АСТАНА БОРАТТЫҢ «КҮЙДІРГІСІНЕН» ӘЛІ ЕСІН ЖИЯ АЛМАПТЫ
«Хилл» газетінде маусымның 28-і күні жарияланған «Қазақстан өз имиджіне қатысты Бораттың пікірі үстем болуымен келіспейді» деп аталатын мақалада Кевин Богардас атты аутор Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Вашингтондағы бір лоббистік фирмамен бір жарым миллион долларлық келісім – шартқа қол қойғанын жазады.
Аутор бұл мәліметтің растығын дәлелдеу үшін, АҚШ әділет министрлігіне берілген ресми есепке сілтеме жасайды. Бұл келісім – шарттың жасалуының тағы бір мақсаты әлем елдері экрандарында «Борат: Сайыпқыран Қазақстан халқының игілігі үшін Американы мәдени зерттеу» атты атышулы фильмнің көрсетілуі арқылы нұқсан келген ел имиджін түзеу болып отыр деп жазады «Хилл».
«Адамдар «Боратты» көріп, бұл мемлекет (яғни Қазақстан) нағыз бір кері кеткен ел екен деген пікірде қалады, ал шындығында бұл үстірт пікір ғой», - дейді бұл туралы «Полиси Импэкт Коммьюникейшнс» фирмасының төрағасы және бас директоры Уильям Никсон.
Биылғы жылғы сәуірдің отызында Никсонның ұйымы Қазақстанның АҚШ-тағы елшісімен бір жылға келісім – шартқа отырған. Бұл келісім – шарт негізінде, оннан аса лоббист құрамына енетін осы фирманың қызметкерлерінің бір тобы Қазақстан үкіметінің мүдделерін қорғамақшы.
Қазірден бастап бұл топ Дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстанның енуі ісін алға жылжыту үшін АҚШ заңдастырған сауда бөгеттерін алдырып тастату мақсатында жұмыс істеп жатыр, сонымен қатар Қазақстан Республикасының имиджін көтермелеуге күш салуда.
Никсонның айтуынша, Орталық Азиядағы бұл онша танымал емес ел туралы жеткілікті мәліметі болмауынан жұртшылық Қазақстан жайлы британ комигі Саша Барон Коэн қалыптастырған теріс пікірде көрінеді. «Біздің жұмыстың бір бөлігі - осы теріс пікірді қайта қалыптастыру», - деп атап көрсетеді ол «Хилл» бетінде жарияланған мақалада.
«Бұл елдің бай тарихы, дамыған мәдениеті бар әрі өзі Америка Құрама Штаттарының экономикалық одақтасы боп саналады», - деп сипаттайды Қазақстанның жетістіктері мен халықаралық саясаттағы орнын Никсон.
Әлгінде айтылған Қазақстан мүдделерін қорғау жөніндегі лоббистік әрекеттер, Барон Коэннің «Бруно» атты жаңа фильмі көрсетілімінің басталуымен дөп кеп отыр.
Бұл фильмінде Барон Коэн австриялық кутюрье – гомосексуалист рөлін ойнайды. Көрген-білгендер, фильмде Адольф Гитлер есімінің көп айтылатыны сондай, бұл Австрияның шымбайына мықтап бір батуы тиіс дейді.
РЕЙГАННЫҢ СПИЧРАЙТЕРІ ЕНДІ АҚОРДАНЫҢ СПИЧРАЙТЕРІНЕ АЙНАЛЫПТЫ
Никсонның жұмыс істейтін ұйымы Қазақстанның мүдделерін қорғау үшін мықтап тұрып жетілдірілген лобби жоспары мен Пи – Ар кампаниясын біріктіре іс жүзіне асыратын стратегияны қолданып жатыр. Бұл шаралар АҚШ-тағы Конгресс мүшелеріне ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де назарына бағытталатын болады делінген әлгіректе аталған келісім – шартта.
Ол келісім – шарттың көшірмесі Америка Құрама Штаттарының Әділет министрлігінің шетел мемлекеттерінің өкілдерін тіркеу бөліміне өткізілген дейді өз мақаласында Кевин Богардас.
«Біздің Қазақстанмен қарым-қатынасымыз неше жылдан бері дамып келеді. Бұл мемлекеттің мүдделерін алға жылжытып жіберу мақсатында, осы елдің имиджін ең бір тартымды бейнеде көрсету үшін біз неғұрлым әртарапты жетілдірілген стратегияны бір жүйе етіп біріктірдік», - деп түсінік береді фирмасының қолданып жатқан әдісіне бұрынғы АҚШ президенті Рональд Рейганның бас баяндамашысы болып қызмет атқарған Никсон.
«Біз бүгінде (Астанаға) жұртшылықтың назарын тым, тым қатты аудару үшін жұмыс істеудеміз. Әрі біз осы бағытымыздан танбаймыз», - дейді ол.
Аталған келісім – шарт бойынша, «Полиси Импэкт Коммьюникейшнс» лоббистері келер жылы Вашингтонда Қазақстан үкіметі өз алдарына қойған бірнеше мақсатқа бірден жетпек ниетте, деп ары қарай жалғастырады өз сөзін аталған басылым.
Мәселен, олар қазір қолданыстағы екі ел арасындағы саудаға бөгет қоятын заңдардың күшін жойып, Қазақстаннан әкелінетін тауарларға қатысты кәдімгі сауда режимін ендіретін заңның қабылдануына күш салатын болады.
Бұған қоса, лоббистер Капитолий төбесінде «күнде жиын құратын» АҚШ сенаторлары мен конгресмендері арасынан «Орталық Азияшыл» лобби құруға талпынып көрмекші. Әрі келісім – шарт баптарына сай, аталған фирма «бұқаралық ақпарат құралдарында атқарылар белсенді баспасөз шаралары» арқылы «Қазақстан Республикасының оң имиджін қалыптастыруды» міндеттеніп отыр.
ВАШИНГТОНДАҒЫ ӨЗ ИМИДЖІНЕ ЖАҒЫМДЫ ӨҢ БЕРУ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚИЫНҒА ТҮСПЕК
Қол қойылған келісім – шартқа сай, сонымен қатар, Қазақстанның имиджін әрлендіру ісі «беделді баспасөз орындары» басылымдарының көрнекі беттерінде көлемі үлкен 4 мақала жариялауды қажет етеді.
Осы шара арқылы аталған кампанияның нысаналы тобы боп табылатын (халықаралық саясат саласында шешім қабылдау ісіне ықпалды) бас «сараптама орталықтарының» пікірінің Астана мүддесіне сай бағытта бұрылуына негіз жасалмақ. Әрі Қазақстанға Америка үкіметінің жетекші лауазымды шенеуніктерінің сапары алдында осы мансап иелерінің Астана тұғыры жайлы «оң» пікірде болуына мүмкіндік туғызылмақ.
Фирма, мұның үстіне, «елге (яғни Қазақстанға) сыншыл қарым – қатынаста екенімен белгілі ауторлар» тізіміндегі журналистердің мақалаларына бақылау жүргізіп отыруды өз мойнына алған. Мұндай журналистер тізіміне «Вашингтон посттың» редакторлық бетінің редакторы Фред Хайат пен «Нью-Йорк Таймстің» тілшісі Дэвид Стэрн енгізіліпті.
«Вашингтондағы өз имиджіне жағымды өң беру Қазақстанға қиынға түсетін болады» деп жазады Кевин Богардас. АҚШ Мемлекеттік департаментінің ең соңғы жарияланған адам құқықтары жөніндегі баяндамасында Қазақстан түрмелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтарға зорлық – зомбылық көрсету, сөз бостандығы мен баспасөз бостандығына бөгет қою, үкіметтегі шенеуніктер арасында жемқорлықтың бел алуы сияқты деректер келтірілгені айтылған.
Уильям Никсон Қазақстанның өз даму жолында тұрған қиыншылықтарды жеңу барысында қандай әрекеттер жасап жатқанына қанық екенін мәлімдеген әрі өз жұмысында аталған бұрынғы совет республикасының қол жеткізіп отырған табыстарына баса назар аудармақ деп атап көрсетеді басылым. Бұл жетістіктер қатарына діни сенім, ар – ождан бостандығын елдің барлық азаматтарының пайдалана алатынын ресми түрде мойындау да енеді.
«Ел ішінде қарқын алып бара жатқан көптеген игі жетістіктер бар. Ал біздің мақсатымыздың бірі - Қазақстанда боп жатқан нәрселер ол елдің даму процесі барысында туындаған мәселе екендігіне мұндағы [Америкадағы] жұрттың көзін жеткізу», - депті «Полиси Импэкт Коммьюникейшнс» фирмасының төрағасы және бас директоры Уильям Никсон.