Accessibility links

БҰҰ өкілі босқындармен кездесті


БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссарының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Сезар Дюбон. Алматы, 8 қыркүйек, 2009 жыл.
БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссарының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Сезар Дюбон. Алматы, 8 қыркүйек, 2009 жыл.

Қазақстанда ресми тіркеуде тұрған босқындардың көпшілігі Өзбекстан мен Қытайдан, Қырғызстаннан келгендер. БҰҰ босқындар ісі бойынша өкілдігінің басшысы Сезар Дюбон Қазақстанда босқындардың құқын қорғауға негіз болатындай заңдық база жоқ дейді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, өткен жексенбі күні Алматыда өзбек босқындары тұрып жатқан үйлерге ҰҚК түнгі рейд жүргізген. Босқындардың өздері кейін БҰҰ босқындар ісі жөніндегі өкілдікке жүгінген. Өкілдік Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдады.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАУІПСІЗДІК ҚЫЗМЕТІ ӨЗБЕКСТАНДЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІМЕН БІРЛЕСЕ ӘРЕКЕТ ЕТУІ ЫҚТИМАЛ"

- Дюбон мырза, 7 қыркүйек күні Алматы қаласындағы өзбек босқындары тұрып жатқан үйлерге шулы рейд жүргізілгені белгілі болды. Бұл босқындар сіз басқаратын өкілдікке де хабарласқан екен. Осы жайында сіз не айтар едіңіз?

- 7 қыркүйек күні түнгі 12-ден ауғанда бізге босқындар хабарласып, беттерін тұмшалаған қарулы кісілер үйлеріне басып кіргендіктерін айтты. Олар күшпенен басып кіріп, қоқан-лоққы көрсеткен, босқындарды ұра бастаған. Одан соң оларды ғимаратқа алып келген, сол сәтте босқындар қайда келгендерін білмеген. Бұл инциденттен бес босқын зардап шекті.

- Босқындар ҰҚК Алматы қалалық департаментінде болғанын айтып отыр. Бұл туралы не айтар едіңіз?

- Хабар жетісімен біз, әдетте осындай оқиға тіркелген жағдайда байланыс орнататын Қазақстанның құқыққорғау органдарына телефон соға бастадық. Дәлірек айтсақ, біз көші-қон полициясына хабарластық, бірақ әңгіме барысында біз олардың мұндай оқиға болғандығынан мүлде хабарсыз екендігін түсіндік. Содан кейін барып қана біз босқындарды ҰҚК өкілдері алып кеткендігін анықтадық. Біз бұл туралы кейін білдік.

- Осыған байланысты қандай әрекет жасадыңыздар?

- Біз ҰҚК тікелей байланыс орнатпаймыз. Бірақ біз Сыртқы істер министрлігімен қарым-қатынас жасаймыз. Біз өзіміздің наразылығымызды ресми түрде білдірдік, мұндай әрекетке баруға болмайды. СІМ атына жазылған біздің хатымыз наразылық нотасы түрінде жіберілетін болады (кейін бұл хат жолданды). Біз оны сол сәтінде жолдай алмадық, босқындардың өздерімен кездесіп, оқиғаның анық-қанығын солардан анықтап алу қажет болды. Біз бұндай оқиғаның болғандығына қатты алаңдаймыз.

- Азаттық радиосының тілшісі сөйлескен үш босқын ҰҚКД басқа мекен-жайда тұратын босқындарды кездестіргендерін айтты. Олар туралы не айтар едіңіз? Мүмкін олар да сіздерге хабарласқан болар?

- Дүйсенбі күні біз бес босқынмен кездестік. Олардың үшеуі бір үйде тұрады, қалған екеуі басқа бір мекен-жайда тұрады. Біздің білуімізше, оларды ұстау операциясы және ҰҚКД ғимаратында ұстап отыруы бір уақытта жүзеге асырылған. Яғни, соған сәйкес, бес адамды ұстау үшін бірнеше шұғыл топ әрекет еткен. Айтайын дегенім, мұндай әрекет заңсыз болып есептеледі. Өйткені оларды ұстағандар беттеріне маска киген, қару асынған. Олар өздерін таныстырмаған. Ең сорақысы, олар пластик қаптарды босқындардың бастарына кигізген, оларды ұрып-соққан. Бұл адамның, босқындардың құқығы саласында Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін өрескел бұзу болып табылады. Біз осындай үрдістің жиі қайталануына қатты алаңдаймыз. Біз міндетті түрде Қазақстанның өкілетті, тиісті органдарымен келіссөздер жүргіземіз, қазақстандық органдардың осы тәріздес әрекеттеріне алаңдаушылығымызды білдіреміз, оның қайталанбауын сұраймыз.

- Босқындардың айтуынша, олардың үйінен қару іздепті және оларды тергеген адам сұрау Өзбекстанның құқыққорғау органдары тарапынан түскен дегенді айтыпты.

- Біз үшін бұл таңсық емес. Қауіпсіздік органдары үнемі қару іздеп жүреді, соның төңірегіндегі сұрақтар қояды. Сонымен қатар, Қазақстанның қауіпсіздік органдары Өзбекстанның қауіпсіздік органдарымен бірге ынтымақтаса әрекет етуі мүмкін екендігі де біз үшін таңсық емес. Яғни, бұрындары осылай болған, сондықтан болуы мүмкін де.

"ҚАРАЛЫП ЖАТҚАН БОСҚЫНДАР ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАБЫЛДАНАР ДЕГЕН ҮМІТТЕМІЗ"

- БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының Қазақстандағы өкілдігінде қанша босқын тіркеуде тұр?


- Қазір біздің қорғауымыздағы босқындар саны аса көп емес, 100 адамға жетпейді. Олардың дені Өзбекстаннан, бірқатары Қытайдан (қытайдағы ұйғырлар) және Қырғызстаннан қашып келгендер.

- Сіздер оларға босқын мәртебесін қаншалықты жиі бересіздер? Бұл мәселенің қандай талаптары бар?

- Босқын мәртебесін беру-бермеу ісінің нақты мерзімі жоқ. Әдетте босқындар бізге шығады, олар тұрақ іздеп жүргендер болып саналады. Әрбір өтініш дербес қаралады. Сонымен қатар, бізде босқындар шығуы мүмкін барлық мемлекеттер туралы ақпарат бар. Өтініш түсірген адамға шын мәнінде қауіп төніп тұрса, атап айтқанда оның нәсіліне, дініне, жекелеген әлеуметтік топқа, сондай-ақ саяси көзқарасына байланысты қудалау болса, біз бұл кісіге босқын мәртебесін береміз.

- Босқындардың құқығы Қазақстанда қаншалықты сақталған? Олардың қауіпсіздігі қарастырылған ба?

- Қазіргі таңда Қазақстан парламенті босқындар туралы заң жобасын қарап жатыр. Бұл құжат босқындардың құқығын, сондай-ақ олардың Қазақстандағы міндеттерін айқындайды. Дәл бүгінгі күні Қазақстанда босқындардың құқығын сақтауға негіз болатындай заңдық база жоқ. Біз заң жобасы қабылданар деп үміттенеміз. Осы бағытта Қазақстанның органдарымен жұмыс жасаймыз. Босқындардың қауіпсіздігі туралы айтар болсам, біздің білуімізше, 2006 жылдан бері босқындарды елден шығарғаны немесе экстрадицияланғаны туралы жағдай тіркелмеді. Шын мәнінде, босқындардың халықаралық құқығының негізгі принциптерінің бірі осыны қарастырады. Біз Қазақстанның осыны ұстанғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының өкілдігі Қазақстандағы босқындардың қауіпсіздігі үшін жауапты. Бірақ бұл сол мемлекеттің басты міндеті әрі құзыреті.

- 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалық етпек. Соның қарсаңында босқындарға қатысты бүгінгідей инциденттің Қазақстанның беделіне қаншалықты әсері бар?

- Міндетті түрде әсер етеді. Біздің ойымызша, мұндай оқиғалар Қазақстан Республикасының беделіне кері әсер етеді. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық еткелі жатқанын біле тұрып, босқындар құқығын бұзатын осындай әрекетке барғанына біз қатты таңдандық. Өйткені, Қазақстанның ұйымға төрағалық етерден бұрын ЕҚЫҰ әрекеттерінің қағидаларына негізделген уәделері бар. Сондықтан сол ұйымның төрағасы ретінде Қазақстан өз аумағында осындай сорақы оқиғаларға жол бермеуі тиіс еді. Ал мұндай оқиға Қазақстанда әлі күнге дейін адам құқығын бұзуға қатысты тәжірибелердің бар екендігін көрсетеді. Мұндай инциденттер Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық етер алдындағы уәделеріне қайшы келеді.

- Сұхбатыңызға рақмет.
XS
SM
MD
LG