КІМДІКІ ӨТІРІК, КІМДІКІ ШЫН
«The Main justice» онлайн-басылымының жазуына қарағанда, аталған сот процесінде жаңадан тағайындалған прокурор Анируд Бэнсол істі қарауға кіріскен. Сәуірдің 13-інде ол Манхэттендегі федералдық сот ғимаратында американ бизнесмені Джеймс Гиффеннің ісін қарап жатқан сотқа алғаш рет келіп қатысты.
Гиффен Нью-Йоркте 2003 жылдың наурыз айында тұтқындалған болатын. Оған мұнай өндіру саласындағы келісім-шарттармен жұмыс істей жүріп, Қазақстанның жоғары лауазымды адамдарына 80 миллион доллар мөлшерінде пара берген деген айып тағылып отыр. Атап айтқанда ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі мен елдің бұрынғы мұнай және газ өнеркәсібі министріне пара берді деп айыпталып отыр. Сондай-ақ оған ресми хаттар мен жеделхаттарды жіберуге қатысты алаяқтық жасады, алдап-арбау мен арам ақшаның ізін жасыру қылмыстарын да іс жүзіне асырған деген айып тағылған.
АҚШ әділет министрлігі тоғыз жылдан бері жүргізіп келе жатқан бұл тергеу ісі Билл Клинтон президент болып тұрған кезде басталған болатын. Ол кезде аталған іс жоғары басымдығы бар деген мәртебеге ие болған еді. Алайда, Вашингтонның одақтасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімінің осы сотта аталмауы үшін тегеурінді қажыр-қайрат танытқан Астананың іс-әрекетінің нәтижесінде Джордж У. Буштың президенттігі тұсында бұл сот процесі тұралап қалды.
Ал Барак Обаманың әкімшілігі тағайындаған Нью-Йорктің оңтүстік федералдық сот округінің прокуроры Прит Барара бұл істің нәтижелі түрде жалғасуына екпін бере ме, бермей ме – ол жағы әлі белгісіз қалып отыр. Дегенмен, прокурорлар тобына жаңа мүшелердің енуі оның бұл істі жаңа тұрғыдан қарастыруға дем бере алатынының мүмкіндігіне меңзейді деп атап көрсетеді онлайн-басылым.
Сәуірдің 13-күні американдық округтік сот төрешісі Уильям Поулидің қатысуымен Гиффеннің адвокаттарының арызын қарау үшін сотқа дейінгі кеңес-жиын өткізілді. Гиффеннің адвокаттары өз арызында АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы мен басқа да бірқатар үкіметтік агенттіктерінің құпия құжаттарымен танысу үшін рұқсат сұраған. Джеймс Гиффен өзінің «Mercator Corporation» атты компаниясы арқылы ірі мұнай компаниялары үшін 1990 жылдары Орталық Азия елдерінде делдал қызметін атқарған. Ол компаниялардың ішінде қазір Exxon Mobil Corp. құрамына енген Mobil Oil Corp. компаниясы да болған.
Гиффеннің өзі аталған айыптауларды мойындамай отыр. 69 жасар Джеймс Гиффен Орталық барлау басқармасының жансызы болғанын, өзінің әрбір іс-әрекетін аталған мекеменің біліп отырғанын және құпия қызметтен астыртын көмек алып тұрғанын айтады. Сәуірдің 13-і күні өткен сотқа Джеймс Гиффеннің өзі келіп қатысты.
ҚҰПИЯ ДЕРЕКТЕР
Сот отырысы басталғанға дейін Джеймс Гиффеннің адвокаттары прокурорларға ресми хат табыстады. «Cooley Godward Kronish LLP» компаниясының адвокаты Кэтлин Элизабет Кассиди прокурор Бэнсол мен АҚШ-тың федералдық прокурорының көмекшісі Ли Рензинге әлгі хатта Орталық барлау басқармасының құпия құжаттарымен танысу үшін өздерінің рұқсат сұрағандарын мәлімдеді деп атап көрсетеді онлайн-басылым.
42 жасар Бэнсол адвокат Кассидидің хатын алған соң, құрамына «Cooley Godward» компаниясының қызметкерлері Уильям Шварц пен Джонатан Бах енетін Гиффеннің адвокаттарының тобынан сот отырысында үзіліс жасауды өтінді. Бұл үзіліс оған сот залынан тыс жерде айыпкердің ресми жеке сенімді өкілдерімен кездесу үшін керек болған.
Сот төрешісі Уильям Поули былтырғы жылы сәуір айында шығарған өкімімен Джеймс Гиффеннің адвокаттарына аталған үкіметтік құпия құжаттармен танысуға рұқсат берген болатын. Бұл құжаттар «Құпия ақпаратты қорғау туралы» АҚШ заңының күшімен қорғалады. Ол кезде төреші Уильям Поули бизнесмен Гиффеннің өзі аталған құжаттармен тек ол құжаттарды дайындаған агенттіктердің рұқсаты бойынша ғана таныса алады деп мәлімдеген еді.
Бұдан бұрын Гиффеннің адвокаттары өздеріне әлгі құжаттарды беруге тиіс американ арнайы қызметтерінің шабан қимылдап отырғанын тілге тиек еткен болатын. АҚШ үкіметінің сотты жүргізу үшін қажет құжаттарды бермей отырғанына наразылық білдірген төреші Уильям Поули биылғы маусым айының 7-іне тағайындалған келесі сот отырысына дейін аталған істі тезірек алға жылжытуға уәде берді.
Пара берген деген айып бойынша Джеймс Гиффенге қарсы қозғалған бұл іс Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа салқынын тигізді. Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы маңызды одақтасы болып табылады, алайда бұл елдің үкіметін жұртшылық адам құқығын қорғау саласындағы іс-әрекеті үшін жиі сынап жатады деп жазады «The Main justice».
АЙМАҚТАҒЫ МАҢЫЗДЫ ОДАҚТАС
АҚШ үшін Қазақстанмен қарым-қатынас ерекше маңызды. Әсіресе таяуда ғана көршілес Қырғызстанда оппозиция ел басшысы Құрманбек Бакиевті қуып жіберген соң екі мемлекеттің байлланысы ерекше мәнге ие болып отыр.
Қазақстан үкіметі АҚШ-та өзінің беделін көтеріп, бейнесін түзеу үшін жасырын түрде жұмыс істеп жатыр. АҚШ-тағы адам құқығын қорғау ұйымдары Астананың атына өткір сын айтумен келеді. Таяуда Вашингтонда өткен әлемдік ядролық қауіпсіздік жөніндегі әлемнің 50 елінің басшысын біріктірген саммит кезінде Вашингтон қаласының орталығының өн-бойындағы аутобус аялдамаларында Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген билбордтар самсап ілініп тұрды.
Өткен жазда Қазақстан үкіметі «Policy Impact Communications» фирмасымен құны бір жарым миллион доллар болатын келісім-шартқа отырды. Ол бойынша «Policy Impact Communications» Америка Құрама Штаттарының «беделді» бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан мен оның жетекшісі туралы жарнамалық мақалалар жариялауы тиіс. Сонымен қатар, аталған фирма АҚШ Конгресінің мүшелері арасынан Орталық Азияның достары тобын құрып, Қазақстанға қатысты сыни пікірдегі мақала жариялап жүрген журналистердің іс-әрекетіне шолу жасап отыруы тиіс.
«The Main justice» басылымының тілшісімен бірге сәуірдің 13-күнгі сот отырысына қатысқан, Мәскеуде орналасқан K-Plus LTD тәуелсіз телекомпаниясының тілшісі Алексей Тихонов АҚШ үкіметі аталған сот процесінің аяқталуын тездетуі мүмкін деп санайды.
Ең бір назар аударатын нәрсе – «Қазақгейт» ісіне қатысты АҚШ-тан әбден көңілі қалған Қазақстан басшылығының Қытаймен байланысты дамыта бастауы дейді журналист Алексей Тихонов. «The Main justice» онлайн-басылымы осы тілшінің «қытайлықтар істің рет-жөнін соншама ыждағатпен тексеріп жатпайды. Ал Сингапур мен Гонконг ақшаның ізін жасыру үшін қолайлы аумақ болып табылады» деген сөзін келтіреді.