КҮМӘНДІ ТЕКСЕРУ
22 қаңтарда Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген stan.kz ақпараттық бейнепорталының басшылығы өздерінде жұмыс істеген журналист Саят Шүлембаевтың қайғылы өлімін бәзбіреулер басқа мақсатқа пайдаланбақ болғанын мәлімдеді.
«Stan Production» өндірістік студиясының директоры Бауыржан Мүсіровтың айтуынша, 18 қаңтарда олардың кеңсесіне екі ер кісі келген. Олардың біреуі редакция қызметкерлеріне өзін Алматы ішкі істер департаментінің қылмысты тергеу бөлімінің қызметкері, ал екіншісі – Астанадан арнайы келген уәкілетті өкіл ретінде танысқан.
Бауыржан Мүсіровтың айтуынша, бұл екеуі ұжымға стандарттық формадағы түсініктемелер жаздырған.
– Біреуі өзін Асқар Ахметов, екіншісі Арман Байтуреев деп таныстырды, бірақ бізге құжаттарын көрсеткен жоқ. Олар бізден кеңсе жұмысын ұйымдастыру, мәліметтерді беру технологиясы, мұрағаттарды сақтау орындары және басқа да таза техникалық жұмыстар туралы егжей-тегжейлі сұрап алды. Саят Шүлембаевтың қайғылы оқиғасына қатысы жоқ мәселелерді қазбалады, – деді Бауыржан Мүсіров.
РЕДАКЦИЯ БОЛЖАМЫ
Алайда, оның айтуынша, осы адамдардың құқық органдарынан екендігіне редакция күмәнмен қараған. Ал, кейін олар полицияға хабарласқан кезде, полиция stan.kz бейнепорталының кеңсесіне келген әлгі екі кісінің өздерінде жұмыс істемейтіндігін айтқан.
Сонымен бірге редакция ұжымы жазып берген түсініктемелер де Алматы қаласы ішкі істер департаментіне келіп түспегендігі анықталды.
– Редакцияның күдігі Алматы ішкі істер департаментінің қылмыстық істерді зерттеу бөлімінде дүйсенбі күні stan.kz кеңсесіне маман жібермегендігін айтқаннан кейін шынға айналды. Бұған қоса, қалалық департаментте де, Жетісу аудандық ішкі істер бөлімінде де жаңағы Асқар Ахметов пен Арман Байтөреевті танымайтын болып шықты, – деді Бауыржан Мүсіров.
Бұл жайтқа байланысты өз ойымен бөліскен stan.kz интернет-бейнепорталының бас продюсері Александр Габченко шұғыл-іздестіру іс-шаралары прокуратураның рұқсатынсыз жүргізілген болуы мүмкін деп мәлімдеді.
– Менің пікірімше, ең бір әділетсіздігі – мұның барлығы алдау-арбау, редакцияны шатастыру арқылы жасалып отыр. Бұл жолы біздің әріптесіміз Саяттың қайғысы жаман пиғылда пайдаланылды. Бізді толғандыратын мәселелер бар. Бұлар кімдер, редакцияны алдап неге тінту жүргізді және оларға не керек? – деді Александр Габченко.
Габченко әлгі белгісіз «қонақтардың» қылмыстық топтарға қатысы болуы ықтимал деп ойламайды.
Бірақ, «Стан» өкілі, қолында дәйегі болмаған соң ол екі кісінің арнайы қызметке қатысы болуы мүмкін деп те айта алмайды.
Баспасөз мәслихатында редакция қызметкерлері журналист Саят Шүлембаевты өлтіру фактісі бойынша өз ойларымен бөлісті.
– Редакция Саяттың өлімін оның кәсіби қызметіне қатыстыруға бейім емес, бірақ осы жағдайлардан соң бізде күдік пайда болды. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе Интернетте, Саяттың қазасы мен Геннадий Павлюктің ісіне қандайда бір байланыс болуы мүмкін деген болжамдар келтірілді. Бірақ қолымызда дәлелді ақпарат жоқ. Мен де сіздер секілді, тек болжам ғана жасай аламын, – деді Александр Габченко.
Оның пікірінше, біреулер Саят Шүлембаевтың қазасын журналисті өлтіргендерді анықтауға қатысы жоқ басқадай бір мақсатта пайдаланып отыр.
ЕКІНШІ КЕЛУІ
Осы аптада «Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы Қазақстанның ішкі істер министрлігінен журналист Саят Шүлембаевты өлтіру фактісі бойынша істі қарауын тездетуді сұраған еді. Алайда ІІМ әзірге бұл іске қатысты жаңа мәліметтер жоқ деді.
stan.kz интернет-бейнепорталының заңгері Наталья Сартбаеваның айтуынша, белгісіз кісілер редакцияға екі мәрте келген.
– Біз бұл адамдардың қай мекемеде жұмыс істейтіндігін түбінде анықтаймыз. Егер бұл кісілердің Саят Шүлембаевтың өлімін зерттеуге қатысы жоқтығы дәлелденсе, онда олар заңсыз ақпарат алу, заңсыз кіру баптары бойынша айыпталады, – деді Наталья Сартбаева.
stan.kz ақпараттық бейнепорталының қазақстандық журналисі Саят Шүлембаев былтырғы жылы 25 желтоқсанда Алматыда өлтірілді. Онымен бірге журналист жалдап тұрып жатқан пәтердің қожайынын да белгісіз қаскүнемдер өлтіріп кетті. Хабарларға қарағанда, журналистің қазасынан соң оның үйінен ақша мен ұялы телефон жоғалып кеткен.