Accessibility links

Рахат Әлиев лоббистерді Назарбаевқа дем берді деп айыптап, Вашингтонды айқасқа шақырды


Жұмысшылар АҚШ президенті Барак Обаманың инаугурация рәсіміне арналған қалқаны құрастырып жатыр. Вашингтон, 14 қаңтар 2009 ж.
Жұмысшылар АҚШ президенті Барак Обаманың инаугурация рәсіміне арналған қалқаны құрастырып жатыр. Вашингтон, 14 қаңтар 2009 ж.

Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабында екі америкалықтың Қазақстанда жортуыл жасаған кездері сипатталған. Әлиевтің пікірінше, олар Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың тереңдеуіне жағдай жасаған адамдар. Әңгіме кітаптың келесі кейіпкерлері Александр Миртчев пен Джеймс Гиффен жайында болып отыр.

Президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабы енді ағылшын тілінде тағы да жарыққа шығып, екінші рет дүниеге келгендей болды. Ол ағылшын тілді оқырмандарға тек шығыстағы сыбайлас жемқорлықтың айнасы ретінде ғана қызықты болмақ емес.

«Өкіл қайын атада» ақша жасаудың толып жатқан отандық-қазақстандық шеберлерімен бірге Қазақстанға бас пайдасын көздеп келген, арам ақша табудың шетелдік мамандары да бой көрсетеді.

ДЖЕЙМС ГИФФЕННІҢ ХИКАЯСЫ

Джеймс Гиффен Қазақстандағы хикаясын 1991 жылы бүкіл постсоветтік кеңістікті жайлаған «жекешелендіру» (халық байлығын жаппай талапайлауды осылай атады) қарсаңында бастады.

Өз кітабында Рахат Әлиев бұл адамға кеңінен тоқталады. Өйткені, Джеймс Гиффен Қазақстандағы сыбайластық режимнің қалыптасуында өте маңызды рөл атқарды деп есептейді ол. Нұрсұлтан Назарбаев пен Джеймс Гиффеннің арасында байланыс қалай орнағаны Рахат Әлиевтің көз алдында өтті. Ешкім де, соның ішінде америкалықтың өзі де, «Қазақгейт» деп аталатын іске негізгі түрткі дәл осы Гиффен болады-ау деп күткен жоқ.

Джеймс Гиффен соның кесірінен түрмеге түсем деп тіпті ойламаған болар. Нұрсұлтан Назарбаев көп ұзамай оның керек адам екенін сезді. Сөйтіп, Джеймс Гиффен президенттің сырт көзден жасырын тірлік-қарекетіне өте жақын жүретін шетелдіктердің біріне айналды деп санайды Рахат Әлиев.

Бірнеше жылдан соң Америкада пайда болған хабар бомба жарылғандай әсер қалдырып, Америка заңдары бойынша екі адамға – Гиффен мен Назарбаевқа – сотқа тартылып жазалану қаупі төнді. Америка корпорациялары энергия көздеріне қол жеткізу үшін Қазақстанның жоғары билікте отырған шенеуніктеріне мырзалықпен пара бергені анықталды деп жазады Әлиев.

Көп ұзамай Джеймс Гиффен Нұрсұлтан Назарбаевтан аласталды. Бірақ, халықаралық қауымдастықта Қазақстан президентінің атын сыбайластық алаяқтықпен байланыстыра атайтын болды.

Ұлт көсемінің ел ішіндегі беделіне нұқсан келгенімен, қирап қалған жоқ. Оның аты-жөні шетелдерге, әсіресе демократиялық елдерге кіріп-шығуға тыйым салынғандардың тізіміне ену қаупі туды.

Турасын айту керек, жеңіл ақша табуды мақсат еткен шетелдік пысықайлар барлық постсоветтік елдерде әрекет етті. Олардың көпшілігін өтпелі кезеңдегі былық-шылыққа байланысты бұл елдерде бақылаудың жоқтығы қызықтырды. Кейбір пысықтар жан қинап, тер төкпей-ақ мол ақшаға кенелді.

Кейбіреулер ештеңеге ұрынбай, аман-есен құтылып кетті. Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың басын біраз уақыт болса да әуре-сарсаңға салды.

Рахат Әлиевтің жазуынша, ол әйелі Дариға екеуі Нұрсұлтан Назарбаевқа қылмыс үстінде ұсталған алаяқтың ыңғайсыз кейпінен сытылуға көмектескен екен. Құтқарушылар тағы да шетелден, дәл сол Америкадан келді. Әлиевтер Назарбаевты кезекті америкалық лоббист Александр Миртчевпен кездестірді.

НАЗАРБАЕВТЫҢ САРАЙЫНДАҒЫ АЛЕКСАНДР МИРТЧЕВТІҢ РӨЛІ

Бұл байланыс барынша мықты болып, ұзаққа шыдады. Ол осы күнге дейін жалғасып келеді. Александр Миртчев мүмкін емес нәрсені істегендей көрінді. Ол «Қазақгейт» ісін тоқтата білді деп жазады Рахат Әлиев.

Ол бұны қалай жасағыны және оған қанша миллион доллар ақша кеткені әлі күнге дейін жұмбақ болып қалуда. Оның бұл қызметі Қазақстан президентіне жақсы әсер етті. Александр Миртчев кеңесші ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың сарайында осы күнге дейін жасырын, бірақ өте маңызды рөл атқарады деп есептейді Рахат Әлиев.

Миртчев өзінің штабымен бірге сайлау стратегияларын, билікті ұстап тұрудың концепцияларын, Қазақстанның халықаралық саясатының доктриналарын және өзге де маңызды мемлекеттік құжаттарды жазады деген сенімде Рахат Әлиев. Александр Миртчев Назарбаев режимінің ұзақ өмір сүруінің басты идеологиялық құжаттарын жазып қана қоймайды дейді Рахат Әлиев.

Әлиевтің пікірінше, Миртчев бұл режимнің өзіне-өзі тиімді болуының тактикалық детальдары мен нақтылы жолдарын да жасады. Александр Миртчевтің шыққан тегі болгарлық болуы, бұрынғы комсомолдық-партиялық қызметі, оған қоса америкалық білімі мен вашингтондық жұмбақ тәжірибесі Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі қиын-қыстау кезеңдердегі тағдырын шешкендей болды деген сенімде Рахат Әлиев.

МИРТЧЕВТІҢ ТӘУЕКЕЛГЕ БАРУЫ ЖӘНЕ ҚОМАҚТЫ СЫЙЛЫҚ


Рахат Әлиев Джеймс Гиффен мен Александр Миртчевті Қазақстанда орнаған режимде сыбайлас жемқорлықтың тереңдей түсуіне жағдай жасаған адамдардың қатарына жатқызады. Әлиевтің жазғанынан осы қызық қуған екі адамның ұқсас қырларын да, анық айырмашылықтарын да байқауға болады.

Джеймс Гиффен Қазақстанның байлығымен жауапсыздау айналысты. Ақырында соның сазайын тартты.

Александр Миртчев болса Қазақстан президентіне барынша сақ және саяси жағынан сыпайылау серік болып отыр. Миртчевтің игеріп жатқан бизнесі де, Гиффендікі сияқты, екі жақты сипатқа ие болуы мүмкін. Үлкен тәуекелге баруға тура келеді, әйткенмен оған берілетін сыйлық та аса қомақты.

Бірақ ол іске барынша жан-жақты даярланып барып кіріседі. Александр Миртчев қарадүрсін ұрлыққа бой ұрмайды. Рахат Әлиевтің айтқанына сенсек, ол Назарбаевтың жеке билігін ұзартудың барынша шырматылған, күрделі жолдары мен тәсілдерін ұсынады.

Рахат Әлиев бұл шешуі қиын күрмеуді тарқатуға әрекеттенуде және Қазақстанның жасырын өмірімен жақсы таныс ол, Миртчевті де және сол табысты қызмет етіп жатқан Қазақстанның билік машинасын да «ұрлық» үстінде ұстап алуға болатын нақты жайттарды да біледі.

Қазақстанның сыбайластық схемаларына шетелдіктердің қатыстылығын жаза отырып, Рахат Әлиев өзі жауабын таба алмай отырған қарама-қайшылықты нәрселерге назар аударады.

ШЕТЕЛДІКТЕР РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ БЕТІН ҚАЙТАРА МА?

Аты мәлім, атағы дардай шетелдіктер – демократиялық құндылықтар жоғары тұратын еркін әлемнің өкілдері – қазақстандық пысықайлармен біріге отырып елде сыбайлас жемқорлықтың адам көрмеген торын құруға қатысты және әлі де қатысуда.

Мұндай айыптаулар әдетте өте ширақтау көрінетін шетелдіктерді белсенді түрде тойтарыс беріп, қарсы әрекетке шығуға итермелеуі керек еді. Әркім үшін өзінің беделі қымбат емес пе? Бұл адамдар бірінші кезекте Рахат Әлиевтің көзіне көк шыбын үймелетулері тиіс еді. Оның үстіне, табыннан бөлініп қалған Венадағы қазақстандықты жазалау үшін олардың қолдарында ықпал да, тәжірибе де, қаржы көздері де жеткілікті.

«Өкіл қайын ата» кітабы бірнеше айдан бері, енді міне үш тілде, түрлі елдерді кезіп жүр. Ал, Рахат Әлиевке нағыз шабуыл әзірге жасалған емес.

Қазақстан Бас прокуратурасының реакциясын әсерлі әрекет болды деп айту қиындау. Ол қайта кітап пен оның ауторына қосымша жарнама жасап берді. Мүмкін, америкалық лоббистер құпия түрде Рахат Әлиевке әлдебір керемет «сыйлық» дайындап жатқан болар? Алайда, бұл енді көріпкел қашқынның өзі шешетін мәселе.
XS
SM
MD
LG