Accessibility links

Сталин мен Назарбаев тарихтың бір бетіне ендігі ешқашан сыйыса алмақ емес


Қазан төңкерісінің 92 жылдығын атап өтуге Мәскеу көшесіне Сталиннің суретін ұстап шыққандардың бірі. 7 қараша 2009 жыл.
Қазан төңкерісінің 92 жылдығын атап өтуге Мәскеу көшесіне Сталиннің суретін ұстап шыққандардың бірі. 7 қараша 2009 жыл.

Бүгіндері Ресейде ел тарихын арашалауға және Сталинді ақтауға қадам жасалуда, ал Қазақстанда ол диктаторға деген тұтас халықтың махаббатын тудырумен айналысайын деген адам жоқ. Өйткені, Қазақстанда көзі тірі бір адамды ақтап алудың өзі үлкен жұмыс болып тұр.


СТАЛИННІҢ ИМИДЖІ

Ресейде бұрынғы ең атышулы көсемдердің бірі, тарихта қандықол әмірші ретінде қалған Джугашвили-Сталинді ақтауға тырысқан пікірлер барған сайын сенімдірек айтылуда.

Оның есебін берейін деп жатқан ешкім жоқ, бірақ, неге екені белгісіз, Ресейде Ленинді мүлдем дерлік еске алмайды. Еш талқыламайды. Оған қатысты бір де бір символика жоқ. Елдің бір кездегі алпауыттығын Иосиф Виссарионовичтің еңбегіне балайды, ал Ленинмен байланыстырмайды.

Егер дәл осылай жалғаса беріп, сталиноидтердің саны артып кетсе, онда, Ресейде сталиндік әсердің мемлекеттік доктринаға айналуы ғажап емес. Десе дегендей, бұл құбылысқа жоғарғы жақтағылар, Кремлдегілер мейлінше жауаптылықпен қарайтын болса керек. Өйткені, бұл бағытта нақты қадам жасалып жатыр. Ресей бірнеше батыстық PR-компанияларға қолқа салып, әлемдік қауымдастық алдындағы Сталиннің бейнесін жақсартуға тапсырыс берді.

Мәскеу мұндай әдісті өз бетінше ойлап тапты ма екен, әлде осы тәсілді сәттілікпен пайдаланып жатқан астаналық басшылықтан көрді ме екен, бұл жағы әзірге анық емес.

Себебі, Ақордаға америкалық пиаршылардың жұмыс істеп келе жатқанына көп жыл болды. Бірақ, қазақтың тапсырысы ресейлік тапсырысқа қарағанда өзгешерек. Астана өлгендердің әруағын қозғамайды. Қазақстан үшін қазіргі билеуші мен оның жақтастарын қолдау маңыздырақ болып тұр.

ТАРИХТАҒЫ ҚҰБЫЖЫҚТАР

Мұндай тапсырыс әлемдік тәжірибеде өзіндік қайталанбас ерекшелікке ие. Ешбір елдің өз тарихындағы қара дақты ағарту үшін қажыр-қайрат, ақша жұмсап, беделіне қауіп төндіргісі келе қоймас.

Егер, Италия жұртшылығы қанқұмар және ақыл-есі дұрыс емес римдік диктатор Калигуланы ақтаймыз деп шыға келмесе?

Мүмкін, неміс халқындағы бәзбір топтың Адольф Гитлердің қандықол бейнесін жуып-шайғысы келіп қалар? Бірақ, мұндай бастаманың сыраханадан әріге аса алмайтыны анық, өйткені, халық өре түрегеліп, ондай бастаманы жөргегінде-ақ тұншықтырып тастайды. Тіпті, жергілікті билік араласып үлгермейді.

Бүгінгі ресейлік сталиншілдер Сталинге деген ынтызарлығында ақымақшылық пен көрсоқырлыққа бой алдырып отырған жоқ. Олар Сталиннің періште емес екенін мойындайды, бірақ, оның қандықолдығын сол замандағы кейбір жақсылықтармен жуып-шайғысы келеді. Әлдебір жақсылықтармен жұмсартпақ болады.

Соған орай, ғажап индустриалды гиганттар – Днепрогэс пен Магнитканың салынуы секілді оң істердің тізімін айтқан болады. Бірақ, сол даулы жақсылықтардың құны қаншаға қымбатқа түскенін, кейіннен «отанның ғажайыбы» аталып кететін әлгі гиганттардың салынуы үшін мыңдаған, миллиондаған өмірдің құрбан болмағанын бір Құдай біледі.

Егер тарихтағы құбыжықтардың жақсы жақтарын айтатын болсақ, онда фашистердің өз халқын олай қорламағанын айту керек. Бірақ, осы жақсы жағының өзі неміс халқының өз тарихындағы қарабетке деген жылылығын туғыза алмады. Германдық нәсіл бүкіл әлемнің көзінше өзінен бұл обаны аластауда. Неміс халқы одан басқа амалдың жоқ екенін түсінеді.

Ресейлік қуатты отан доктринасы бұл халықаралық үлгілерді қабылдамайды. Мәскеудің ойы мынау – Ресейдің келешегін Сталиннен бөліп қарастыру мүмкін емес, ал, келешек жарқын болуға тиіс. Демек, қоғамға шырақ болатындай етіп, мейлінше сталиндік діңгекті ағарту керек.

Түйіндей келгенде, Астана үшін мұндай лирика бөтен әрі түсініксіз. Бірақ, әрине, өткенге қарайтын мұрша бар ма, өткендегі емес, бүгінгі шамшырақтың қамын ойлау керек болып тұрғанда.

(Журналист Александр Народецкий бұл мақаласында жеке ой-пікірін білдіріп, өз тұжырымын жасаған. Олары Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)
XS
SM
MD
LG