ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕ
Ұлыбритания мен бұл елдің маңызды сауда серіктесі болып саналатын Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа алауыздық қаупі төніп тұр деп жазады «Дейли телеграф» газеті.
«Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының негізін қалаушы, қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов Британияға қашып кеткен соң екі мемлекеттің арасындағы байланысқа сызат түскендей болды.
Өзіне саяси баспана беруді сұрап, Британияның ішкі істер министрлігіне өтініш жасаған Мұхтар Әблязов Қазақстанда саяси ұстанымы үшін қудалауға ұшырағанын айтқан. Ол өзіне қарсы бағытталған қуғынға ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев дем беріп отыр деп мәлімдеген.
Сонымен бірге ол осыған дейін алты жылға сотталып, Қазақстанда түрмеде отырған кезде азапталып, зорлық-зомбылық көрдім деген.
Ал Қазақстан билігі Мұхтар Әблязовтың бұл сөзін жоққа шығарып, оған БТА банктен алаяқтық жолмен аса ірі көлемде – 185 миллион фунт стерлингке шамалас – қаржы жымқырып кетті деген айып тағып отыр деп атап көрсетеді газет.
БАСПАНА БЕРМЕСЕҢДЕР – СЫБАҒАЛЫ БОЛАСЫҢДАР
Мұхтар Әблязовқа ағылшын елінен саяси баспана бергізбеудің қамымен Қазақстан билігі өкілдері британ шенеуніктеріне қолқа салып жүр дейді газет.
Ал егер қашқын бизнесменге саяси баспана берілетін болса, онда жауап қадам ретінде Қазақстан үкіметі британдық компаниялардың орнына Қытай фирмаларымен келісім-шарттарға отыратынын айтып Лондонға ескерту жасағаны туралы жазады басылым.
НАТО күштері жүргізіп жатқан Ауғанстандағы әскери науқанға Қазақстанның көрсетіп отырған қолдауына Британия сыртқы істер министрлігі үлкен мән беріп отыр. Қырғызстандағы қантөгіске ұласқан толқулардан соң, Қазақстанның мәні тіптен артып кетті. Ал қырғыз елінде орналасқан НАТО-ның аса маңызды әуе базасы Ауғанстандағы әскерді керек-жарақпен жабдықтау үшін маңызды рөл атқарады.
Бірақ Британ үкіметінің көкейін тесіп отырғаны – ең алдымен Қазақстанмен арадағы сауда қарым-қатынасын бұзып алмау деп жазады «Дейли телеграф».
Қазақстанда әлі мұрты бұзылмай, тың жатқан орасан зор мөлшердегі энергия ресурстары мен минералдық байлық қорлары бар. Ал Британия Қазақстан экономикасына инвестициялық салым көлемі бойынша алдыңғы қатарда тұрған бес шет мемлекеттің бірі.
Қазақстанның байлығы таяуда тағы да бір рет жұрт көзінше дәлелденді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев Беркшир графтығындағы «Саннингхилл Парк» вилласын 15 миллион фунт стерлингке, яғни, сатушы сұраған шамадан 3 миллион фунт стерлингке артық бағаға сатып алған еді.
СОЛТҮСТІК ТЕҢІЗДЕГІ ЕН БАЙЛЫҚ
Бұл уақытта Қазақстанның мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» холдингі мен Британияның «Би Джи» компаниясы Солтүстік теңіздегі мұнай мен газ кеніштерін бірлесіп игеру жөнінде келіссөз жүргізіп жатқаны белгілі болды деп хабарлайды Блумберг агенттігі.
«ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорыны «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы мен «Би Джи» фирмасы қазіргі таңда бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпаратты агенттікке өз аты-жөндері баспасөзде жария болғанын қаламаған адамдар айтып берген.
Солтүстік теңізде Еуропадағы барланған көлемі бойынша ең ірі саналатын мұнай мен газ қоры жатыр. Әлі ешкімнің қолы тимеген бұл кеніштерде 20 миллиард баррель шамасында көмірсутек шикізат қоры бар деп айтылады.
«ҚазМұнайГаз» бен «Би Джи» барлау мен өндіруге қатысты мүмкіндікті зерттеу жөнінде бұған дейін – 2008 жылы өзара келісімге келген болатын деп түсіндіреді Блумберг.