195 мемлекет бойынша жүргізілген көлемді зерттеудің Қазақстанға арналған материалы төрт тараудан тұрады.Баяндамада келтірілген мәліметтер 2008 жылдың 1 шілдесі мен 2009 жылдың 30 маусым аралығындағы есептік мерзімді қамтиды.
ДІНИ ДЕМОГРАФИЯ
«Советтік өткен тарихы болғандықтан Қазақстанда өздерін дінге сенбейтіндер санатына қосатындар көп, соңғы жылдардағы зерттеулер елде діни көзқарас пен наным-сенім деңгейінің төмендігін байқатады" деп атап көрсетілген баяндамада.Үкімет негізі тіркелген қауым мен топтар, ұйымдардың саны бойынша есеп жүргізеді.
Діни сенімге қатысты соңғы статистикалық мәліметтер 1999 жылы жүргізілген халық санағы негізінде алынды. Аз ұлт өкілдерінің діни қауымдарының көпшілігі 1999 жылғы санақтан кейінгі уақыттары тіркелгендігіне қарамастан, үкімет тұрғындардың діни ара салмағы өзгеріссіз қалды деп есептейді.
Халықтың шамамен 65 пайызы немесе 10,5 миллион тұрғын өздерін мұсылман үмбетіміз деп санайды. Халықтың шамамен 60 пайызын құрайтын қазақтар және кем дегенде 10 пайыздай болатын этникалық өзбектер, ұйғырлар мен татарлар – тарихи жағдайда Ханафи бағытындағы мұсылман-сүнниттер болып қалыптасты.
АҚШ мемлекеттік департаментінің мұсылман қауымдастығындағы арнайы өкілі Фарах Пандит. Алматы, 13 қазан, 2009 жыл..
Халықтың бір пайызға жуығын құрайтын басқа да ислам топтары Шафи´и бағытындағы сунниттер (әдетте шешендер), шииттер, сопылар және Ахмади мектебінің өкілдері. Мұсылман ғұрыптарын дәстүрлі сақтаушылардың дені елдің оңтүстік өңірлерінде көп шоғырланған. Елде 2308 мешіт тіркелген, олардың көбі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен тығыз байланыс орнатқан. 70-ке жуық мешіт ҚМДБ-мен байланысы жоқ, олардың бөлімшелері болып есептелмейді.
Халықтың шамамен үштен бірі болатын – этникалық орыстардың басым бөлігі және аз мөлшердегі этникалық украиндер мен этникалық беларустар – орыс православ дінін ұстанады. Қазақстанда 265 орыс православ шіркеуі тіркелген. Римдік-католиктік архиепархияның өкілдеріне этникалық украиндер мен этникалық немістер жатады және олар халықтың бір пайызын құрайды.
Үкімет елде 93 католик шіркеуі тіркелгендігін хабарлады. Ресми статистикалық мәліметтер бойынша елде протестанттық христиандық қауымдар орыс православтық немесе католиктік конгрегацияға қарағанда көп екендігі айтылады, бірақ мұндай мәліметке күмәнмен қарау керек деп атап көрсетілген баяндамада. Үкімет 1018 протестандық христиан ұйымы тіркелгендігін және 543 тағзым ету орыны бар екендігін хабарлаған.
Елде екі баптистік топ бар: евангелиялық христиан-баптистері одағы және евангелиялық христиан баптистері шіркеуі одағы. Алғашқысының 10 мыңдай жақтаушысы және 227 тіркелген тобы бар, екінші ұйымға мыңға жуық адам мүше екен.
Басқа да христиандық діни топтарға пресвитериандар, лютерандар, елуліктер, сондай-ақ Иегова куәгерлері және жетінші күннің адвентистері жатады. Методистердің, меннониттердің және мормондардың аздаған топтары да тіркелген. Халықтың 1 пайыздан аз мөлшерін құрайтын еврейлердің Алматыда, Астанада, Өскеменде, Қостанайда және Павлодарда синагогалары бар.
Мемлекеттік статистикада басқа да 43 діни топ, соның ішінде бес буддистік топ, хари Кришна қозғалысының 12 филиалы, сондай-ақ саентология шіркеуі, бахайшылар, христиан ғылымы және бірлестік шіркеуі тіркелгендігі көрсетілген.
ҮКІМЕТТІҢ ДІНИ СЕНІМ ЕРКІНДІГІНЕ ҚҰРМЕТ СТАТУСЫ
Баяндамада Қазақстанның Конституциясы дін еркіндігін және елді зайырлы мемлекет ретінде қарастыратындығын, сондай-ақ тұрғындар өзінің діни көзқарасынан бас тарта алатындығын атап көрсеткен. «2005 жылы заңдарға енгізілген өзгертулер діни ұйымдарды тіркеу талаптарын күшейтті. Ресми тіркеуден өту үшін қауымның кем дегенде 10 мүшесі болуы керек».
«Үкімет діни ұйымдарды тіркеуден оның мүшелерінің аздығына немесе жарғыдағы ережелерден табылған қайшылықтарға байланысты бас тартуы мүмкін. Сонымен қатар, діни топтардың әрекеті Конституцияға, заңдарға және ұйым жарғысының ережелеріне қайшы келген жағдайда оның қызметі үш айдан алты айға дейінгі мерзімге тоқтатылады. Полиция, прокуратура және жекелеген азаматтар тіркелген діни ұйымның қызметі егер күдік тудыратындай болса сотқа шағымдана алады.
Есептік мерзім кезеңінде үкіметтік шенеуніктер елде саяси және діни экстремизмнің таралу мүмкіндігіне қатысты алаңдаушылық білдіруін жалғастыруда» делінген баяндамада. «Ұлттық қауіпсіздік комитеті «діни экстремизмге» қарсы күресті ішкі барлау қызметінің басым мақсаттарының бірі ретінде сипаттаған. Діни топтар және басқа да ұйымдарға қолданылатын 2005 жылғы экстремизм туралы заң үкіметке топтарды экстремистік ұйым деп анықтауға және соның санатына жатқызуға кең өкілеттік береді.
Хизб-ут-Тахрир исламдық қозғалысына экстремизм туралы заңға сәйкес тыйым салынған. Көптеген діни қауымдар мемлекеттік
Ұлттық қауіпсіздік комитеті «діни экстремизмге» қарсы күресті ішкі барлау қызметінің басым мақсаттарының бірі ретінде сипаттаған
Алматы және Астана қалаларында тіркеуден өткен Иегово куәгерлері діни орталығы өзінің аймақтық тобын Атырау облысында тіркеуге мүмкіндік алды. 2009 жылы 26 қаңтарда Атырау қалалық соты, Әділет министрлігінің аймақтық шенеуніктері мен жергілікті әкімшіліктің жеті жыл бойы бас тартуынан кейін, қауымды тіркеуге алу құқығын бекітті.
2008 жылы 24 желтоқсанда ҰҚК баспасөз қызметі сол жылы Хизб-ут-Тахрир ұйымының 30 мүшесі ұсталғандығын және соның ішіндегі жетеуі түрме жазасын алғандығын хабарлады. 2009 жылы 22 сәуірде осы ұйымның мүшелері делінетін бес кісі «әлеуметтік, этникалық, нәсілдік және діни араздық туғызған» деген айыппен түрмеге жабылды. Сот процесі Алматы және Талдықорғанда жабық жағдайда жүргізілді».
Бұған қоса баяндамада 2009 жылы 9 қаңтарда Алматы аудандық соты бірлестік шіркеуінің мүшесі Елизавета Дреничеваны екі жылға соттағандығын, сондай-ақ Таблиғи Жамаат мұсылмандық қозғалысының мүшелері заңсыз миссионерлік қызметі үшін деп Жамбыл және Атырау облыстарында ұсталғандығын атап көрсеткен. «Таблиғи Жамаат қозғалысы елде тіркелмеген».
Сонымен бірге, зерттеуде 2006 және 2007 жылдары харе Кришна қозғалысының Алматы маңындағы үйлері бұзылғандығы, ҰҚК Грейс пресвитериандық шіркеудің Қарағандыдағы штаб-кеңсесіне, Өскемендегі «Благодать» шіркеуінде рейд жүргізгендігі және басқа да діни ұйымдар туралы мәліметтер келтірілген.
ДІН ЕРКІНДІГІНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРМЕТ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ
Баяндамада Қазақстанның көпұлтты ел ретінде төзімділік және секуляризм дәстүрі туралы айта отырып, тұрғындар кейде діни аз топқа секем ала қарайтындығын атап көрсеткен. «Тұрғындардың өз отбасының мүшелері діни топтарға қатыса бастағандығына қатысты билікке шағымданған жағдайлары туралы да бірқатар хабарлар бар. Баяндаманың есептік мерзімі кезеңінде діни аз топтарға сенімсіздіктің зорлық-зомбылыққа ұласқандығы туралы мәлімет жоқ».
«АҚШ үкіметі діни сенім еркіндігі мәселесін адам құқығын қорғау жөніндегі жалпы саясаты аясында талқылайды. АҚШ елшілігі және мемлекеттік департаменттің лауазымды тұлғалары мінәжат орындарында болып, діни көсемдермен кездесті және алаңдаушылық туғызған нақты жағдайларды шешу үшін үкімет өкілдерімен жұмыстар жүргізді.
АҚШ үкіметінің Қазақстандағы өкілдері осы елде және Вашингтонда үкіметтік емес ұйымдармен, атап айтқанда Алматы Хельсинки комитетімен, Қазақстанның діни ұйымдар қауымдастығымен, сондай-ақ Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықтардың сақталуы жөніндегі халықаралық бюромен үнемі байланыс орнатып отырады» делінген баяндамада.