УРАН ҚАЛДЫҚТАРЫ – «ЛАС» БОМБА ЖАСАУ ҮШІН ДАЙЫН МАТЕРИАЛ
«Yahoo.com» сайтының хабарлауына қарағанда, бұл төрт мемлекеттің қатарына Қазақстан да еніп отыр. Әрі аталған қалдықтардың ең көп көлемі Қазақстан аумағында жатыр делінеді.
БҰҰ даму бағдарламасы аймақтық директорының орынбасары Йенс Вандель: «Бұл материалды «лас» бомбаларды жасауға пайдалануға болатынын білдік, бұл – нақты қауіп төндіреді» деп мәлімдеген журналистерге.
Совет заманы кезіндегі уран кеніштерін игеруден қалған қалдықтар, қабырғалары шетінеп тұрған тоғандардың артындағы далада жинақталып қойылған. Бұл Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанда миллиондаған адам пайдаланып отырған су тораптарының тазалығына қауіп төндіреді делінген БҰҰ даму бағдарламасының мәліметінде.
Осы ұйымның таратқан ақпарат бойынша, уран қалдықтары қоймаларының басты бөлігі, көмір кеніштері маңындағы күл таулары тәрізді, адамдар көп қоныстанған аймақтар мен табиғи апаттар боп тұратын өзен аумақтарында орналастырылған.
«Бұлар аймақты сумен қамтамасыз етуге және миллиондаған адамның денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал заттардың бастысы», – деп мәлімдейді БҰҰ даму бағдарламасының администраторы Хэлен Кларк.
Женевадағы кездесу барысында Орталық Азияның төрт мемлекеті – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан – әрі бірқатар халықаралық және аймақтық агенттіктер аталған мәселені шешуде күш біріктіру жайлы ортақ құжатқа қол қойды деп жазады «Yahoo.com».
Сонымен қатар, олар халықаралық қауымдастықты өздерінің уран өндірісінің қалдықтары мәселесін шешу жолындағы іс-әрекеттеріне қолдау көрсетуге үндеген деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Келіссөздер кезінде қырғыз премьер – министрі Игорь Чудинов, егер қазірден бастап, радиоактивті және токсинді қалдықтар дұрыс жиналып, қауіпсіздігі дұрыс қамтамасыз етілмесе, оның салдары тұрғын халық пен табиғи орта үшін «жаппай қырып-жою әлеуетіне ие қаруды қолданғандағыдай қауіпті болады» деп мәлімдеген.
Сондай-ақ ол улы қалдықтар жерленген жерлерге халықаралық бақылау жасау да «қауіпсіздік кепілі» ретінде оң рөл атқарар еді деген пікір айтты деп жазады «Silive» сайты.
Осы сайт қырғыз премьерінеі сілтеме жасай отырып, Орталық Азиядағы әлгі төрт мемлекеттің Женевада декларацияға қол қойғанын жеткізеді. Бұл құжаттың мақсаты – Орталық Азия аумағында радиоактивті және токсинді қалдықтардың мәселесін шешу үшін ортақ бағдарлама жасау.
АЙМАҚТА ШАМАМЕН 1 МИЛЛИАРД ТОННА УЛЫ ҚАЛДЫҚ ҚОРДАЛАНҒАН
БҰҰ дерегі бойынша, бұрынғы Совет Одағы құрамында болғанда, аталған империяның уран кенін өндіруші басты өңірі болған Орталық Азия жерінде 800 миллион тонна токсинді және радиоактивті уран өндірісінің қалдықтары қордаланған күйде жатыр екен.
БҰҰ-ның түрлі агенттіктері әзірлеген арнайы баяндамада ол қалдықтың табиғи орта мен аталған аумақта тұратын адамдар денсаулығы үшін зиян екені айтылған.
Кезінде осы орталықазиялық республикалар Совет Одағының ядролық қаруының оқ-дәрісін жасауда пайдаланылған уран кені өндірілген басты аймақ болған деп еске салады Reuters агенттігі. Бұл қоқыстардың қордалану себебі де аталған жайттан бастау алады.
Женевада өткен форумда Орталық Азияның төрт елі әлем елдері мен шетел кәсіпкерлерінен токсинді және радиоактивті ядролық қалдықтардан өз аумағын тазарту ісінде қол ұшын берулерін өтінді, деп хабарлайды «Рейтер» агенттігі. Бұл қалдықтар Совет үкіметі мен АҚШ арасындағы теке – тірес барынша шиеленісіп, күрделенген замандардан қалған «мұра» болып отыр.
Табиғат қойнауынан аяусыз, қарқынды түрде қазылып алынған тау-кен өндірісінің қалдықтары негізгінен ірі қалалардың рмаңында таудай боп үйіліп қалған, бұл қоқыс үйінділерін табиғи апаттардан қорғау мақсатында жарытып еш шара қолданылмаған.
Сонымен бірге токсинді және радиоактивті қоқыстардың тұрғын халық пайдаланып отырған су тораптарына қосылып кету қауіпінің алдын-алу үшін жасалған әрекеттер де қанағаттанғысыз деңгейде атқарылған деп атап көрсетілген БҰҰ даму бағдарламасы даярлаған құжатта.
Токсинді және радиоактивті қоқыстарды бақылау саласында біршама орталықтандырылған жүйесі болған Совет Одағы ыдыраған 1991 жылдан кейін, мұндай бақылау міндеті Орталық Азияда пайда болған жаңа тәуелсіз мемлекеттер құзіретіне өткен болатын.
Ал бұл жаңа мемлекеттер қаражатқа өте зәру болды және аталған мәселені негізінен өз күштерімен шешу үшін күресуге мәжбүр болды.
Казіргі уақытқа дейін аталған орталықазиялық елдерге улы қалдықтарды залалсыздандыру ісінде біршама көмек көрсеткен мемлекеттер қатарында Германия, Норвегия, Финляндия мен Чех республикасы бар.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк пен АҚШ, Ресей және Жапонияның үкіметтік мекемелері қол ұшын созып келеді. Еуроодақ та осы аталған төрт елде токсинді және радиоактивті улы қалдықтарды залалсыздандыру ісіне көмек беріп отыр. Бұған қоса, маусымның 29-ында Еуроодақ осы саладағы өз әрекетін еселей түсуге міндеттенді деп хабарлайды Reuters агенттігі.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАРТЫСЫ КЕДЕЙ ТҰРАДЫ
«Эрс таймс» басылымы, декларация мәтіні астына қол қойған төрт мемлекет мен Түркіменстан бұрын уран өндірген немесе әлі күнге дейін оны өндіріп отырған ел болып табылады деп жазады. Бұл өндірістік белсенділік тудырып отырған қауіп халықаралық ауқымды қамтиды.
Осы бес елде жиыны 55 миллион адам өмір сүріп жатыр. Токсинді және радиоактивті өндірістің қалдықтары Орталық Азиядағы адамдар денсаулығына, ауыл шаруашылығына және табиғи ортаға, сонымен қатар бұл аймақтан тамақ өнімдерін импорттайтын жұрттарға кесапатын тидіруі мүмкін залалды көз болып табылады деп жазады мақала ауторы.
Табиғи ресурстарға бай болса да, Совет Одағы ыдырағаннан бері әлі күнге дейін Орталық Азия мемлекеттері экономикадағы мешеулігін еңсере алмай әуреленуде. Аймақ халқының жартысына дерлігі кедей өмір сүреді деп атап көрсетеді «Эрс таймс».
Аталған сайттың мәліметіне қарағанда, Женевада өткен «Уран күресіндері: жергілікті проблемалар, аймақтық салдарлар, бүкіләлемдік шешімдер» атты форумда, Орталық Азия мемлекеттерінің ресми делегациялары дамыған елдердегі донорлардан жәрдем сұрапты. Әңгіме осы елдердің аумағын токсинді және радиоактивті қалдықтардан тазарту үшін қажетті қаржылай көмек жайында болып отыр.