкентай кезінде шетінеп кеткен Сайра есімді қарындасым екеуміз. Ал, төртінші әйелі Фатима Ғабитовадан Үміт, Ильфа есімді екі қыз, Болат есімді бір ұлы бар. Ильфа мен Болат бұл күнде бақилық болды. Өзіме келсем, Жамал, Ризеда есімді екі қызым бар. Жамал Мәскеуде, Ризеда Хорватияда тұрады.

«ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ» ОТБАСЫ

– 1937-1938 жылдары тағдырларыңыз қалай болды?

– Осы жерде айта кететін бір жайт бар. Менің шешем филармонияда жүрген кезде Ибади Тәукелов деген кісіге күйеуге шыққан. Ол кісі
Сталиндік қуғын-сүргін құрбандары азап шеккен Қарлагтың тікенек қоршауы. www.karlag.kz сайтындағы сурет.
Алашорданың мүшесі болатын. Ол сол жылдары қудалау көрді. 1937-1938 жылдарға дейін оқыған, алашшыл азаматтардың барлығын жұмыс істетпей, артына аңду қойып, қудалады ғой.

Әкемнің достары Мағжан да, Мұхтар да сол кезде қатты қудалауға ұшырады. Сол тұста шешемді жұмыстан шығарып жіберіп, қайта жұмысқа орналасу мүмкін болмады. Сөйтіп, біз Семей жақтағы бір туысымызды паналап сонда тұрдық. Алматыға 1937 жылдың жазында келдік. Біраз уақыттан кейін жаппай тұтқындау басталды да кетті. Әкем де, Ибади де ұсталып кетті.

Бір-бірінің үстінен жазды ма, жоқ әлде тергеушілер қинап жаздырды ма, әйтеуір бас көтерер азаматтардың бәрі ұсталып жатты.

Содан қиын күндер басталды. Шешем «Социалистік Қазақстанда» корректор болып жұмыс істеп жүрген кезде құрт ауруынан 1943 жылы қайтыс болды. Сөйтіп, мен тұл жетім қалдым. Шешемді қазіргі Райымбек даңғылы бойындағы мұсылман зиратына жерледік. Бірақ, қазір сол зираттардың үстінен асфальт төсеп, автотұрақ жасап қойыпты.

Мен шешемнің әпкесі Айша Сиқымбаеваның қолында болдым. Оның да күйеуі ұсталып кеткен еді. Әкем туралы халықтан ол кезде естімейтін едім. Бірақ келіп-кетіп тұратын әкемнің таныстары, туыстар маған «әкең туралы ешқашан жаман ойлама. Ол халық жауы емес. Адал адам» деп айтып отыратын.

– Жаңылмасам, әкеңіздің екінші әйелінің аты да Фатима болған деседі?

– Әкемнің төрт әйелі болған. Бірінші әйелі Жәмила өзінің жерлесі, өзімен жасты екен. Жас кезінде әкем сауықшыл болыпты. Өзі де өнерлі адам. Дос-жаран көп. Ал, әйелге не керек? Тыныштық керек. Сөйтіп, тағдыр шығар, екеуінің дәм-тұзы жараспай ажырасып тынады.

Одан кейін тағы бір өзінің жерлесі Аманша деген кісімен қосылады. Білетіндердің айтуынша, Аманша деген өзі сұлу, мінезі сондай тамаша адам болған екен. Ол кез әкемнің Киринституттың (Киргизский институт) бастығы болып жұмыс істеген тұсы. Содан ол кісі өзі
Қазақ ақыны Ілияс Жансүгіров.
сұранып, Мәскеуге оқуға аттанады. Кезекті бір оқу демалысы кезінде ауылға кетіп бара жатып, Алматыдағы жолдастарына келеді.

Сол жерде достары оған Аманшаның дүние салғанын естіртеді. Сонда осы оқиғаны көзімен көрген әкемнің Есболатов деген досының әйелі «Сыр сандық» деп аталатын естелік кітапта Ілиястың әйелін жоқтап, еңіреп жылағанын жазып, «бүйтіп жарын жоқтап жылаған ерді соған дейін де, одан кейін де көрмедім» деп еске алады. Аманшаны ерекше жақсы көрген ғой.

Әкемнің Аманшаға арнаған «Жарыммен қоштасқанда» және «Жарымның моласында» деген екі өлеңін Есболатовтың әйелі келтіреді.

Әкеміз Аманшадан кейін менің шешеме үйленеді. Ажырасқаннан кейін өзінің досы Біләл Сүлеевтің әйелі Фатима Ғабитоваға қосылады. Фатима Жәнібек, Азат және Фарида есімді үш баласымен әкеме тиеді. Екеуі қосылғаннан кейін сол үйден ұсталып кете барады.

Бұны да айту керек шығар, 1940 жылы Фатима Ғабитова Мұхтар Әуезовтен көтерген перзентті – Мұрат Әуезовті дүниеге әкеледі. Бәрі бірін-бірі білген. Мұхтар әкеммен дос болған. Бұған біз не айта аламыз? Ешнәрсе айта алмаймыз. Айтуға қақымыз да жоқ.

«МҰЗҚАЛА» ЖӘНЕ АШТЫҚ

– Әкеңіздің қалай ұсталып және қалай атылып кеткені жайлы білесіз бе?

– Әкем ол уақытта Жазушылар одағын басқарған. Қазақтың салтымен жаз шыға таудың бөктерінде киіз үй тігіп, сонда дем алады екен. Сол жақтан ұстап әкеткен. Қаладағы үйін тінтіп, құжаттарын, шығармаларын алып кеткен. Кейбір шығармаларының қайда екені әлі күнге белгісіз.

Әкемнің шығармаларын, басқа да заттарын арбаға тиеп әкетіп бара жатқанда Сапарғали Бегалин көріп қалып, жүгіріп барып, төбелескен бе, тартып алған ба, әйтеуір әкемнің бір кітабын алып кетеді. Ол әкемнің «Құлагер» поэмасы екен. Сөйтіп, «Құлагерді» сақтап, әкем ақталған кезде Фатима Ғабитоваға әкеліп табыстайды.

1938 жылы 26 ақпанда әкемді, Бейімбет Майлинді және тағы басқа көптеген азаматтарды түнде атқан да, Алматының түбіндегі мына Жаңалыққа апарып, құлағалы тұрған үйлердің іргесіне тастап, үйдің қабырғаларын үстерінен құлатып кете берген. Бірақ туыстарына
Ақын Ілияс Жансүгіровтің шығармалар жинағы.
«олардың бәрі айдалып кетті, олармен қатынасуға болмайды» деп айтып, бәрімізді алдап келді.

Қай жаққа айдалғанын тағы айтпайды. Сонымен, бір айдан кейін «Сіздің күйеуіңіз жүрек ауруынан Сібірдегі лагерлердің бірінде қайтыс болды» делінген хат келді дейді Фатима Ғабитова. Сенер-сенбесімізді білмедік әлгі хатқа.

– Әкеңіздің сақталмаған қанша шығармасы бар деп ойлайсыз?

– Оншақты болады. Соның бірі «Мұзқала» деген шығармасы. Бұл шығарма Голощекиннің қазақ жерінде «Кіші қазан төңкерісін» жасаймын деп, халықты аштыққа ұшыратқан саясатын әшкерелейтін шығарма. Бір жазушы, атын ұмытып отырмын, сол кісі «Мұзқаланы» тауып, бастырып, ол туралы мақала жазған. Алайда, осы күнге дейін мен мұрағаттан іздеп таба алмай келемін.

«Құлагер» поэмасының орысша атын «Триздна» деп қойған екен. «Ас» қой. Бұл «ас» – Ілиястың өзіне берген асы ма, қазақ халқына
1938 жылы 26 ақпанда әскери соттың үкімімен нақақтан атылған Ілияс Жансүгіровтің ССРО Жоғарғы соты Әскери алқасының шешімімен 1957 жылы 4 сәуірде ақталғандығы туралы анықтама.
берген асы ма? Ол кезде мұндай шығармалар үшін аямайтын. Бұрын бізге: «мұның бәрін жасап отырған Сталиннің өзі емес, оның маңындағылар» дейтін. Қазір белгілі болды ғой бәрі.

– Мемлекет тарапынан сіздерге өтемақы беріле ме?

– Өтемақы беріліп отыр деп айта алмаймын. Бірақ осыдан бес-алты жыл бұрын өтемақы ретінде біраз ақша беру жөнінде арнайы қаулы шыққан. Бірақ, ол орындалмайды. Бірнеше адамға берілді. Кейін жергілікті билік бергісі келмей, ақыры беруді қойды. Сосын біреулер: «өзіміз сияқты арамызда жүр ғой. Оларға не үшін өтемақы берілу керек» дейтін көрінеді.

Ал, халықтың өзіне алғысымды айтпасам, өкпем жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет.

P.S. Қазақтың танымал ақыны Ілияс Жансүгіров 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Алғаш рет Қарағаш ауылындағы мектепте оқып, жәдитше сауат ашқан Ілияс 1921 жылы Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп өз ауылында мұғалім болады.

Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, 1922 жылы Верныйдағы Қазақ ағарту институтына меңгеруші болып тағайындалады. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына 1925 жылы түсіп, үш жылда оны бітірген соң «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке алынады. 1932-1934 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болады. 1937-1938 жылдардағы сталиндік саяси репрессия кезінде ұсталып, 1938 жылғы ақпанның 26-ы опат болды.

Ақынның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу-маржаны саналады. Ол қазақ әдебиетінде поэма жанрын түр мен мазмұн жағынан анағұрлым байытып, ұлт болмысын асқақтататын рухты ситуацияларға ден қоя білді. Оның поэзиясында эпикалық серпін мен лирикалық сезім мінсіз тоғысып, ақынның дара қолтаңбасын айғақтап отырады.

Қазіргі кезде Ілияс Жансүгіровтің атында Алматы мен Астанада көше, Алматы облысына қарасты Ілияс Жансүгіров атында қалашық бар. Ақынның мұражайы Талдықорған қаласында орналасқан.
XS
SM
MD
LG