Accessibility links

Жәмила Жәкішева өз күйеуінің құқын енді қоғамдық ұйым құрып қорғамақшы


Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмила Жәкішева баспасөз мәслихатында. Алматы, 22 шілде 2009 жыл.
Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмила Жәкішева баспасөз мәслихатында. Алматы, 22 шілде 2009 жыл.

Шілденің 22-сінде өткен баспасөз жиынында Ж.Жәкішева: «Мен расында да күйеуімнің мүддесін қорғайтын қоғамдық бірлестік құруды көздеп отырмын» деп мәлімдеді. Ал халықаралық құқық қорғаушылар М.Жәкішев төңірегінде болып жатқан жайтты «психологиялық қысым» деп бағалап отыр.

«ӘБЛЯЗОВ МҮМКІНДІГІНШЕ КӨМЕКТЕСЕТІНІН АЙТТЫ»

Кеше ғана Лондоннан оралған Жәмила Жәкішева шілденің 22-і күні Алматыда БАҚ өкілдеріне өзінің Еуропаға (Вена мен Лондон) сапарында тындырған істері жайында баяндады.

Батыстың бірқатар БАҚ өкілдерімен және тәуелсіз сарапшыларымен кездескен ол күйеуі Мұхтар Жәкішевтің ісі Қазақстанда көптеген заң бұзушылықтармен жүріп жатқандығын жеткізген.

- Өзіміздің елде біз берген арыз-шағымдардан айтарлықтай ілгерілеу болмаған соң, мен шетелге баруға мәжбүр болдым. Ондағы мақсатым – «Казатомпром» ісінің ашық әрі әділ жүргізілуі мен тергеу барысында менің күйеуімнің барлық құқы қорғалуына қол жеткізу еді, – дейді Жәмила Жәкішева.

Мұхтар Жәкішевтің қамауда жатқанына 2 айға жуықтағанына қарамастан ол әлі өзінің отбасымен, адвокаттарымен кездесе алмай отыр. Оны қамауда ұстап отырған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері бұны «осы істің мемлекеттік құпиялылығына байланысты» деп түсіндіреді.

Осы жолғы Еуропада Жәмила Жәкішева Мұхтар Әблязовпен кездесіп, қамауда отырған күйеуі туралы әңгімелескендігін айтып берді.

- Иә, мен М.Әблязовпен кездестім, ол өз кезегінде реті келсе кез-келген көмек көрсетуге дайын екендігін айтты. Алайда мен сіздерге ол көмектің қандай және қашан болатындығы жайында дәл қазір ашып ештеңе айта алмаймын, – деді Ж.Жәкішева.

«ЖӘКІШЕВКЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫСЫМ КӨРСЕТІП ЖАТЫР»

Ресми құжаттарда «Казатомпром» ісі мейлінше ашық әрі барлық заңдылықтар сақталып жүргізіліп жатқандығы жазылған. Алайда шын мәнісінде олай емес дейді Жәмила Жәкішева.

- Венада мен көптеген БАҚ және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездестім. Оларға барлық жағдайды баяндадым. Шетелдің құқық қорғаушы ұйымдары үшін азаматқа өзін-өзі қорғауға мүмкіндік бермеу – нонсенс болып есептелінеді. Ал қазіргі таңда Мұхтардың туған-туыстарымен және сыртқы әлеммен ешқандай байланыста болмауын олар психологиялық қысым ретінде бағалап отыр.

Адам құқығын қорғау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис баспасөз мәслихатында. Алматы, 22 шілде 2009 жыл.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис қамауда отырған Мұхтар Жәкішевке отбасы мүшелерімен кездесуіне заңды түрде рұқсат берілгенімен ҰҚК өкілдері оны ешкіммен жолықтырмай отырғанын сөз қылды.

- 1999 жылдан бері Қазақстанда қамауда отырған күдіктіге немесе айыпталушыға қатысты заң бар. Ол құжаттың негізінде, кез келген айыпталушыға қамауда отырған жеріне қарамастан ең кем дегенде айына 2 рет 3 сағаттан кездесуге рұқсат етілген. Осыған сәйкес Жәмила 12 сағатқа өз күйеуімен кездесуге құқылы.

«СОНДА, МЕНІҢ КҮЙЕУІМ ЖАЛАҢ АЯҚ ЖҮР МЕ?»

Шілденің 21-інде «Время» газеті екі айдан бері Астанадағы ҰҚК-нің тергеу изоляторында жатқан «Казатомпромның» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің басылым тілшісіне берген сұхбатын жариялаған болатын.

«Мені ақпарат алуға мүмкіндіктің жоқтығы қиналтып отыр, отбасым жалдаған адвокаттардың қылмыстық іске қатыстырылмағаны да ойлантады. Тергеуде қорғаушы ретінде Берік Имашевты шақырғым келгенін жазған едім, оған жауап берілген жоқ. 3-ші шілде күні маған жала жапқан Татьяна Квятковскаяны сотқа бер деп Данияр Қанафинге хат жазып едім, оның да не болып жатқанынан хабарсызбын. Егер сот әділ өтетін болса, менің еш алаңым жоқ», - деген Мұхтар Жәкішев сұхбатында.

Сәрсенбі күні ҰҚК «Казатомпромның» экс-президенті М.Жәкішевтің сенатор Берік Имашевқа қорғаушы болуы туралы өтінішінің келгендігін растады. Алайда сенатордың өзі бұл өтінішке әзірге жауап бермей отыр.

Жәмила Жәкішева бұл сұхбатты шетелде пайда болған қоғамдық пікірге ҰҚК-нің жауабы ретінде бағалап отыр. Оның пікірінше, бұл сұхбаттан кейін түсініксіз жайттар одан бетер көбейген.

- Ең алдымен менің түсінбейтінім, «құпия» деген желеумен ешкімді жолықтырмай отырған менің күйеуіммен неге журналистер кездесе алады? Сонда мен еріммен кездесу үшін ақпарат құралдарының біріне штаттан тыс тілші болып қызметке алынуым керек шығар. Ендігі бір жайт, сұхбатта Мұхтар 45 өлшемді аяқкиім сұратқанына қатысты оны қасындағы көршісіне бола алдырғанын айтқан. Егер олай болса, онда ол өзі аяғына не киіп жүр? Себебі, мен оған аяқ киімді беріп жібергеннен кейін маған оның ескі аяқ киімін қайтарып берген болатын, сонда Мұхтар жалаң аяқ жүр ме? - дейді Жәмила Жәкішева.

ТАТЬЯНА КВЯТКОВСКАЯ: МҰХТАР ЖӘКІШЕВ АҚТАЛҒАНДА ҒАНА МЕНІ СОТҚА БЕРЕ АЛАДЫ

Ал парламенттің экс-депутаты, президентшіл «Нұр Отан» партиясының мүшесі Татьяна Квятковская Мұхтар Жәкішевтің өзіне қатысты айтқанына Азаттық тілшісіне төмендегідей жауап қайтарды:

- Мені сотқа беру Мұхтар Жәкішевтің өз ісі. Бірақ ол өзінің ісі аяқталмай жатып, мені қалай сотқа бермек - осы жері маған түсініксіз. Тергеу бітіп, ақтауға үкім шығарылғаннан кейін сотқа бере берсін. Бас прокуратурадан менің деректерімнің расталғаны туралы жауап алдым, менің жұмысым бітті, әрі қарай менің бұған қатысым жоқ.

АДВОКАТ ҚАНАФИННІҢ ЛИЦЕНЗИЯСЫ ӨЗІНДЕ ҚАЛАТЫН БОЛДЫ

Сәрсенбі күні Алматының адвокаттар алқасы адвокат Данияр Қанафиннің лицензиясын өзінде қалдыру туралы шешім қабылдады. Осыған дейін ҰҚК «Казатомпром» ісі бойынша жедел тергеу тобының жетекшісі Владимир Петровский адвокат Д.Қанафинді «тұрғындар және әлемдік
Данияр Қанафин, Мұхтар Жәкішевтің адвокаты.
қауымдастық алдында мемлекеттік органдар мен ҚР қолданыстағы заңдарының беделін түсірді деп айыптап, адвокаттар алқасына Данияр Қанафиннің адвокаттық лицензиясының күшін жою туралы ұсыныс жасаған болатын.

Адвокат Данияр Қанафин болса елдегі ҰҚК қызметкерлері заң талаптарын бұзып отыр деп мәлімдеп, өзінің қорғауындағы Мұхтар Жәкішевке жолығуға рұқсат бермеген ҰҚК тергеушілерінің ісіне наразылық білдірген еді.

Елдегі бірқатар сарапшылар, «Казатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің тұтқындалуының саяси себебі бар деген пікір білдіреді. Мәселен, Саясаттанушы Досым Сәтпаев Мұхтар Жәкішев шетелге кеткен бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовпен жақсы қарым-қатынаста болғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтқан-ды.
XS
SM
MD
LG