Accessibility links

Дін туралы даулы заң кері қайтарылды, бірақ қысым мен қудалау жалғасып жатыр


Бұл қақпаның аржағында Исус Христос шіркеуі орналасқан.Алматы, 24 ақпан, 2009 жыл.
Бұл қақпаның аржағында Исус Христос шіркеуі орналасқан.Алматы, 24 ақпан, 2009 жыл.

Қазақстанның Конституциялық Кеңесі дін туралы заң жобасын Конституцияға қайшы деп жариялаған. Бірақ қазақстандық адам құқықтарын қорғаушылар дәстүрлі емес дін өкілдеріне қысым жасау әлі жалғасуда екеніне алаңдаулы.

11 ақпанда Қазақстан Конституциялық Кеңесі діни сенім бостандығын қатаң шектейтін дін туралы заң жобасын Конституцияға қайшы деп жариялады.

Кеңес мүшелері дін және сенім бостандығын шектеуге тыйым салатын ел Конституциясына қайшы келетін заң жобасының төрт бабын айрықша талқыға салған.

Азаттық радиосына белгілі болғандай, Конституциялық Кеңестің тыңдауына алты орган, республикалық прокуратура, Әділет министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыртқы істер министрлігі, Омбудсман және өз алдына жеке орган ретінде дін істері жөніндегі комитет өкілдері қатысқан.

Екі қорытынды, яғни Омбудсман мен Сыртқы істер министрлігінің ғана қарсы қорытындысы Конституциялық Кеңестің әлгіндей шешім шығаруына ықпал еткен. Көптеген қазақстандық адам құқықтарын қорғаушылар мұндай шешімнің шығарылуы мүлдем күтпеген жағдай екенін жасырмайды.

Адам құқықтары жөніндегі алматылық Хельсинки комитетінің басшысы Нинель Фокина Азаттыққа Конституциялық Кеңестегі тыңдаудың таңдандырған сәттері жайында әңгімелеп берді:

- Омбудсманның президенттік институт екені белгілі. Бірақ, солай бола тұра ол шешуші ықпалы бар қарсы қорытынды берді. Сыртқы істер министрлігі де сол, әншейінде президенттің келісімінсіз не ішкі, не сыртқы саясатта қадам баспайтын министрлік заңның Конституцияға қайшы деп танылуы үшін болған күресте арыстанның айбаты мен қабыланның қайсарлығын танытты. Мен алған әсерімді бір-екі сөзбен жеткізіп бола алмаспын, дегенмен де айтарым сол, Қазақстанда жеті жоғары дәрежелі заңгер бас қосып, дәлелді негізде Конституция мен халықаралық құқыққа сүйене отырып, аталмыш заң жобасының авторлары мен жақтаушыларын бұрышқа тықсыратын кезі болады екен, - дейді Фокина ханым.

Алайда Форум 18 ақпарат агенттігінің хабарлауынша Конституцияға сәйкес президент Нұрсұлтан Назарбаев бір ай ішінде Конституциялық Кеңес шешіміне қарсылық білдіруге құқылы. "Әлі күнге Конституциялық Кеңес шешімінің толық мәтіні осыған байланысты жарияланбай отыр" деп хабарлаған Форум 18 Конституциялық Кеңес өкілі Гүлнәр Байгелдінің сөзіне сілтеме жасайды:

-Енді президент Нұрсұлтан Назарбаев он күн ішінде Конституциялық Кеңес шешімімен келісетінін не келіспейтінін шешуге тиіс. Содан кейін ғана біз түсіндірме жасай аламыз",- деді Форум 18-ге Байгелді.
Ал, Фокина ханым біздің Азаттық радиосына ел тарихында мұндай тәжірбие болған емес дейді:

- 1995 жылы Конституциялық Кеңес құрылғалы бері оның шешіміне президент қарсылық білдіріп көрген емес. Бір білсем, сол дәстүр бұзыла қоймас, - деп болжайды Фокина.

Бір айта кетерлігі дін туралы заңның бастамашысы болған үкімет мүшелері мен жергілікті адам құқықтарын қорғау ұйымдары арасындағы дау ұзаққа созылған. Мемлекеттік БАҚ арқылы насихаттауға және дәстүрлі емес дін өкілдерін тұтқындау, айыппұл салу іспеттес үркіту шараларына бюджеттік қаражаттың жұмсалғанына қарамастан діни сенім бостандығын шектейтін заңды қабылдауға үкіметтің дәті жетпегеніне бақылаушылар аң-таң.

Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның Алматыдағы өкілдігін басқаратын Евгений Жовтис біздің Азаттық радиосына берген сұхбатында үкіметтің бұл қылығын саяси технологияға тән бидай-былжырыққа балады:

-Бұл деген бірнеше мақсатты көздеген саяси технологиялық операция. Кейбір мақсатқа үкімет жетіп те қойды. Біржарым жылға жуық уақыт ішінде аталмыш заңның желеуімен құқық қорғау органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері діни азшылық өкілдеріне қысым жасау, жеркепеге тығу, айыппұл салу және елден қуу мүмкіндігін пайдаланды. Бір шетінен үкімет халықаралық қауымдастыққа Қазақстан авторитарлық режим ұстанбайды, керісінше халықаралық қауымдастық пікірімен санасады және өз Ата заңын халықаралық ережелерге сәйкес қолданады, яғни ел демократиялық бағытта дамуда дегенді көрсеткісі келді,- деді Евгений Жовтис Азаттық радиосына.

Бұған қоса Жовтис Конституциялық Кеңестің шешімі ол үшін тосын жағдай болмағанын жеткізді:

-Керісінше Конституцияға сәйкес деген шешім шығарса, сол мені есеңгіретіп тастар еді,- деп, Азаттық радиосына жауап берген ол Конституциялық Кеңес шешіміне қарамастан, шенеуніктердің діни азшылық пен ой, ар-ождан және наным-сенім бостандығына төзбеушілік танытуларын доғармауына алаңдаушылық білдірді.

Еске сала кетсек, бұрын Форум 18 ақпарат агенттігінің хабарламасына сілтеме жасай отырып, Азаттық радиосы дәстүрлі емес дін өкілдері, нақтырақ айтқанда баптистер шіркеуі мен Иегова куәгерлері жергілікті билік органдары тарапынан қысым көрген бірнеше оқиғаны мысалға келтірген.

Евгений Жовтис те Азаттық тілшісіне дәстүрлі емес дін өкілдеріне қарсы бағытталған билік жорығының тоқтамағанын айтқан болатын. “Билік белсенді, тіпті кейбір кезде озбыр қимыл жасауда” дейді қазақстандық адам құқықтарын қорғаушы:

-Дін туралы заң халық алдында жарияланбағанымен, іс жүзінде оның кейбір пәрмендері орындалуда. Құқық қорғау органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне толық еркіндік беріп қойды. Олардың түсінігінде Інжіл, Құран, Таурат немесе өзге бір қасиетті кітапты оқуға үштен артық адам бас қосу үшін мемлекеттің рұқсаты қажет. Егер сізде ондай рұқсат жоқ болса, әрекетіңіз заңсыздық боп шығады. Бұл — нағыз сандырақ,- деді Евгений Жовтис.

Адам құқықтарын қорғаушылар азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге қосымша хаттама мақұлданғаннан кейін және Қазақстан азаматтары БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымдануға мүмкіндік алғаннан кейін күшін жүргізіп тұрған дін туралы заңның да халықаралық талаптарға қарсы екенін көрсететін БҰҰ-ның шешімі шығады деп үміт артады.

Қазақстандық адам құқықтарын қорғау ұйымдарының есебінше ағымдағы жылдың соңына дейін діни азшылық өкілдеріне қысым жасала бермек. Өйткені Қазақстан дін туралы заңды Конституцияға қайшы деп таныса да өз саясатын өзгертпейді:

-Менің есебімше жыл соңына қарай діни азшылық өкілдеріне қысым жасау саябырсиды. Ол тыныштық 2011 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ “үштігінен” шыққанына дейін орнайды. Осы жылдарда, бәлкім, халықаралық құқық қазанында қайнаған Қазақстан басшыларының санасы өзгерер,- деген үміт білдіреді Нинель Фокина.
XS
SM
MD
LG