Accessibility links

IMD: Қазақстан қарқынды 58 экономиканың 33-шісі болып тұр


Швейцарияның Лозанна қаласындағы коммерциялық емес Халықаралық менеджмент дамуы институты Дүниежүзілік бәсекелестік кітабының биылғы кезекті санын шығарды. Экономикалық зерттеу саласында зор беделге ие бұл ұйым 1989 жылдан бері тұрақты түрде 58 мемлекеттің дамуын қадағалап отырады.


Бұл 58-ге кіретін елдерді түрлі ерекшеліктеріне қатысты шартты түрде төрт топқа бөлуге болады. Бірінші топқа АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Жапония және Оңтүстік Корея, т.б. сияқты индустриализацияланған «дәстүрлі экономикалар» кіреді. Екінші топта соңғы ширек ғасырда алдыңғы қатарға шыққан Сингапур, Гонконг, Австралия, Тайвань, Малайзия мен Қатар, т.с.с. сияқты «жаңа экономикалар» тұр. BRIC (БРИК) деген атауға ие болған төрт алып дамушы экономика – Бразилия, Ресей, Үндістан мен Қытай үшінші топқа жатады. Ал IMD, яғни Халықаралық менеджмент дамуы институты 300 критерийге сәйкес таңдап алған өсу қарқыны шапшаң басқа да «дамушы экономикалар» – төртінші топта.

Қазақстан елу сегіз елдің ішіне кіріп қана қоймай, биыл экономикалық бәсекелестік жағынан 33-ші орынға бір-ақ көтеріліп отыр. Сөйтіп, тізімге кірген жалғыз орталық азиялық ел пост-советтік дамушы экономикалардың ішінде бірінші орынға шықты. Салыстыру үшін айтар болсақ, Эстония 34-ші, Литва 43-ші, Ресей 51-ші, ал Украина 57-ші орында тұр. Қазақстанның неліктен биыл үш сатыға бірден жоғары көтерілгені туралы анық ақпарат берілмеген. Бірқатар халықаралық сарапшылар бұл өзгерісті дер кезінде жасалған банк жүйесіндегі реттеумен және үкіметтік басқарудың тиімділігімен ұштастырады.

IMD биылғы есебінде Сингапур мен Гонконгтың экономикалық даму бойынша АҚШ-тың алдына шыққанын атап өтеді. АҚШ қаржылық және экономикалық дағдарыстан экономикасының алыптығы мен бизнес саласындағы іскерлігі және жаңа технологиялар саласындағы теңдессіз үстемдігінің арқасында шайқалмай шыққан. Сингапур мен Гонконг та дәл осы үш себептің арқасында және мемлекетінің тұрқы мен халық санының шағындығына байланысты дағдарыстан жай ғана шығып қоймай, Азияның бірқатар аймағында экономикалық экспансия бастап үлгірген. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Гонконгтың экономикалық өсу көрсеткіші 13 пайызға бір-ақ жеткен.

Австралия, Тайвань мен Малайзия сияқты елдердің де қаржы дағдарысы кезінде жүгі қисайған жоқ. Өйткені үкімет тиімді басқару жүйесін қолданды дегенге саяды IMD қорытындысы. Төртінші орыннан түспейтін Швейцария өткен жылы да мызғымаған. Себеп – дефицит пен сыртқы қарыздың аздығы, құнсыздану мен жұмыссыздық көрсеткішінің өспеуі. Жетілген банктік реттеу жүйесі мен тұтыну тауарларының алуан-түрлілігі Канаданы жетінші орында сақтап қалды. Қаржы дағдарысы есеңгіретіп кеткен «дәстүрлі» алып экономикаларды бастап 16-шы орында тұрған Германия әжептәуір бюджет дефициті мен қарыз көлеміне қарамастан оңалып келеді. Бұған бірден-бір себеп оның ауқымды сауда қарым-қатынасы, озық инфрақұрылымы мен жаманатқа ілініп көрмеген қаржылық репутациясы. Германия - өзі өндірген түрлі өнімін экспорттау көлемі бойынша әлемдегі екінші мемлекет.

BRIC елдері ішінде мұрты қисаймаған Қытай (18 орын) мен Үндістан (31-ші орын). Бұл екі елде де рецессия байқалған жоқ. Ал 38-ші және 51-ші орынға төмендеген Бразилия мен Ресейде ішкі тұтыну рынкі мен инфрақұрылымның және сырттан тартылған инвестициялардың жетімсіздігі бірден көрінді. Бұл екі елде де жылжымайтын мүлік бірден арзандап кетті.

Бірақ, қаржы дағдарысынан ең қатты зардап шеккен елдер Испания, Португалия, Грекия және Оңтүстік Африка болды. Жұмыссыздық Оңтүстік Африка Республикасында 24 пайызға жетсе, Испанияның жастарының арасында 38-ге бір-ақ шықты.

IMD бұл жолғы қорытынды есебінде «қарызға батқан» экономикаларға көбірек назар аударған. Ішкі және сыртқы қарызы Жалпы ішкі өнімінің 60 пайызынан асып кеткен елдер қаржы дағдарысынан ең қатты зардап шеккендерге жатады. Бұлардың қатарында Жапония, Италия, Португалия, Бельгия, АҚШ пен Грекия бар. Жапония 2084 жылы, Италия 2060 жылы, Португалия 2030 жылы, АҚШ 2033 жылы, ал Грекия 2031 жылы ғана қарыз көлемін ЖІӨ-нің 60 пайызынан азайта алады екен. Бірақ, АҚШ, Жапония, Италия мен Бельгия сияқты елдер қарызын қайтару мерзімі қанша созылса да қинала қоймайды. Өйткені бұлардың қарыз алған кредиторлары – сырттан емес, елдің өз ішіндегі қаржы институттары. Ал сырттан бірі 106 миллиард, екіншісі 44 миллиард евро қарыз алып үлгірген Грекия мен Португалияның халі тіпті мүшкіл.
Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанның барлық қарызы ЖІӨ-нің 13,18 пайызын ғана құрайды екен. Бұл көрсеткіш бойынша да Қазақстан ішкі-сыртқы қарызы ЖІӨ-нің жиырма пайызына жетпейтін тоғыз елдің біреуіне айналыпты.

Халықаралық менеджмент дамуы институты 1990 жылы Швейцарияда құрылғанмен осы ұйымға қарайтын Дүниежүзілік бәсекелестік орталығы 1989 жылдан бері жыл сайын экономикалық зерттеуін жариялап келеді. Таңдап алынған 58 мемлекетті бағалау кезінде экономикалық көрсеткіш, тиімді басқару жүйесі, бизнестің оң ықпалы және инфрақұрылым сияқты төрт белгіге ерекше мән беріледі.

IMD-дің есебін мына жерден көшіріп алуға болады.
XS
SM
MD
LG