Accessibility links

Еуропа Одағының басшылығына келген Херман ван Ромпей мен Кэтрин Эштон кім?


Брюссель: Бельгия премьер-министрі Херман ван Ромпей(сол жақта) пен ЕО сауда істер комиссионері, британиялық Кэтрин Эштон Еуропа Одағының саммитінен кейінгі баспасөз мәслихатында. 19 қараша. 2009 жыл
Брюссель: Бельгия премьер-министрі Херман ван Ромпей(сол жақта) пен ЕО сауда істер комиссионері, британиялық Кэтрин Эштон Еуропа Одағының саммитінен кейінгі баспасөз мәслихатында. 19 қараша. 2009 жыл

Еуропа Одағы жаңа құрылған басшылық қызметіне онша танымал емес екі адамды тағайындады. Бельгия премьер-министрі Херман ван Ромпей қаңтардың 1-інен бастап Еуропа Одағының алғашқы президенті қызметіне кіріседі. Ал ЕуроОдақтың сауда істері комиссионері британиялық Кэтрин Эштон одақтың сыртқы саясат басшысы болды. Бірақ Эштонға әлі Еуропа парламенті дауыс беруі керек.

Еуропа Одағы бейсенбі күні кешкісін одақтың жаңа құрылған басшылық лауазымдарына кеңінен танылмаған екі бірдей адамды атады.

Біріншісі бельгиялық премьер-министр Херман ван Ромпей Еуропа Одағының жаңа сайланған президенті болды. Жапон тілінде өлең шығарып, жаратушы тақырыбында блог жазып жүрген жұмсақ тілді технократ ван Ромпей қарапайым өмір сүруді қалайды.

Фламанд Христиан демократиялық партиясының мүшесі ван Ромпей халықаралық аренада танымал тұлға емес. Осыған байланысты еуропалық жетекшілер оның Еуропа Одағының бірінші толыққанды президенті болғанын қалады. Ол ЕуроОдақ жетекшілерінің кездесулеріне төрағалық етеді.

Бейсенбі күні кешкісін өзінің қабылдау мәлімдемесінде ван Ромпей қақтығыстарға жол бермей, ымыраға келуге тырысып келе жатқан Еуропа Одағына мүше барлық елдерді сыйлауға уәде берді.

«Еуропалық Кеңестің сайланған президенті ретінде мен әрбір адамды ыждаһатты түрде тыңдайтын боламын. Мен біздің ойларымыздың әркім үшін жемісі болуын қамтамасыз етемін».

Еуропалық жетекшілер көбірек даулы әрі халықаралық тұрғыда өте танымал тұлғалар Британияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр, Голландия премьері Ян Петер Балкененде және Люксембург премьер-министрі Жан-Клод Юнкерлердің кандидатурасы бойынша мәмілеге келе алмаған соң, бұл қызметке ван Ромпейді бірауыздан таңдады.

Оның алдында ван Ромпей өзінің Еуропа Одағындағы бұл лауазымға қызықпағанын айтып, еуропалық ресмилердің оған бұл қызметті ұсынуына келісім берді.

Халықаралық сахнада әлі таныла қоймаған тұлға болғанымен, ван Ромпей Бельгия саясаткерлерін біріктіру мен арағайындық істерімен көзге түсіп келген.

Брюсселде дүниеге келген ол Бельгия астанасынан сырт жерде тұрады. Бельгияның француз тілді және фламанд қауымдастықтары оған тірек болып келген.

Сарапшылар ван Ромпейдің Еуропа Одағына президент болып өсуін оның бельгиялық саясаткер ретінде көтерілуімен бірдей сәйкестік деп біледі. Оны Бельгия премьер-министрі қызметіне 2008 жылдың желтоқсанында Альберт II-ші патша ұсынған.

4 баланың әкесі, 62 жасар Ромпей мамандығы бойынша экономист әрі 1972-1975 жылдары саясатқа араласпас бұрын Бельгияның орталық банкінде жұмыс істеген.

Ол 1993-1999 жылдары Бельгияның бюджет министрі болған кезінде елдің қарызын азайтуға атсалысып, айтарлықтай беделге ие болған.

Енді ол Еуропалық Кеңестің президенті ретінде кемінде екі мәрте 2,5 жылдан қызмет ете алады.

КЭТРИН ЭШТОН КІМ?

Еуропа Одағының бейсенбі күнгі екінші тағайындауы британиялық Кэтрин Эштонға бұйырды. Ол одақтың жаңа сыртқы саясат басшысы қызметін атқарады. Бұл климаттың жылынуы, сауда қауіпсіздігі және террорға қарсы операцияларға қатысты еуропалық мүдделерді алға тартатын қызметке де аса танымал емес тұлға сайланып отыр.

Эштонның саяси аренадағы тәжірибесі оның Еуропа Одағының сауда комиссионері ретінде өткен жылдағы жұмысымен ғана шектеледі.

Эштонның лауазымын әлі еуропалық парламент бекітуі тиіс. Бейсенбі күні ол өзінің күтпеген жерден тағайындалуын қорғаштап сөйледі. Ол өзінің сыртқы саясатта біраз тәжірибесі бар екенін алға тартып, сол сияқты бұл қызмет үшін қажетті дипломатиялық және келіссөз жүргізу қабілетінінің бар екенін айтты.

Сонымен қатар Эштон еуропалық саясаттағы үлесі жеткіліксіз адамға Еуропа Одағының сыртқы саясат басшысы қызметі берілді деп өзіне қатысты сын айтқандарды тыныштандыруға тырысты.

«Маған осы кеште Қытай мен Құрама Штаттар сынды елдерден келіп түскен қоңырауларға қарағанда біздің көп елдермен мықты байланысымыз бар. Менің тәжірибем өзін көрсете алады деп сенемін. Мен өзімшіл адаммын ба? Меніңше олай емес. Мен әрдайым алдыңғы жақтан көрініп, бірдеңе айтуға тырысам ба? Жоқ, олай жасамаймын. Мені жасаған ісім бойынша бағалаңыздар. Мен сіздердің көңілдеріңізден шығамын деп ойлаймын».

Британияның Еңбекшілер партиясының мүшесі Кэтрин Эштон саяси шеңберде ешқашан қоғамдық қызметке сайланбастан өскен.
Бірақ оның әлеуметтік жұмыскер әрі денсаулық және білім саласында жетекші ретіндегі тәжірибесі жетерлік.

1956 жылы Ұлыбританиядағы Ливерпулдің солтүстік-шығысындағы Ланкашир ауылында дүниеге келген Эштон 1977 жылы Лондон университетінің социология мамандығын бітірген.

Ол өзінің саяси қызметін Британиядағы ядролық қарусыздану науқанынан бастаған. Ақырында ол сол ұйымның ұлттық қазына өкілі болып сайланған. Кэтрин Эштон 1983 жылы Британияның әлеуметтік жұмыс жаттығулары кеңесіне де жұмыс істеді.

1983 жылдан 1989 жылға дейін Эштон өз аймағындағы жергілікті компаниялармен жұмыс істеді.

1998-2001 жылдары жергілікті денсаулық сақтау саласында қызмет етті.

Кэтрин Эштонның Британия ұлттық саясатындағы мансабы 2001 жылы елдің білім министрі және конституциялық істер мен әділет департаменті саласынан бастау алды.

Ол 2006 жылы Британия патшайымының кеңесшілер басқармасына мүше болып, ант қабылдаған.

Эштонның бір ұл, бір қызы және үш өгей баласы бар. Оның күйеуі BBC-дің бұрынғы саяси сарапшысы Питер Келлнер YouGov дауыс беру ұйымының президенті болып табылады.

Эштонның кандидатурасын Еуропарламент мақұлдаған жағдайда, ол ЕуроОдақтың сыртқы саясат басшысы болып бес жыл қызмет етеді.
XS
SM
MD
LG