ДИКТАТОРЛЫҚТЫҢ ОШАҒЫ
АҚШ-та орналасқан «Фридом Хаус» құқыққорғау ұйымы Түркіменстанды әлемдегі диктаторлық елдердің бірі деп атайды. Америкалық «Херитидж фаундейшн» қоры экономикалық еркіндік деңгейі бойынша әлемдегі 183 мемлекеттің ішінен Түркіменстанға 171-ші орынды берді (Қазақстан – 82-ші орында).
Табиғи қорларды басқарудағы ашықтыққа байланысты америкалық «Ревеню Уотч институты» мен «Транспаренси Интернэшнл» ұйымы жасаған рейтингіде Түркіменстан 41 елдің соңында тұр (Қазақстан – 7-ші орында). Сыбайлас жемқорлық деңгейіне байланысты «Трансперенси интернэшнл» ұйымы жасаған индексте Түркіменстан 178 елдің ішінде 172-ші орынды иеленген (Қазақстан – 105-ші орында).
«Үкімет экономиканың басым бөлігін бақылауда ұстайды және экономиканың кейбір секторларында шетелдіктердің қатысуын шектейді ...өздерінің инвестициялық серіктестерін таңдап алады және де елдегі жоғары дәрежедегі саяси шенеунікпен тікелей байланысу ең сенімді кепілдік болып табылады ...құқық жүйесі келісім-шарт міндеттемелері мен меншік құқының тиімді орындалуын қамтамасыз ете алмайды», - деп жазылған «Херитидж фаундейшннің» Түркіменстан туралы баяндамасында.
Дәл осы кезде бұл елдің халқы ең сіңірі шыққан кедейлердің қатарында саналады. Өмір сүру деңгейі бойынша Түркіменстан 109-шы орында тұр.
ТЕГІН ІРІМШІК
1990 жылдардың басында елдің сол кездегі президенті Сапармұрат Ниязов «Түркіменстан халқын электр қуатымен, газбен және сумен тегін қамтамасыз ету туралы» қаулы қабылдады. Сол кезден бастап «түркімендердің жұмағы туралы ертегі» әлемді кезіп кетті. Айына әр адамға 25 киловатт-сағат электр қуатын, 50 текше метр сығылған табиғи газ (бір отбасына бір баллон), тәулігіне 250 литр су тегін берілетін болды. Ал электр қуатын үйді жылыту үшін және суды егін суаруға пайдалануға тыйым салынды.
Бұларды белгіленген шектен артық пайдаланушылар қызмет ақысын тариф бойынша төлеуі керек. Бірақ ұйымдастырушылар осыны қалай анықтаудың тетігін ойлап таппаған екен. Сонымен бірге, бір адамға айына 400 грамм тегін тұз беру тәртібі де енгізілген. Қайтыс болған марқұмдарды мұсылман ғұрпымен жерлеу үшін кебіндеуге тиісті бөз мешіттерде тегін бөлінетін болған.
Билікке Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов келген соң жеңіл автомашинасы барларға жарты жылға 720 литр бензинді тегін беру тәртібі енгізілді. Оның 540 литрі – А-95 маркалы, ал 180 литрі – А-92 маркалы бензин. 15 адамға арналған «Газель» тәріздес микроавтобустарға жарты жылға А-80 маркалы 1200 литр бензин немесе дизел отыны беріледі.
ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСІЗДІК
Тәуелсіздікті енді алып жатқан тұста түркімендер «мемлекеттің сыйлықтарын» ықыласпен қабылдайтын. Бұның бәрін нарықтық қатынасқа өтіп жатқан өтпелі кезеңде халықты әлеуметтік жағынан қолдау деп есептейтін. Қазіргі уақытта түркімендердің барлығы бірдей мұндай «қамқорлықты» қолдамайды. Біріншіден, бұл әлеуметтік көмектің бір бөлігі «бай, кедей, жұмыс істейтін, істемейтін» деп бөлмей азаматтардың барлығына көрсетіледі. Осының өзі азаматтардың әлеуметтік теңсіздігіне алып келеді.
Екіншіден, «әлеуметтік көмектің» екінші бөлігі автомашинасы бар адам мен жоқ адамдарды теңсіз жағдайға қояды. Яғни, темір көлігі жоқтар тегін үлестен құр қалады. Бұның орнына мемлекеттің жұмыссыздық мәселесімен айналысқаны жөн. Ең алдымен жұмыссыздарды тіркеуге алып, күнкөрістің ең төменгі деңгейін белгілеп, соған сәйкес нақты адамдарға бағытталған әлеуметтік көмек енгізсе дұрыс болар еді деп есептейді түркімен экономистері.
Үшіншіден, сарғыш тартқан сапасыз лай су ел астанасының өзінде кестеге сай беріле бермейді. Әсіресе, күн ысыған кезде (елде жылына 300 күн бойы күн шығып тұрады) судың тапшылығы қатты сезіледі. Норма түгілі су жетпей қалатын кездер болады. Оның үстіне ауылды жерлерде су санитарлық талаптарға жауап бермейді.
КАПИТАЛДЫ ЗАҢДАСТЫРУДЫҢ КӨЗІ
Түркіменнің байлығы тек Америка сенаторларынан, конгрессмендерінен және Еуропа шенеуніктерінен ғана емес, түркіменстандықтардың өздерінен де мықтап жасырылған.
Қарапайым адамдар қаншама байлықтың қайда сатылып жатқандығын, ненің сатып алынып жатқандығының бірін де білмейді. Мұнай мен газды, мақтаны және өзге де шикізаттарды сатудан түскен қаржыны әлеуметтік мұқтаждықтарға жұмсаудың орнына толып жатқан хауыздар, таусылмайтын қонақ үйлер мен қымбат тұратын зәулім үйлер салынады.
Қазіргі заманғы үлгідегі сәл-салтанатты талай қонақ үйлердің қаңырап бос тұрғанына қарамастан жақында Ашғабатта 299 нөмірлі, құны 270 миллион еуро тұратын «Оғызкент» деп аталатын тағы бір қонақ үй ашылды. Президент Бердімұхамедовтің қиялынан туған Каспий теңізінің жағасындағы «Аваза» шипажай кешенінің бірінші кезегін салу үшін 1,5 миллиард доллар жұмсау жоспарланып отыр.
Осы жылдың қыркүйек айында президент Бердімұхамедов Ашғабатта Олимпиада қалашығының бірінші кезегін салу туралы қаулыға қол қойды. Бұл мақсат үшін екі миллиард доллардан астам қаржы қарастырылған. Аталған кешеннің құрамына толып жатқан спорттық құрылыстар енеді. Оның ішінде шөлді жердегілер үшін таңсық спорт түрі - хоккейге де орын берілген.
Бір жағынан биліктің мұндай шешіміне қуану да керек сияқты. Алайда, мемлекеттің спортшыларды даярлауға қаржы бөлетін ойы жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері бір де бір түркімен спортшысы олимпиадалық бағдарламаға енетін спорттың бір де бір түрінен жүлдегер болған емес. Осыған қарағанда кадр даярлағаннан құрылыс салған тиімді болса керек. Кез-келген туристің табаны тие қоймайтын жабық елде «Аваза» сияқты шипажай кешенін салу үшін миллиардтаған долларды жұмсаудың неге қажет болғаны да түсініксіз.
Мұндай негізсіз шешімдерді шетелдік сарапшылар капиталды заңдастырудың көзі деп есептейді. Толып жатқан «ғасыр жобалары», елдің қаржылық ресурстарын президенттің жеке-дара басқаруы батыс сарапшыларының жағасын ұстатады. Еуропалық одақ түркімен газын сатып ала отырып оның ақысын мемлекет бюджетіне түсіріп, бұл қаржыны диктатураны нығайту үшін емес, халықтың мұқтаждығына жұмсау жөнінде шарт қойып отыр.
АЛДАНҒАН АҚСАҚАЛДАР
Кезінде Сапармұрат Ниязов (Түркіменбашы) биліктің өзіндік жүйесін құрған болатын. Алдымен Жоғары кеңес депутаттары арқылы ол шикізаттарды экспорттаудан түсетін барлық валютаны құпия түрде ұстау жөнінде шешім қабылдатты. Жаңа Конституцияны қабылдап, осыған сәйкес Түркіменстан президенті «мемлекет, атқарушы билік басшысы, Түркіменстанның ең жоғары басшысы» және «ұлттық тәуелсіздіктің, территориялық тұтастықтың, Конституция мен халықаралық келісімдердің сақталуының кепілі» болды. Елдегі халықтық биліктің жоғары өкілдік органы болып табылатын Халық мәслихаты деп аталатын жаңа құрылым енгізілді. Яғни, шындап келгенде парламент осылай түрленді.
Осы уақыттан бастап «яшулилар», яғни ақсақалдар түркімен авторитаризмін жүзеге асырушылар болды. Қисынсыз шешімдер мен қаулылар биліктің осы органы арқылы өткізіліп отырды. Түркіменбашының жеке басына табынудың қабырғасын қалаушылар – ақсақалдар Онжук Мусаев, Мурадберды Сопыев, Мурад Каррыев, Садулла Розметовтер үкіметтің вице-премьерлерімен қатар ұзақ жылдар бойы биліктің жаршылары болды.
Елдің бірінші басшысының көзіне түсіп қалу үшін олардың қандай әрекеттерге барғанын көрсеңіз ғой. 1999 жылы Сапармұрат Ниязовты өмірлік президент деп жариялаған кезде де олар белсенді бастамашыларды бастап жүрді. Сол уақытта теңдесі жоқ деп саналған осы оқиғадан соң Сапармұрат Ниязов жазалау машинасын іске қосты. Ол ақсақалдарды да, вице-премьерлерді де аяған жоқ. Ақсақалдар кеңесінің шырқау шегіне жеткен тұсы - Халық мәслихатының 2002 жылғы басқосуы еді. Бұл нағыз сталиндік-бериялық «елестерді аулаған» кезең еді.
Уақыт өте келе ақсақалдардың кейбіреулері саясат сахнасынан кетті. Мысалы, Түркіменстан батырлары С.Велиев пен Г.Ахмедовтар қазір түрмеде отыр. Батырлар - Садулла Розметов пен Мурадберды Сопыевтер зейнетке «шықты». Айтпақшы, соңғысының фермерлік бірлестігінде құқық органдары «тоғыз адамнан тұратын банданы ұстап, 230 келіден астам көкнәрді тәркіледі». Олардың алтауы бес жыл бойына ірі көлемде есірткі саудасымен айналысып келген деп хабарлады Азатлық радиосы.
Елдегі бірден бір партияның бұрынғы үздіксіз жетекшісі Онжук Мусаев та түрмеде отыр.
Биылғы қазан айының соңында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Мұрад Каррыев ақсақал 53 жасар президент Гурбангулы Бердімұхамедовты өмірлік президент деп жариялау жөнінде ұсыныс жасады. Кезінде Фридрих Гегель: «Тарих екі рет қайталанады: біріншісінде - қасірет, ал екіншісінде фарс түрінде», - деген болатын.
Қазақстанда да президент Нұрсұлтан Назарбаевқа өмірлік мәртебе беру жөніндегі ұсыныс екі ақсақалдан түскен болатын. Алдымен бұл идеяны ақтөбелік профессор Закратдин Байдосов айтты, содан соң бұл бастаманы Атыраулық мектеп директоры Хамза Ғабдолла іліп әкетті. Олардың екеуі де бұдан артық президент Қазақстанға табылмайды деп есептейді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған күннен бастап Қазақстанды 20 жылдан астам басқарып келеді. Президент ретіндегі оның кезекті өкілеттігі 2012 жылы аяқталады. Қазір Назарбаев президенттік сайлауға шектеусіз түсу жөнінде құқыққа ие болған.