АЗИЯНЫ МОЙЫНДАТҚАНДАР
Наурыздың 3-10 аралығында Иран мемлекетінің астанасы Теһран қаласында бокстан жастар арасында өткен Азия чемпионатына құрлықтың 22 елінен жас спортшылар қатысып өзара сынға түсті.
Осы чемпионатта командалық есепте бірінші орынға көтерілген Қазақстан жастар құрамасы наурыздың 11-күні кешке Дубай арқылы елге оралды. Алматы әуежайында оларды Қазақстанның еңбек сіңірген бапкерлері, бокс федерациясының мамандары және ақпарат
Нұрбол Қалжанов, бокстан 54 келі салмақ дәрежесінде жастар арасында Азия жеңімпазы. Алматы, 11 наурыз 2010 жыл.
құралдарының өкілдері қошаметпен қарсы алды. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері бұл жарысқа толық құраммен барып, 11 салмақ дәрежесінде жекпе-жектер өткізді. Жастар арасындағы Азияның мықтыларын анықтаған бұл жарыста қазақ жастарынан Нұрбол Қалжанов (54 кг), Еркін Дүйсенбаев (57 кг), Мейірім Нұрсұлтанов (64), Асқар Құбиншеев (91 кг) ешкімге дес бермей, алтыннан алқа тақты. Ал аса ауыр салмақта Дәулет Мұсабаев күміс және Аслан Әсенов (60 кг) пен Сапарбай Айдаров (69 кг) қола медальға қол жеткізді.
Жастар арасындағы жарыста Қазақстанның бокс құрамасы дәл осындай жетістікке тұңғыш рет жетіп отыр. Боксшы қазақ жастары Азия құрлығында спорттың осы түрінен алдыңғы қатардағы Қытай, Үндістан және Тайланд секілді мемлекеттерден озып, командалық есепте бірінші орын иемденді.
Асқар Құбиншиев, бокстан 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша жастар арасында Азия чемпионы. Алматы, 11 наурыз 2010 жыл.
Ирандағы жарысқа қазақстандық былғары қолғап шеберлерін бастап апарған бокстан Қазақстанның жастар құрамасының бас бапкері Назар Ілиясов ақпарат құралдарына берген сұхбатында, Теһранда өткен Азия чемпионатында да кейбір төрешілердің бір жақты баға беруге әрекет еткендігін айтып өтті.«Бұл жарыста әділетсіздік көп болды деп айта алмаймын. Дегенмен, кейбір төрешілердің тарапынан бұра тартып, белгілі бір боксшыларға бүйрек бұрғаны байқалып тұрды. Мәселен, біздің Мейірім Нұрсұлтанов Өзбекстанның боксшысымен жұдырықтасқанда, жекпе-жекті бақылап отырған төрешілер оның көптеген соққыларын есепке алмады. Соған қарамастан, Мейірім өзінің шеберлігі мен дайындағының арқасында өзбек боксшысынан басым түсіп, оны ұпай айырмашылығымен ұтты. Жартылай финал кезінде де аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Дәулет Мұсабаевты да төрешілер аяғынан тартты. Бірақ ол да, өзінің мықтылығын дәлелдеді», - дейді Назар Ілиясов.
АУЫЛДАН ШЫҚҚАН МЫҚТЫЛАР
Олимпиадалық дайындау орталығының басшысы Ермахан Ибраимов, жастар арасындағы Азия чемпионатындағы бүгінгі жетістікті Қазақстанның бокс федерациясының жүйелі жұмысының жемісі деп айтып отыр.
«Олипиадалық дайындау орталығы 2007 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Бұл орталықтың басты міндеті - ұлттық құрама сапына жастарды дайындау болып саналады. 2007 жылға дейін Қазақстанда мұндай орталық болған емес. Соның салдарынан әр жердегі, әсіресе аймақтардағы талантты жастар мамандардың көзіне ілікпей жатты. Қазақстан бокс федерациясы басшыларының ұсынысымен осы орталықты ашқан соң, ауылды жерлердегі талантты боксшыларды көптеп тарта бастадық . Міне, осы қыруар жұмыстың алғашқы жемісін Иранда өткен Азия чемпионаты көрсетіп отыр», - деді ол.
Жалпы, соңғы жылдары қазақ боксы туралы сыни тұрғыдағы әңгімелер де аз айтылмаған еді. Әсіресе 2009 жылы Италияның Милан қаласында өткен әлем чемпионатындағы сәтсіздіктен соң, ақпарат құралдарының бетінде кейбір мамандар Қазақстан боксшылары бір кездері көтерілген биігінен төмендеп, сәтсіздіктерге жиі тап бола бастағанын айтқан-ды.
Соның бір себебін олар бокста әділетсіздіктер, шын таланттарды ескермеу секілді келеңсіз жайттармен байланыстырды. Тек танысы мықтылар мен ақшасы барлар ғана ұлттық құрама сапына өтіп, әлемдік жарыстарға қатыса алады деген сөздер де жиі жиі айтылып жүрді.
Алматыдағы республикалық спорт колледжінің басшысы Амалбек Тшан Азаттық радиосына берген сұхбатында, ондай әңгімелердің болғанын жоққа шығармады:
«Қазақстандық бокс жемқорлыққа батып кетті деп айта алмаймын. Бірақ, ақшасы барлар мен танысы мықтылар ұлттық құрама сапына ілігіп, өнер көрсетіп жүр деген әңгімелерді естідім. Милан қаласында өткен әлем чемпионатындағы сәтсіздіктен соң, Қазақстанның бокс федерациясы өз жұмысына көптеген өзгерістер енгізді. Астанада өткен Қазақстан чемпионаты біраз мәселелердің оң шешімін тапқанын көрсетіп берді. Сол кезде, ұлттық құрамадағы ең азулы боксшылар ауылдан келген жастарға жеңіліп қалды. Десек те, ауылды жерлердегі бокс мектептеріне әлі көп назар аудару керек. Өйткені, кейбір облыс орталықтарындағы ірі бокс мектептері жалпы Қазақстанның боксын өрге сүйрейді деп айта алмаймын».