Accessibility links

Түркиядағы бордельде қазақстандық кәсіпкерлер мен үкімет шенеунігі ұсталды


Босфор шығанағы. Стамбул.
Босфор шығанағы. Стамбул.

Түркияда полиция қызметкерлері рейді барысында бұрын Мұстафа Ататүрік қарамағында болған кеме ұсталды. Қазір ол кеменің жеңіл жүрісті әйелдер жын-ойнағына айналғаны белгілі болды. Кемеде тұтқындалған адамдар арасында Қазақстанның ірі кәсіпкерлері мен үкімет қызметкерлері де бар екен.

АТАТҮРІК КЕМЕСІ

Түркияның Жағалаудағы күзет қызметі мен жандармериясы тізе біріктіре отырып іс жүзіне асырған арнайы операция барысында Түркия Республикасының негізін қалаған Мұстафа Ататүріктің қарамағында болған кеме ұсталып, ол кеменің жеңіл жүрісті әйелдер жын-ойнағына айналдырылғаны анықталды, деп жазады Today’s Zaman басылымы.

Билік орындарының мәлімдемесіне қарағанда, әйелдерді сатумен айналысып келген қылмыстық топтың 8 мүшесі мен 10 әйел (16-17 жастар шамасында) Анталья қаласының құқық қорғау мекемелерінің ғимаратына апарылып, сонда тергелген. Жеңіл жүрісті әйелдер Түркияға Украина мен Ресей сән агенттіктері арқылы алдырылған.

Куә ретінде тергеліп болғаннан соң әлгі әйелдер, олармен бірге ұсталған Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің бірқатар кәсіпкерлері мен үкімет шенеуніктері бостандыққа жіберілді.

Кәмелетке толмаған қызбен көңіл қосты деген айыптау негізінде тұтқынға алынушылар қатарында Қазақстан премьер-министрінің кеңесшісі P.S. те болды деп жазады басылым. Ал жеңіл жүрісті әйелдердің бір түні 3-10 мың доллар арасында бағаланған.

«Хурриет» газетінде жарияланған дерекке қарағанда, кемені жалдау ақысын Қазақстан кәсіпкері Александр Машкевич төлеп келген. «Саварона» кемесінде адам саудасын және жеңіл жүрісті әйелдер жын-ойнағын ұйымдастырумен айналысып жүрген қылмыстық топқа қарсы бағытталған арнайы операция нәтижесінде тұтқындалған адамдар арасында кәмелетке толмаған жеңіл жүрісті екі қыз да болған. Полиция олардың басқа мемлекет азаматшалары екенін анықтаған соң Түркия аумағынан аластады.

МИЛЛИАРДЕРЛЕР ЖЫН-ОЙНАҒЫ

Жын-ойнақ ұйымдастырды деген күдік бойынша ұсталған адамдарды прокурор Юсуф Доганның тергеуінен кейін тұтқындаған. Бұл тұтқындар арасында ұлты қазақ кәсіпкер Тәуфиқ Арифтің есімі де аталады, дегенмен басылым ұсталған қалған бес адамның толық аты-жөнін аталмыш мақаласында жазбаған.

Алайда, басылым редакциясы олардың екеуінің Ресей азаматы екенін анықтап отыр. Кәсіпкер Тәуфиқ Ариф пен басқа да тұтқындарға қылмыстық топ құрды және оған мүше болды, қылмыстық ұйым аясында жеңіл жүрісті әйелдер жын-ойнағын ұйымдастырды және адам саудасымен айналысты деген айыптар тағылып, олар Анталья қаласының түрмесіне қамалды.

«Саварона» кемесінде қылмыстық әрекет жасады деген күдік бойынша тергелушілер арасында Әзірбайжан миллиардері Тельман Исмайлов та болған. Оны прокурор екі сағат тергеген соң босатып жіберіпті.

Түркия үкіметінің қарамағындағы «Саварона» кемесін бұрын бизнесмен Кахраман Садықоглу 49 жылға жалға алған. Кейінірек кемені одан кәсіпкер Тәуфиқ Ариф жалға алған екен.

Бірақ кемені жалға алған үшін төленетін төлемақыны бұрын Қазақстанда тұрған, ұлты еврей бизнесмен Александр Машкевич төлеп келген деп жазады Хурриет.

ЖАЛҒА АЛУ АҚЫСЫН ҚАЗАҚСТАН АЛПАУЫТЫ ТӨЛЕГЕН БЕ?

Кемедегі тұтқындау кезінде полиция қызметкерлері ұстаған адамдар араасында Александр Машкевич те болыпты. Тергеу сауалдарына жауап берген соң ол өзімен бірге тұтқындалған Қазақстан үкіметінің бір шенеунігімен бірге босатылыпты.

Газет Машкевич «Petkim» компаниясының 51 пайыздық үлесін сатып алған фирмаға несие бөлген банк иелерінің бірі екенін тілге тиек етеді. «Petkim» – Түркияның ең ірі мұнай-химия компаниясы. Осыдан үш жыл бұрын «Petkim» компаниясының акцияларының 51 пайыздық бақылаушы пакетін 2 миллиард 50 миллион долларға сатып алған «Transcentral Asia Petrochemical Holding» тобының жетекшісі – дәл осы Александр Машкевич, деп атап көрсетеді басылым.

Орталық Азияда жүріп байыған 56 жастағы бұл алпауыт қазір Англияда тұрады. Сонымен қатар Машкевич «Еуразиялық банктің» иелерінің бірі деп саналады. Аты-жөні орыстардікі тәрізді болса да, Александр Машкевич – еврей ұлтының өкілі, қазір ол Еуразиялық еврей конгресінің президенті қызметін де атқарып отыр, дейді басылым.

Қазір Қазақстан азаматы болғанымен, Машкевич Израильдің де азаматы болып есептеледі. «Форбс» журналының 2010 жылға арналған әлемдегі ең бай алпауыттар тізімінде ол 287-орынды иемденген. Байлығы 3,3 миллиард долларға тең деп бағаланыпты.
XS
SM
MD
LG