«70 ПАЙЫЗ АЙМАҚТЫҚ КОЭФФИЦИЕНТТІ БҰЛДАУДЫҢ ҚАЖЕТІ ШАМАЛЫ»
Жұмысшыларды көлікпен алып кететін автобекетке жиналған мұнайшылар наурыздың 4-нен бері тарқамай отыр. «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының «Мұнайгаз өндіру басқармасы-3» операторы Естай Қарашаевтың айтуынша, автобекетті полиция қызметкерлері айналдыра қоршап алған. Жұмысшылардың арасында бірге жүрген «Қазмұнайгаздың» арнайы жұмыс киімін киген құқық қорғау органдары қызметкерлері жағдайды тікелей бақылауда ұстап отыр деп хабарлады ол Азаттық тілшісіне.
Мұнайшылар талап еткен экологиялық зардап үшін берілуге тиісті аймақтық коэффициент өзгеріссіз қалғанымен бұл наразылық білдірушілердің көңілін көншіте қойған жоқ. Өйткені, аймақтық коэффициент міндетті төлем деп түсіндіреді «Жөндеу» ЖШС кәспіодақ
«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жұмысшылары жұмысты тоқтатып ереуілге шықты. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы. 4 наурыз 2010 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
ұйымының төрағасы Ыхылас Шаңгереев. Себебі, Жаңаөзеннің экологиялық ахуалын сөзбен жеткізуге келмейді.- Жаңаөзенде ешнәрсе өспейді. Мұнда барлық заттар тек шеттен тасымалданады. Жаздың 50 градус аптабын, қыстың боранды аязы мен қаладан бір жарым ғана шақырым жерден басталатын, кейбірі алаң ашық жатқан мұнай ұңғымаларын ескерсе, 70 пайыз аймақтық коэффиценті бұлдаудың қажеті шамалы. Жұмысшылар бұл әңгіме енді көтерілмеу үшін оны заңдастыруды және 2009 жылдан бері берілмей келе жатқан 1,8 «салалық» коэффициенті де талап етіп отыр, - дейді ол.
Сондықтан мұнайшылар «Қазмұнайгаз» ҰК президенті Қайыргелді Қабылдин мен Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың атына ашық хат жазып отырғандарын айтады. Бұл ашық хатта Қазақстан президентінің кезекті жолдауында көрсетілген адамдардың өмірінің сапасын арттыру жайлы нұсқаулардың көзге ілінбей отырғанына сілтеме жасалған екен.
Олар мұнайшылардың құқығын таптаған «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру акционерлік қоғамы мен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы басшыларын кінәлі деп санайтындықтарын айтқан. Сол себепті «Өзенмұнайгазға» оның 1997 жылғы акционерлік қоғам мәртебесін қайтарып беруді сұрап отыр. Оның үстіне «Қазмұнайгаз» Ұлттық Компаниясы құрамына тікелей қарасақ жағдайымыз жақсарады деп санайтындықтарын да жасырмайды.
Бұған дейін наурыздың 6-сында «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру акционерлік қоғамының баспасөз қызметі «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жайлы ресми ақпарат таратқан еді. Онда «Жұмысшылар талап етіп отырған аймақтық коэффицентті бөлек төлеу Қазақстан заңдарында қарастырылмаған. Сондықтан ол жалақыға қосылғанымен, жұмысшылардың орташа жылдық табысы 1-3 пайызға артқан» деген түсініктеме берілген.
«ӨЗЕНМҰНАЙГАЗ» АКЦИЯЛАРЫ ЛОНДОН БИРЖАСЫНА ШЫҒАРЫЛҒАН
Бұдан бөлек соңғы кезде ел арасына тарап кеткен «Өзенмұнайгаз» акцияларының бір бөлігі Қытайға сатылған деген қауесет те ел көңілін алаңдатулы деп баяндайды жұмысшылар.
Оператор Естай Қарашаевтың сөзіне сүйенсек, жергілікті «Ақтау-Өзен» телеарнасынан «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы директоры
«Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының ереуілі. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы. 4 наурыз 2010 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Б.Бисекен ресми мәлімдеме жасап, компания акциясының Қытайға сатылатын жайлы ақпардың қаңқу сөз екенін айтқан. Ол Қайыргелді Қабылдиннің қолы қойылып, мөр басылған қағазды көрсетіп, «Өзенмұнайгаз» акциясының 67 пайызы ұлттық компания иелігінде, ал 37 пайызы Лондон қор биржасына шығарылғанын түсіндірген.«Бірақ оны қытайлықтар ала ма, басқа ала ма біз оған кепілдік бере алмаймыз. Сондықтан компания акциясы Қытайға сатылады деген арандатуға сенбеңдер» дегенмен оған мұнайшылар күмәнданып отыр дейді Естай Қарашаев.
Оның сөзін мақұлдаған «Жөндеу» ЖШС кәсіподақ ұйымы төрағасы Ықылас Шаңгереев те бұл қағазға сену күмәнді дегенді айтады. Егер онда айтылғандар рас болса, «Қазмұнайгаз» ҰК президенті Қайыргелді Қабылдин мен Маңғыстау әкімі Қырымбек Көшербаев неге халықпен жүздесуге келмейді дейді ол.
- Облыс әкімі Қ.Көшербаев былтырғы қарашада мұнайшылар аштық жариялағанда да төбе көрсеткен жоқ. Осы жолы да ат ізін салмай отыр. Тіпті, мұнайшыларды «бүлікшілер» деп, оларды жазалу жөнінде әңгіме қозғап отырғанын теледидардан естідік, - деді Ықылас Шаңгереев.
Жұмысшылардың хабарлауынша, билік олардың сөзіне құлақ асудың орынына ереуілді ұйымдастырушыларды жазалаудың жолын қарастыруда. Қазірдің өзінде М.Дүйсенбаев, А.Жайдақов, Т.Сақтағанов, Н.Әжіғалиева, З.Байбосынова есімді мұнайшы, операторлардың сотқа шақырылғаны белгілі болып отыр. Бірақ жұмысшылардың айтуынша бұл ереуілдің нақты ұйымдастырушысы жоқ. Ол стихиялы түрде басталған наразылық.
«АКЦИЯЛАРДЫ ҚЫТАЙЛЫҚТАРДЫҢ ИЕЛЕНУІ ӘБДЕН МҮМКІН»
Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Сәдуақас Құрманов «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру АҚ акцияларының Лондон қор биржасына шығарылғаны жайлы 2006 жылы «Қазмұнайгаздың» ҰК вице-президенті болған Жақсыбек Құлекеевтің ресми жариялағанын еске алады. Ал бұл акцияны қытайлардың иеленуі әбден мүмкін, өйткені олар кез-келген нәрсені алуға дайын тұр дейді академик.
Сәдуақас Құрмановтың айтуынша, «Өзенмұнайгаз» кен орыны ашылған 1960 жылдардың басында-ақ кеңестік үкіметті таң қалдырған. Жалпы аумағы 40 шақырымды алып жатқан кенішті көргендер «сұлу, өзен десе өзен» деп сүйсінген дейді. Оның бастапқы жылдарда берген өнімі 18 миллион тоннаға дейін жеткен. Бірақ, өкінішке қарай, Өзен кенішін бей-берекет пайдалану салдарынан 1990 жылдардың басында оның өнімділігі 2 миллион тоннаға дейін төмендеген, сол себепті ол «Маңғыстаумұнайгазға» тиімсіз, масыл объектіге айналды, сондықтан оны бөлек шығарды дейді ғалым.
- Кеніш ашылған жылдары мен министрлікте қызметте болдым. Ғалымдар оны өте нәзік кен орыны деп бағалап, қабат қысымын бақылауда ұстап, сулануға жол бермеу керектігін ескерткен. 1993 жылдардан бастап Өзенмұнайгаз сәл қалпына келтірілгенмен, әлі күнге оның өндірілген мұнайы сол баяғы 18 миллионға жеткен жоқ. Қазір менің есебіммен 6 миллион шамасында, - дейді Садуақас Құрманов.
МҰНАЙШЫЛАР ӨЗДЕРІН ЖАҢАӨЗЕН ТҰРҒЫНДАРЫ ҚОЛДАП ОТЫР ДЕЙДІ
Сондай-ақ «Мұнайгаз өндіру басқармасы-3» операторы Естай Қарашаев жаңөзендік тұрғындардың да өздеріне қолдау танытып отырғанын айтып отыр. Оның мәлімдеуінше студенттер «біз болашақ мұнайшылармыз,алдағы тағдырымызға алаңдаймыз» деп өздерінің де қосылатындарын хабарлаған. Қаладағы басқа бюдежттік мекеме қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер де жұмысшылар талабын қуаттайтындықтарын білдірген дейді ол.
Сол себепті жұмысшылар «Қазмұнайгаз» ҰК президенті Қ.Қабылдин, «Самұрық - Қазына қоры» АҚ өкілі, парламент депутатарының бірі және облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Ақтаудағы тәуелсіз кәсіподақ төрағасы М.Үмбетов келіп мәміле жасалмай тарқамайтындықтарын жария етуде.
«Жөндеу» серіктестігі кәсіподақ комитеті төрағасы Ықылас Шаңгереев жұмысшылардың бұған дейін болған бірнеше наразылықтары ескеріліп, қала әкіміне «Ымыраласу комитеті» дегенді құруды ұсынғандарын айтады.
ӘКІМ ДҰРЫС ТҮСІНБЕЙ ҚАЛАДЫ ДЕП ТЕЛЕФОНМЕН ТҮК АЙТПАЙДЫ
«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының директоры Бақтығали Бисекенді телефон арқылы іздегенімізбен таба алмадық. Ал Маңғыстау облысы әкімдігінде наурыздың 8-інде кезекшілікте отырған ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Қуаныш Берісбаев Жаңөзенде мұнайшылар мәселесімен айналысатын арнайы штабтың құрылғанын мәлімдеді.
Оны облыс әкімінің орынбасары Амангелді Айтқұлов басқарып отыр деді ол. Алайда бұл штабты Жаңаөзеннен сұрастырып таба алмадық. Қала әкімі Орақ Сарыбөпеев штабтың Ақтауда жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Жаңаөзендегі жағдай туралы сұрағанымызда:
- Мен телефонмен ешнәрсе айтпаймын. Егер сіз мұнда келсеңіз сөйлесуге болар еді. Мен саясатпен айналыспаған, өндірістің адамымын. Сондықтан менің сөзімді әркім әртүрлі түсінуі мүмкін. Ал өзім әкім ретінде мұнайшылардың алдына екі-үш рет барғаныммен, олар көнбей отыр, - деп жауап берді Орақ Сарыбөпеев.
Ал «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру акционерлік қоғамының баспасөз мәлімдемесіне сүйенсек «Өзенмұнайгаз» өндірістік филалындағы ереуілдің салдарынан мұнай өндіру көлемі 1 пайызға төмендеген. Қазір «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру акционерлік қоғамы басшылығы «Өзенмұнайгаз» өндірістік ӨМГ ахуалды жақсартудың шұғыл шараларын қарастырып жатыр.
Естеріңізге сала кесек, жаңаөзендік мұнайшылар ереуілі наурыздың 1-нен басталған еді. Олар өз талаптарына көңіл аударту мақсатында наурыздың 1-2-күндері жұмысты бір сағатқа тоқтатқан.
Мұнайшылар басты талап ретінде еңбекақыдан бөлек төленетін аймақтық коэффициентті сақтап қалуды, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы басшысы мен оның орынбасарының және кәсіподақ төрағасының орнынан кетуін талап етіп, 1,8 салалық коэффициентін төленуін сұраған болатын. Мұндай наразылықтар былтырғы жылы да бірнеше мәрте қайталанып, өткен қарашада бір топ жұмысшылар аштық та жариялаған еді.
P.S. Наурыздың 9-күні Азаттық тілшісіне хабарласқан Жаңаөзендік жұмысшылар, ереуілге қатысқан 21 адам сотқа шақырту алғанын және билік орындары оларды рұқсат етілмеген шеруге шықты, соны ұйымдастырды деп кінәлап әкімшілік жазаға тартпақ болып жатыр деп хабарлады. Олардың арасында «Жөндеу» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы Ықылас Шаңгереев те бар. Қалғандары түсінік-жауап беруге алып кеткен жұмысшыларға шығарылатын шешімді күтіп отыр. Жұмысшылар өздерінің қойған талабынан қайтпайтындарын айтады. Бұл жолы сотқа шақырту алған адамдардың барлығы былтыр қараша айында Жаңаөзенде болған жұмысшылар наразылығы кезінде құрылған ымыраласу комиссиясының құрамына кіргендер деп хабарлайды жұмысшылар.
Ал «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшыларының ереуілін заңсыз деп табу жөнінде сотқа талап арыз түсірді деп компанияның баспасөз қызметі хабарлағаны жөнінде сейсенбі күні ҚазТАГ агенттігі хабар таратты. Бірақ онда арыздың нақты қай сотқа берілгені турасында айтылмаған.
«Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының деректері бойынша, 4-8 наурыз аралығында «Өзенмұнайгаздың» 1,5 -3 мыңға дейінгі жұмысшысы жұмысқа шықпаған. Ал кәсіпорынның инженер-техникалық және кезекші қызметкерлері жұмыс орындарында өнім өндіру процесінің тоқтамауын қамтамасыз етіп жатыр деп жазылған баспасөз баянында.