Accessibility links

Сәулетші Марат Мыңбаев Алматы маңында орналасқан Шаңырақтағы құрылыстың салыну принципін сынға алады


Сәулетші Марат Мыңбаев. Алматы, шілде, 2009 жыл.
Сәулетші Марат Мыңбаев. Алматы, шілде, 2009 жыл.

Азаттық радиосына берген сұхбатында сәулетші Марат Мыңбаев: «билік Шаңырақтағы трагедиядан соң тактикасын өзгертті, бірақ, үй салу барысында ортағасырлық әдісті пайдаланады» деді. Ол Алматыдағы проблемалық ықшамаудандардың пайда болу тарихына да тоқталды.

«ШАҢЫРАҚ» СӨЗІ ТАҒЫ БІР МАҒЫНАҒА ИЕ БОЛДЫ

Әдетте «Шаңырақ» сөзі баспана, отау, әулет мағынасын беретін. Енді, соңғы жылдары бұл сөз жанжалмен, адамдардың қасіретімен байланысты айтылатын болды. Өйткені, Алматының солтүстік шетіндегі Шаңырақ шағынауданының батпақты жерлеріне өз беттерімен үй салған адамдарды баспаналарынан жаппай шығару оқиғаларынан дүйім жұрт хабардар.

2006 жылдың 14 шілдесі күні азанда өрт сөндіру машиналарына мінген полицейлер жұртқа су шашып, Шаңырақ шағынауданына лап қойды. Тапсырманы орындаушылар арнайы техникалардың көмегімен үйлерді қиратпақ болғанымен, жергілікті тұрғындардың қарсылығына тап болды.

Полиция күші шабуылға шықты. Алматы, Шаңырақ, 14 шілде 2006 жыл.
Қақтығыс барысында қаскүнемдер үстіне бензин құйып, өртеп жіберген бір полиция офицері бірнеше күннен соң ауруханада көз жұмды. Тәртіпсіздікке қатысқан жиырма бес адам тұтқындалып, оларға айып тағылды.

Көптеген айларға созылған сот процесі барысында айыпталушылардың біреуі ақталып, жиырмасы шартты жазаға, ал төртеуі ұзақ мерзімді жазаға кесілді. Олардың ішінде ең көп мерзімге сотталған адам – ақын, қоғам қайраткері Арон Атабек (Едігеев) 18 жыл қатаң режимге сотталды. Сот оны тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушысы деп таныды.

Сотталғандардың ешқайсысы сотта өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Олардың барлығы болған трагедияға биліктің өзін кінәлады.

Азаттық радиосы бұл материалды шаңырақ проблемаларын талдауға арнап отыр. Стихиялы салынған шағынаудандар тұрғындарының проблемаларын қазір осылай атайды.

Сұрақтарымызға жауап алу мақсатында біз Алматының айналасындағы стихиялы түрде салынған шағынаудандардың басы-қасында болған адамға, сәулетші Марат Мыңбаевқа жолыққан едік. Марат Мыңбаев – Алматыдағы Самал, Тастақ, Алмагүл, Таугүл және Шаңырақ шағынаудандарының жобалаушы-ауторы. Ол Шаңырақтың қалай пайда болғанын біледі.

АДАМДАРДЫҢ ТҰРАТЫН ЖЕРЛЕРІ БОЛМАДЫ

– Марат мырза, Шаңырақ қалай және не үшін пайда болды?

– Бұл проблеманы толық түсіну үшін өткен, советтік кезеңге қайта оралуымыз қажет. Өйткені, Шаңырақ проблемасы бүгін пайда бола қойған жоқ. Естеріңізде болса, совет өкіметі кезінде Алматының айналасынан жеке тұрғын үй салуға жер берілмейтін. Партиялық билік барлығын бақылап отыратын. Тіпті, саяжай учаскелеріне де тұрақты меншік ретінде құжат берілмейтін. Саяжай үйшігінің өлшемі 25 шаршы метрден аспай, бір қабатты ғана болуы тиіс еді.

Бірақ, горбачевтік қайта құру басталған кезде кенеттен көп адамдардың ондаған жылдар бойы бөтен пәтерлерде тұрып, үй алудың кезегін күтетіні жайында айтыла бастады.

Жедел арада «Тұрғын үй - 91» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама бойынша 1991 жылға қарай әрбір совет адамы өзінің жеке пәтеріне немесе үйіне ие болуы керек болатын. Өкінішке қарай, бұл – мемлекеттік деңгейдегі алаяқтық болып шықты. Кейінірек бұл бағдарламаны «Жулье - 91» деп атағаны да бар.

Көп ұзамай партия басшылары бағдарламаның іске аспайтынын түсінді. Осы кезде жеке үй салу үшін жер бөлу жайында әңгіме бола бастады. Сол-ақ екен баспанасыздардың мәселелерін шешу мақсатындағы «Шаңырақ», «Дарын», «Ақ отау», «Алты алаш», т.б. түрлі бірлестіктер құрыла бастады. Мен осы бірлестіктерді ұйымдастырушылардың бірі болдым.

Қырғызстанның президенті Асқар Ақаев бұл бағытта жаңашыл ретінде кеңінен танымал болды. Ол Одақта алғашқылардың бірі болып баспанасыздардың мәселесін шешуге белсеніп кірісті. Бішкектің айналасында жеке секторлар салына бастады. Содан соң біз, Қазақстанның жас энтузиазистері көршілермен тәжірибе алмасу үшін арнайы Бішкекке барып қайттық. Сапардан алған әсеріміз керемет еді.

– Сөйтіп, сіздер де көршілерден қалмау керек деп шештіңіздер ғой?

– Дәл солай. Елге келе салысымен біз Алматы қаласының басшысы Заманбек Нұрқаділовтың қабылдауын өтіндік. Ол біздің бастамамызды толығымен қолдады. Солармен бірігіп біз жедел түрде бағдарлама жасап, барлық баспанасыздарды тізімдедік.

Олардың саны 40 мыңдай болды. Қала әкімшілігі сол сәтте-ақ біздің бағдарламамызды бекітіп, бүгінгі Шаңырақ-1, Шаңырақ-2, Думан, Луч Востока, Таугүл шағынаудандарының аумақтарында құрылыс салу үшін жер бөле бастады.

Қысқа мерзімнің ішінде 6 мыңдай учаске берілді. Бұл 1991 жыл болатын. Алматының баспанасыздары үшін нағыз алтын кезең еді. Сол жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялады.

Астананың қазіргі әкімі Иманғали Тасмағамбетов ол кезде Қазақстандағы жастар ұйымының басшысы болатын. Және ол біздің бастамамымызды ықыласымен қолдады. Оның үстіне, ол Шаңырақтағы біздің ұйымымыз үшін кеңсе ретінде үш бөлме бөліп берді. Алайда, арада біраз жылдар өтіп, Алматының әкімі болған кезде ол өзін өзгеше қырынан көрсетті. Оны біреумен алмастырып қойғандай әсер қалдырды. Ол өзінің қолынан шыққан дүниені қирата бастады.

Алматының басшысы Заманбек Нұрқаділов баспанасыздар проблемасын тезірек шешу үшін арнайы комиссия құрды. Мен осы комиссия төрағасының орынбасарлығына тағайындалдым. Бұл бір жақсы кезең еді. Билік халықтың проблемасын шешумен айналысатын. Жақында ғана билік халыққа сыртын беріп, онымен сойылдың және бульдозердің тілімен сөйлеспекші болды ғой.

1995 жылға дейін жағдай осылай жалғасып, содан соң басқа, жабайы капитализмнің заманы келе бастады. Өздері баюға кіріскен шенеуніктер біртіндеп баспанасыздардың проблемаларын ұмыта бастады.

ШАҢЫРАҚТЫҚТАРДЫҢ ДОСТЫҒЫ ҚЫЗЫҒУҒА ТҰРАРЛЫҚ

– Марат мырза, қалай ойлайсыз, егер билік әуел баста баспанасыздарға жер бермей, өзінше құрылыс салушыларға қатысты қатаң шараларды қолға алса, мүмкін бүгінгі проблемалар болмайтын ба еді?

– Жоқ, ол кезде билік нағыз дана шешімді қабылдады. Арада біршама жылдар өткен соң мен былай деп жауапкершілікпен мәлімдей аламын: егер сол кезеңде адамдар өздеріне үй салуды бастамаған болса, онда бұл жағдай билік үшін де, халықтың өзі үшін де жақсы аяқтала қоймайтын еді. Наразы болған жұрттың стихиялы бүлігінің ауқымы анағұрлым кеңейіп кететін еді.

Сіз 20 жыл бойы біреудің босағасында жүрудің не екенін елестете аласыз ба? Оларға қаладан үй беруді ешкім де ойлаған жоқ болатын. Сатып алуға – ақшасы жоқ. Ал, балаларға бір жерде тұрып, оқып, олар өскеннен соң, өздерінің отбасыларын құруы керек болатын.

Мұндай жағдайда оларға не істеу керек еді? Тұрғын үй проблемасын шешу біраз мәселенің түйінін тарқатуға себеп болды. Әйтпесе, бүліктің басталып кетуі әбден мүмкін еді.

Олардың Алматыға жетіскеннен келмегенін түсінетін боларсыз? Ол кездері ауылдар қирай бастаған. Ел үшін астанаға қарай жылжығаннан өзге амал қалмады. Шындап келгенде, өкімет оларға рахмет айтуы керек. Өйткені, олар ешкімнің көмегінсіз өздерін, отбасыларын сақтап, қатарға қосылып кетті емес пе?!

Әр отбасында бес және одан да көп бала бар. Мінеки, ешқандай үгіт-насихатсыз, көпірме сөзсіз-ақ демографиялық мәселені қалай шешуге болады?

Бүгінде Шаңырақты әзілдеп ҚҚШ – Қазақстанның Құрама Штаттары деп атайды. Өйткені, мұнда әлемнің барлық түкпірінен келген қазақтарды кезіктіруге болады. Оңтүстік Қазақстанның, Семейдің, Қызылорданың қазақтары мен Моңғолия, Қытай, Өзбекстаннан, т.б. елдерден келген оралман-қазақтарды осы жерден жолықтырасыз. Көшіп келгендердің арасындағы қарым-қатынас та жақсы. Олар өзара жанжалдасқан емес, кез-келген мәселені бірігіп шешуге әдеттенген.

Полицейлер талай рет үйлерді сырып тастағанымен, шаңырақтықтар әлгі үйді бір тәуліктің ішінде асарлатып қайта салатын. Сондықтан, оларды күшпен жеңемін деу бекершілік. Бір үйді, он үйді, тіпті жүз үйді сырып тастауға болар. Бірақ, барлығын бірдей сыра алмайсың. Ал, бүгінде олар мыңдап саналады.

ШАҢЫРАҚТЫҚТАР БОЛМАСА АЛМАТЫ БАТПАҚҚА БАТАДЫ

– Марат мырза, Шаңырақ тұрғындары отбасын асырау үшін негізінен немен айналысады?

– Бұл қызық сауал екен. Шаңырақтықтар, қала сыртындағы өзге де шағынаудандардың тұрғындары сияқты, негізінен алматылықтарға қызмет етумен айналысады. Олар барахолкада, құрылыста жұмыс істеп, жолдарға асфальт төсейді, қоқыстарды жинаумен айналысады. Олар – жүк тиеушілер, автокөлікті жуушылар, жанармай құюшылар, автобустар мен шағын автобустардың жүргізушілері.

Еуропада оларды гастарбайтерлер деп атайды. Лас жұмысты істейтін кезде олар керек. Ал, адамша өмір сүріп, баспана алу мәселесіне келгенде ешкімге керек емес.

Шаңырақ-1 шағынауданының кішкентай тұрғындары. Бұл елдімекенде негізінен ауылды жерден қоныс аударған көпбалалы отбасылар тұрады. Алматы, 28 наурыз 2009 жыл.
Егер Алматының айналасындағы өздері салған шағынаудандардың тұрғындарын (олардың саны жүз мыңнан асады) бүгін көшірер болса, ертең-ақ Алматының батпаққа бататынына сенімім кәміл. Алматының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жұмыс істейтіндерге қараңызшы: олардың көпшілігі қала маңындағы шағынаудандардың тұрғындары.

Олар таңғы сағат бестен қаланы тазалауға кіріседі. Ал, осы еңбектері үшін арзымайтын тиын-тебен алады. Ол былай тұрсын, олар болмаса қаланың көлігі тоқтап, құрылысы баяулап, базарлары босап қалады. Өйткені, қалада бұрыннан тұрып келе жатқан баспаналы тұрғындар жалақысы төмен, лас жұмысқа ешқашан бармайды.

Сондықтан, шаңырақтықтарға қатысты әлдебір шешім қабылдау үшін қала әкімшілігіндегі шенеуніктерге алдымен он ойланып, жүз толғануға кеңес берер едім. Тек келісімге келуге боларлық дана шешімді ғана қабылдау керек.

«СЕҢ ОРНЫНАН ҚОЗҒАЛДЫ»

– Марат мырза, көктемде үйлерін су алып кеткен адамдарға өкімет жақында үй салып берді. Бұл дегеніңіз билік бұдан былай адамдарды тек қорқыта бермей, бейбіт түрде олардың проблемаларын шешумен де айналысады деген сөз емес пе?

– Иә, бұндай тенденция байқалып отыр. Әуел бастан-ақ осы жолмен жүру керек еді. Бұл шағынаудандардың барлығын Алатау ауданының шаңырағының астына біріктіруі – биліктің бұл мәселемен шындап айналыса бастағанын байқатады.

Шенеуніктер, әйтеуір, біртіндеп халыққа жақындай бастады. Бір кездері салынып қойған, бас жоспарға қайшы келмейтін және инженерлік желілердің үстіне орналаспаған үйлерді заңдастыра бастағанда мен бұған қатты қуандым. Ендігі мәселе, бұл процесті жеделдету керек.

Адамдар жылдар бойы жердің мемлекеттік актісін, үйдің техпаспортын ала-алмай, үйлерін рәсімдей алмай сергелдеңде жүр. Осы себепті оларды тіркеуге қоймайды. Тіркеуі жоқ болған соң ел жұмысқа тұра алмай, зейнетақы мен жәрдемақыларын ала алмай, балаларының проблемаларын шеше алмай тұйық шеңбердің ішінде қалғандай болады. Қалайда сең қозғалды. Бұл да болса жақсы нышан.

«БҰЛ НАҒЫЗ ШАНХАЙ БОЛМАҚ»

– Бірақ, мені басқа мәселе алаңдатады. Тез арада салынып елге берілген әлгі екі бөлмелі үйлердің құрылысы ойланбай жобаланған. Бұл үйлерге негізінен орта есеппен үш-төрт баласы бар көп балалы отбасылар қоныстануда.

Дәл осы отбасылар бір бөлмеде қалай тұрады? Өйткені, бұл үйлер екі бөлмелі деп аталғанымен, бірінші бөлменің көлемі алты шаршы метр ғана. Ол жер тек кіре берістің, мықтағанда ас пісіретін бөлменің міндетін атқаруы мүмкін.

Содан соң, бұл үйлерге болашақта әлдебір жақсы бөлмені қосып салу мүмкін емес. Үй жобасы ойланбай жасалған. Қабырғалары сплиттерлік блоктан тұрғызылған. Ал, бұл материал болса тек бөлмеаралық қабырғалар, қоршаулар мен қосалқы жайлар салуға ғана арналған.

Сондықтан, жұрт қосымша бөлмелер салмақ болған кезде (бұл міндетті түрде болады), оларға шатырды ашып, қабырғаларды бұзуға тура
Шаңырақ тұрғындарының кейбіріне биыл жаңадан салынған Саялы шағынауданындағы әрқайсысының көлемі 25 шаршы метр мына үйлер берілді. Алматы, 11 шілде 2009 жыл.
келеді. Мен бұны сіздерге маман, сәулетші ретінде айтып отырмын.

Бұл үйлерге бір жылдан соң не боларын білесіз бе? Бұл аудан көзге сұрықсыз, нағыз Шанхай болады. Қала басшылығы үйлерді салғанда бас жоспарды сақтап, бірыңғай жобаның болғанын қалайды. Сөйте тұра өздері бассыздыққа жол береді.

Оның үстіне бұл үйлер жылусыз берілді. Оларда типтік пеш орнатылмаған. Түтін шығатын мұржалары жоқ. Тағы да әркім өзінің білгенінше пеш пен мұржаны сала бастайды. Бұл үйлерді салған құрылыс фирмасы қыс болмайтын Африкадан келген сияқты әсер қалдырады.

Екінші мәселе, машиналар жүретін көшелерге байланысты. Мен бұл үйлердің қалай салынғанын көріп, жағамды ұстадым. Он-он бес үй бір қатарда тұр. Олардың арасында адам өтетін де, машина өтетін де саңылау жоқ. Яғни, көше жоқ.

Үйлер ұзын ішек тәрізді біріне-бірі жалғастырылып салынған. Рационалды қала салу тұрғысынан болсын, өрт қауіпсіздігі жағынан да, стихиялы апат жағдайына байланысты да үш-төрт үйден соң өткелдер болуы керек. Бұл жайында неге ойламаған? Таң қаламын.

Мұндай үйлерді орта ғасырларда өзбектер салған. Бірақ, ол кезде бұлай салу қажет еді. Мұндай махаллаға әлдекім ұрлықққа түсе қалса, бірден қақпанға түсетін. Оны ұстап алу оңай болатын. Бірақ біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой. Бізге құрылыс нормалары мен ережелерін сақтау керек емес пе?

Бір сөзбен айтқанда, шаңырақтықтардың проблемалары шешіліп жатқан сияқты. Бірақ, сол шешімнің тиісті деңгейге сай еместігі өкінішті-ақ!

Марат мырза, әңгімеңіз үшін рахмет!
XS
SM
MD
LG