Accessibility links

Чехиядағы қазақ босқындары көмек сұрайды


Прагада наразылық акциясына шыққан қазақ босқындарының балалары "Біз экстремист емеспіз" деген жазу ұстап тұр. 7 ақпан 2009 ж.
Прагада наразылық акциясына шыққан қазақ босқындарының балалары "Біз экстремист емеспіз" деген жазу ұстап тұр. 7 ақпан 2009 ж.

Чехиядағы қазақ босқындарының бір отбасындағы 4 жасар бала қатерлі қан дертіне шалдыққан. Сол топтағы екі жас келіншекте қатерлі ісік бар болуы мүмкін. Бірақ, дәрігерге қаралып, емделуі үшін олардың қажетті медициналық сақтандыруы да, қаражаты да жоқ.


АТА-АНАЛАР АУРУХАНАҒА ШАМАМЕН 1400 ЕУРО ҚАРЫЗ БОЛЫП ҚАЛДЫ


Чехияның бірқатар елдімекендеріндегі уақытша тұру лагерьлерінде күн кешіп жатқан қазақ босқындарының кейбір отбасылары тап болған қиын жағдай туралы Азаттық радиосына Қайрат Досметов пен Нұрлан Қанатбаев баяндап берді.

Қайрат Досметов Мұхтар есімді атыраулық тағы бір қазақ босқынын ертіп, Азаттық радиосының кеңсесіне келді. Олардың қолдарындағы құжаттардың арасында үш адамның денсаулығының мүшкілдігі туралы анықтамалар мен медициналық сараптама қорытындылары бар екен. Үшінші босқын Нұрлан Қанатбаевпен телефон арқылы байланысуға тура келді.

Оның сұхбаты біз үшін өте маңызды болды, өйткені, дәрігерлік білімі бар Нұрлан денсаулығы қиындаған қазақ босқындары жайында білікті түрде түсінікті тілмен айтып бере алды.

Азаттыққа берген сұхбатында Нұрлан Қанатбаев былай деді:

«Ибрагим Сүлейменов есімді 4 жастағы қазақстандық босқын қазір «лейкемия» немесе «қанның қатерлі дерті» (халық арасында бұл дерт «ақ қан» деп те айтылады) деген диагнозбен балалар ауруханасының онкологиялық бөлімінде жатыр. Диагноз осыдан бір ай бұрын қойылған.

Бұған дейін ата-анасының баланы қаратуға мүмкіндігі болмаған. Олар ауруханадағы әр күн үшін 36 мыңнан аса чех кроны немесе 1400 еуро шамасында қарыз болып, ондай ақшаны қайдан аларын білмей отыр. Басқа шығындарды әзірге Чехия Ішкі істер министрлігінің медициналық сақтандыру мекемесі өтеуде.

Дәрігерлердің болжауынша, мұндай ауруды екі жылдың ішінде 99 пайызға дейін емдеуге болады. Бірақ, қазір (мен жақында ғана ауруханада болдым) баланың оң жақ бүйрегі істен шықты. Бұл деген, шамасы, гидронефроз болса керек. Түсінікті қылып айтар болсам, күшті химпрепараттың әсерінен баланың бүйрегі ісіп кеткен. Қатерлі дертке қатты әсер ететін химиотерапия қолданылады. Оған, 4 жасар баланы айтпағанда, ересек адамның өзі әзер шыдайды.

Бір ай өткенде барып, баланың тәбеті ашыла бастады. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, бала қанының анализі жақсара бастаған. Бүйректің істен шығуына Чех дәрігерлері шара қолдануға кіріскен. Мен оған болжал айтпай-ақ қояйын, себебі, олардың емдеу тәсілдері маған белгісіз.

Бірақ, не дегенмен де, баланың ағзасы уланбас үшін оған «жасанды бүйрек» аппаратын қосу керек деп ойлаймын. Себебі, қазірдің өзінде оның терісі, тілі, көздері сарғайып кетті, бұл белгілер баланың ағзасында азоттанған шлактардың жиналып жатқандығын білдіреді».

Тағы бір босқын — Қайрат Досметовтың айтуы бойынша, 4 жасар бала мен оның ата-анасы үшін қиындық ауруханаға барған алғашқы күнде болып тұр. Сол күні қан анализін алған уақытта бала мен оның ата-анасында медициналық сақтандыру болмаған, сол үшін де Сүлейменовтер Чехияның денсаулық сақтау министрлігіне 36 мыңнан астам крон қарыз болып қалған.

Келесі күні олар азил (келімсекке саяси босқын мәртебесін беру мүмкіндігі) сұраған. Қайрат Досметов түсіндіргендей, «азилмен бірге мемлекеттік медициналық сақтандыру қоса беріледі». Осылайша Сүлейменовтер отбасы бала ауруханаға түскеннен кейін келесі күні ғана азил мен медициналық сақтандыруға ие болған. Қайрат Досметовтың айтуынша, өйтпегенде Ибрагимнің емі 1,5 миллион кронға шығатын еді, ал, олар әуелі, аурухананың бір күндік шығындарын өтей алмай отыр.

«Оларда табыс көзі жоқ, баланың әкесі күн сайын жолдың өзіне біршама ақша жұмсайды. Ол Брнодан 30 шақырым қашықтықта тұрады, күнде ауруханаға келіп, кеш қайтады. Анасы кіші баласы — қызымен үйде отыр. Ұлын уайымдаған шешесі 10 килограмға жүдеп кетті», – дейді Қайрат Досметов.

«Оң жақ бүйрегі ісігенге дейін өздігінен отыратын бала, – деп әңгімесін жалғастырды дәрігер Нұрлан Қанатбаев, – қазір сол жақ қырымен ғана жатып, үнемі ұйықтай береді. Мен оның әкесімен сөйлескен кезде ол күні бойы ұйықтады».

«ОЛАРДЫ ҚАНДАЙ ТАҒДЫРДЫҢ КҮТІП ТҰРҒАНЫ БІР АЛЛАҒА ҒАНА АЯН»

Нұрлан Қанатбаев сондай-ақ, екі бөбек өсіріп отырған жас келіншек, 25 жасар Ардақ Шәкиеваның денсаулығы жайында да әңгімеледі. Оның ері, қазақ босқындарының бірі Ерлан Жылқышиев биылғы жылдың наурызында бокстан Брно қаласының чемпионы атанғаны туралы Азаттық радиосы кезінде хабарлаған болатын.

Дәрігердің айтуынша, Ардақ Шәкиеваның ауруына мидағы қан айналымының бұзылуы себеп болған. Бұл алдын ала қараудың нәтижесі ғана. Нұрлан Қанатбаевтың айтуы бойынша, келіншек жиі-жиі есеңгіреп, коллаптоидтік күйге (көздің қарауытуы) түседі және мида қатерлі ісік бар деген күдік те жоқ емес.

Оған нақты диагноз қою үшін құны қымбат тұратын толық тексеруден өткізу керек. Ал, Ардақ Шәкиеваның визалық мерзімі аяқталып келеді. Өзге қазақ босқындары секілді ол да уақытша паналау лагерінде күн кешуде.

«Екінші бір жас келіншек, 1981 жылы туған Жанар Қожанепесованың денсаулығы оның бойында онкологиялық ауру бар деген күдік туғызады, – деп әңгімесін өрбітеді Нұрлан Қанатбаев. – Жанар да Вышни Лхоты ауылындағы босқындарға арналған чехиялық уақытша паналау лагерінде тұрып жатыр».

Қайрат Досметовтың сөзі бойынша, Ардақ Шәкиева да, Жанар Қожанепесова да әлі күнге толық қаралудан өтуге жол ашатын босқын мәртебесінен де, медициналық сақтандырудан да, өзге де мүмкіндіктен мақұрым.

Олардың қолындағы онкологиялық аурудың барын қуаттайтын, алдын ала қаралудан өткендігі туралы анықтамаларын чехиялық биліктің елеп-ескермегенін айтады Қайрат Досметов.

«Олардың тағдыры не болады, бұл бір Аллаға ғана аян, – деп мұңаяды дәрігер Нұрлан Қанатбаев. – Қазір біздің босқындардың көпшілігін уақытша тұру лагерінен шығаруда. Чехиядағы билік оларға жақында шыққан бір заңмен қауіп төндіруде. Жыл басынан бері күшіне енген әлгі заң бойынша қазақ босқындары қайтадан уақытша паналау лагеріне орналасуға келетін болса, оларды кісен салып тұрып, депортациялық лагерьге жөнелтеді».

БОСҚЫНДАРДЫҢ ЖАНЫН УАҚЫТША ПАНАЛАУ ЛАГЕРІНДЕГІ АСХАНА ҒАНА САҚТАП ОТЫР

Нұрлан Қанатбаев жеке өз басының қиындықтары туралы онша айтқысы келмеді. Бірақ, Азаттық радиосы өзге екі босқынның әңгімесі арқылы оны да анықтады. Нұрланның да қиындықтары аз емес екен, «физиологиялық күйден психологиялық күйге дейін».

Солардың мойындағанындай, чех қоғамына сіңісу өте қиын, ал, негізінде, Чехияда ресми статистика бойынша 1800 бала дәрігері жетіспейді. Біздің сұхбаттасушыларымыздың айтуынша, бір Брно қаласының ғана медициналық мекемелерінде дәрігер-урологтарға деген үлкен зәрулік бар, бірақ, соған қарамастан, жеткілікті тәжірибесі бар дәрігер-уролог Нұрлан Қанатбаевқа өз мамандығы бойынша жұмысқа тұруға рұқсат жоқ.

Сонымен қатар, дәрігер Нұрлан Қанатбаевтың балалары мен Чехияда өткен күндері жүйкесін қатты жұқартқан зайыбының денсаулығында кілтипан бар.

Нұрлан Қанатбаевтың да отбасы өзге қазақ отбасылары секілді босқындар лагерінде болар-болмас қаражатқа өмір сүруде, босқындардың өздері оны қалта қаражаты деп атайды.

Чехияның көші-қон қызметі күніне әр адамға 30 кронадан бөледі (30 крона шамамен 1,5 АҚШ долларына тең), ол аздай, бірінші кезектегі қажеттіліктерге де жетпейтін бұл қаражаттан босқын мәртебесін ала алмаған адам мүлдем қағылады дейді босқындар.

Дәрігер, өзінің айтуынша, үшінші «негативті», яғни, босқын мәртебесін беруден бас тартуды күтіп жүр, ал, балаларымен бірге зайыбы екінші рет «негатив» алып үлгерген. Әлбетте, Қанатбаевтар отбасы соңғы табыс көзінен айырылған. Қанатбаевтар секілді өзге де қазақ отбасыларын, Нұрланның айтуы бойынша, тағамдарының сапасы төмен болса да, лагердегі асхана құтқарып тұр.

Бір сөзбен айтқанда, жалғыз Нұрлан Қанатбаевтың ғана емес, көптеген қазақ босқындарының материалдық-қаржылық жағдайы өте ауыр. «Қай отбасын алсақ та, – дейді дәрігер Қанатбаев, – олардың әрбірін мезі қылған қиындықтар жетіп артылады».

Бұған дейін Азаттық радиосы Чехиядағы 205 қазақстандық босқын туралы тізбекті хабарлар жариялаған болатын. Олар діни сенім-нанымдарына байланысты Қазақстанның арнайы қызметі тарапынан қуғын мен азапқа ұшыраған соң Отанын тастап, Чехияға бас сауғалап кетуге мәжбүр болғандарын айтқан еді. Қазақстанның ресми тұлғалары оларды салафиттер деп атаса, босқындардың өздері «Таза дін» өкілдері екендіктерін айтады.

Сондай-ақ, қазақстандық босқындардың өкілдері Азаттық радиосына берген сұхбаттарында Чехияның көші-қон басқармасы тарапынан да құқықтарының бұзылып жатқандығын айтып, шағымданды.

P.S. Чехиядағы қазақ босқындарының бірі Қайрат Досметов 4 жасар Ибрагим Сүлейменов, Ардақ Шәкиева және Жанар Қожанепесоваларға ерікті материалдық көмек көрсетем дегендер болса, Чехиядағы өзінің банктегі мынадай жеке шотына ақша аударуды сұрайды:

IBAN:CZ2255000000003832535001,
SWIFT: RZBCCZPP,
Account name: Kairat Dossimetov
Bank name: Raiffeisen Bank, tel: +420 417 941 444
Czech Republic

Немесе «Western union» жүйесі бойынша – көмекке зәру жандардың атына.
XS
SM
MD
LG