Қазақстан аумағына құлаған Azerbaijan Airlines жолаушы ұшағында болып, апаттан аман қалған Қырғызстанның үш азаматы Бішкекке жеткізілді.
Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі ұшақ апатынан зардап шеккен Ерлан Жүнісалиев пен Тілек Осмоновтың жағдайы жаман емес, олар ұлттық ауруханада жатыр деп хабарлады. Үшінші қырғыз азаматы Ринат Асановтың жағдайы тұрақты, бірақ ауыр, ол жансақтау бөліміне жатқызылды деді министрлік.
Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі осы елдің Қазақстандағы елшілігі ұшақ апатынан зардап шеккен қырғыз азаматтарына өтемақы төлеу мәселесін пысықтады, "қанша ақша төленетіні тез арада анықталады" деп хабарлады.
Қырғыз елшілігі Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының өкілдерімен өтемақы мәселесі бойынша "байланысып жатыр" деді сыртқы істер мекемесі.
Бұған дейін Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы ұшақ апатынан зардап шеккендерге 20 мың манат (6 млн теңгеден астам), қаза тапқандардың отбасына 40 мың манат (12 млн теңгеден астам) шамасында өтемақы төленеді деп айтқан.
Ұшақ апатынан зардап шеккен Тілек Осмонов Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында, құлаған ұшақтан қалай шыққанын, ауыр жараланған Ринат Асановты басқа жолаушылармен бірге қалай шығарып алғанын айтып берген.
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer Е190 жолаушы ұшағы 25 желтоқсанда Ақтау маңына құлады. Әуекомпаниясы мен ресми орындар таратқан ақпаратта, Бакуден ұшып барған ұшақты Грозный әуежайы қабылдамай, әуелі Махачқалаға бұрған, кейін ұшақ Ақтау қаласына бет алған, Каспий теңізі үстінде ол төтенше жағдайға тап болғаны жөнінде белгі берген деп айтылды.
Ұшақта 62 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Олардың арасында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей азаматтары бар. Ұшақ апатынан қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның азаматы.
Ұшақ апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды, үкімет комиссиясы құрылды. Azerbaijan Airlines алдын ала тергеу мәліметіне сүйеніп, апатқа дейін ұшаққа "сырт жақтан физикалық және техникалық әсер" болған деп хабарлады. Бастапқыда ұшаққа "бір топ құс соғылған", "ұшақтағы оттегі балоны жарылған" деген болжамдар барын айтқан Ресей ресми тергеу аяқталғанға дейін долбар жасамауға үндеген.
29 желтоқсанда AzTV телеарнасына Ақтаудағы ұшақ апаты жөнінде берген сұхбатында Әзербайжан президенті Илхам Әлиев "Ресей жағы мәселені жасырғысы келеді және бұл ешкімге абырой әперетін нәрсе емес" деді.
"Әрине, түпкілікті қорытынды қара жәшік ашылғаннан кейін белгілі болды. Бірақ алғашқы нұсқалардың өзі жеткілікті дәрежеде негізделген және фактілерге сүйеніп жасалған. Азаматтық ұшақ Ресей аумағында, Грозный қаласының маңында сырттан зақымданып, іс жүзінде басқарудан айырылған. Біз сонымен бірге ұшақты радиоэлектронды күрес құралдары арқылы басқара алмайтындай жағдайға жеткізгенін де білеміз. Бұл ұшаққа келтірілген алғашқы зақым", – деді Әлиев.
Қазақстан – Чикаго конвенциясын 1992 жылы ратификациялады әрі халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) мүшесі.
Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеу жөніндегі комиссия осы құжат негізінде және ИКАО ұсыныстары бойынша, Әзербайжан мен Ресейдегі авиация саласының өкілдерімен кеңесіп, қара жәшіктерді Бразилиядағы авиация оқиғаларын тергеу орталығына (CENIPA) жіберуді ұйғарған. Embraer жолаушы ұшағы Бразилияда жасалады.
ПІКІРЛЕР